Таным • Бүгін, 09:35

Кредитті 5 жылға шегеруге бола ма?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңгер Рауан Есберген жауабы:

Кредитті 5 жылға шегеруге бола ма?

– Кейінгі кезде халық арасында осы сауал жиі қойылып жүр. Кейбірі мұны банк беретін жеңілдік деп ойлайды. Шын мәнінде жағдай мүлде басқаша. Халық арасында айтылып жүрген 5 жылдық шегеру – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Бұл рәсім сот арқылы бекітіледі. Яғни заң бойынша рәсімделеді. Ең маңыз­дысы, банк клиентке 5 жыл деп міндетті түрде жеңіл­дік бер­мейді. Заңда банк сондай шегерім жасауға тиіс деген талап жоқ. Сол себепті адамдардың көбінің өтініші банк тарапынан ескерілмей жатады. Ал сот бекіткен рәсім мүлде басқа деңгейде жұмыс істейді. Бұл рәсім бекіген соң қарызы бар адам бес жылға бөлу арқылы қа­рызын жоспарлы түрде төлей алады.

Осы рәсімнің артықшылық­тарын қарапайым тілмен түсін­дірейін. Бірінші артық­шылығы, есепшот жабылмайды. Айлық түгел түседі. Кар­та да ешқандай шектеусіз жұмыс істейді. Kaspi.kz болсын, басқа банк картасы болсын бәрі қолданылады. Екінші артықшылығы, рәсім жүріп жатқан кезеңде ешкім сотқа бере алмайды. Қарыз­ды өндіру үшін банк те, кол­лек­тор да шағымданбайды. Үшінші артықшылығы, сот орын­дау­шыға іс өтпейді. Бұл – үлкен жеңілдік. Себебі сот орындаушы адам­ды тығырыққа тірейді. Жала­қыдан ұстайды, шотты бұғаттайды, мүлікке тыйы­м салады. Ал бұл рәсім кезінде ондай әрекеттердің ешбірі болмайды. Тағы бір маңызды нәрсе 3 пайыздық шығын төлемейсіз. Сот ар­қылы шығып кететін қо­сымша шығындар болмайды. Келесі артықшылығы, қарыз сомасы өсіп кетпейді. Көп адам қарыз­дың үстіне қа­рыз қосылып, шексіз көбейіп кеткенін көріп мазасыздана­ды. Ал мұнда 5 жылға беріл­ген жос­пар бойынша қанша төлейсің деп көрсетілсе, сол сома ғана төленеді. Үстіне өсім қосылмайды.

Рәсім сотта қаралып жат­қан кездің өзінде де, сіздің шо-т­ыңыз ашық болады. Шетелге шығуға тыйым салынбайды. Мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл норманы заңның 22-бабы бекітеді.

Өз тәжірибемде талай адам­ның осы рәсім арқылы қай­та мүмкіндік алғанын көрдім. Бұ­рын қарыз­дан қашып, теле­фонын өшіріп жүретін адам­дар осы рәсім арқылы заң­ды жолға шықты. Қарызын жос­парлап төлей бас­тады.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар