Статистикалық дерекке сүйенсек, елімізде мүгедектігі бар 743,9 мың адам тұрады, яғни халықтың 3,7%-ы. Олардың ішінде 375,2 мың азамат еңбекке қабілетті жаста. Әлеуметтік кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарына жібермейді. Керісінше, жұмысшылардың жалпы санының (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) 2-4%-ына дейінгі көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. Биылғы үшінші тоқсанда квота бөлу арқылы мүгедектігі бар 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына да қатысады. Биылғы 1 қарашаға дейін тұрақты жұмысқа – 4,8 мың, жастар практикасына – 538, әлеуметтік жұмыс орындарына – 538, қоғамдық жұмыстарға – 5,7 мың, «Күміс жас» жобасымен – 758, «Алғашқы жұмыс орнына» – 120, «Ұрпақтар келісімшарты» аясында 9 адам жұмысқа орналастырылды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 277 адам білімін шыңдаса, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 4,5 мың мүгедектігі бар азамат меңгерген. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өз бизнесін ашуға 400 АЕК-ке дейінгі (1,6 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Жеке кәсібін ашамын деген 1,4 мың мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болды.
2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибе негізінде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы жұмыс орнын ашудың шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Биыл осындай 87 арнайы жұмыс орны құрылды.