Елімізде білім мен ғылымның дамуы тек жаңа ұғымдарды енгізумен шектелмейді, сонымен қатар сол ұғымдарды түсінікті әрі жүйелі түрде ұсынуды талап етеді. Қазіргі кезде математика білімін жетілдіруде терминологияның бірізділігі ерекше маңызды болып отыр. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, PhD Рима Ерғалиқызы математика терминдері жүйесін жасауда нейрожүйелерді қолданудың ерекшеліктері мен тиімділігін зерттеген. Оның айтуынша, бүгінгі күні математика ұғымдарының мағыналық байланыстарын түсіну үшін заманауи нейрожүйелерді қолданысқа енгізу қажет. Бұл жүйелер формулалар мен символдарды өңдеп, олардың бір-бірімен байланысын анықтауға мүмкіндік береді. «Мысалы, кейбір платформалар терминдерді семантикалық тұрғыда таниды, олардың мағынасын түсіндіреді, графиктер арқылы есептерді бейнелеп бере алады. Сонымен қатар терминдер арасындағы байланыс, туынды мен функция сияқты ұғымдар графикалық түрде бейнеленіп, математикалық құрылымның логикасы көрініс табады. Сонда математика ғылымын оқытуды жеңілдетіп қана қоймай, терминологияны нақты, түсінікті әрі қолжетімді ете аламыз», дейді ол.
Ал Астана қаласы әкімдігі Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің мұғалімі, PhD Ақжібек Нұрланқызы цифрлық кеңістіктегі будан терминдердің қолданылу ерекшеліктері мен мәселелерін зерттеп жүрген маман ретінде қазіргі білім саласында ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, жаңа ұғымдарды нақты әрі түсінікті жеткізуге бағытталған платформалар жасап шыққан. «Мектеп сөздік» деп аталатын мобильдік қосымша 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған. Қосымшада жаратылыстану, математика, алгебра, геометрия, биология, география, информатика сияқты пәндердің министрлік бекіткен оқулықтарындағы барлық термин жинақталған. «Қосымшада терминдер сала бойынша жүйеленген және үш тілде берілген, анықтамалары қазақ тілінде. Бұл оқушыларға күрделі ғылыми ұғымдарды жеңіл меңгеруге мүмкіндік береді», дейді ол.
Спикер сонымен қатар зерттеу аясында будан терминдердің телеграм чат-боты жасалғанын атап өтті. «Бұл цифрлық құрал диссертациялық жұмысымыздың практикалық нәтижесі ретінде құрылды. Онда мыңнан астам будан термин енгізіліп, олардың қолданылу саласы, ғылыми еңбектердегі мысалдары, тілдік сипаттамалары көрсетілген. Чат-бот пайдаланушыға кез келген уақытта терминді енгізіп, оның толық мағынасын білуге мүмкіндік береді. Қолданушы старт пәрменін басқаннан кейін терминнің анықтамасы, саласы, мысалдары көрсетіледі», деп атап өтті ғалым.
Терминдерді цифрлық технологиямен интеграциялау мәселесі жолға қойылып келе жатқанымен, салалық терминдерді қалыптастыру жағында шешілмеген мәселе көп. Сондай салалардың бірі – заң. Бұған дейін Конституция әуелі орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатын. Соның салдарынан қазақша заңды түсіну күрделене түсті. Әділет министрлігі Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаментінің бас сарапшысы Мәдина Елдосқызы заң терминдерін біріздендіру мәселесін қозғап, қазақ тіліндегі құқықтық лексиканың жүйелеуге енді-енді қадам жасалып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік басқаруда жаңа типтегі жобаларды әзірлеу барысында оларды алдымен қазақ тілінде дайындап, кейін орыс тіліне аудару міндеті белгіленген. Соның аясында Тіл саясаты комитеті мен «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығының бірлескен жұмысы нәтижесінде нормативтік-құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөздіктердің бірыңғай жүйесі жасалып жатыр.
«Заң терминдерін біріздендіру кезінде біз бірнеше кедергіге тап боламыз. Ең бірінші, 90-жылдардан бері жинақталған терминдердің тұрақсыздығы – кейбір терминдерді бекітіп, кейін оны басқа баламаларға ауыстыру тәжірибесі жиі кездеседі. Бұл құқықтық мәтіндердің үйлесімділігін бұзады. Екінші мәселе – аудармашылардың субъективтілігі. Бір терминге қанша маман қараса, сонша түрлі аударма жасалады. Бұл да заң тілінің бірізділігін төмендетеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар заң жобаларына қойылатын талаптарды толық сақтамайды, ал кейде компьютермен аударма жасап заң мәтіндерін қате дұрыс емес контексте жазады. Мысалы, «Google Translate» немесе басқа аударма жүйелері кейбір терминдерді бастапқы мағынасына сай аудара алмайды. Орыс тілінің грамматикалық құрылымының ықпалы қазақ тіліндегі заң мәтіндеріне кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жағдай терминдердің дұрыс қолданылмауына, заң тілінің күрделенуіне әкеледі. Мысалы, «либерализация» терминін «ырықтандыру» деп аудару – қазақ тіліндегі «ырық» сөзінің негізгі мағынасына мүлдем сәйкес келмейді. Сол сияқты «сот өндірісі» деген аударма бар. Өндірісте өнім шығарылады. Ал соттың қызметі мүлдем басқа. Заң саласында кейбір терминдер тек бір салаға тән бола бермейді. Сондай-ақ «абоненттік берешек», «салықтық берешек», «архивтік құжат» сияқты тіркестердің дұрыс нұсқалары – абонент берешегі, салық берешегі, архив құжаты. Терминдерді енгізу кезінде қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық заңдылықтары сақталуы, заң тілінің тазалығы қамтамасыз етілуге тиіс», деді сарапшы.
Сондай-ақ қазақ тілінде спорт саласының терминдерін ресми түрде бекіту өте күрделі. «Muqaba» баспасының директоры, жазушы Арман Ерланұлының сөзінше, спорт терминін қалыптастыруда қазақтың төл сөздерін қолдана алмай отырмыз. Себебі ресми бекітілген терминологияда орысша аудармасы бар сөздер ғана тіркелген. Ал «Комментатор сөздігі» кітабында авторлар ұсынған балама сөздердің көбі мақұлданбай қалған. «Біз кітапты құрастыратын кезде Ахмет Байтұрсынұлының концепциясына сүйенген едік. Ол үш негізгі бағытқа негізделген. Біріншіден, қазақ тілінің төл сөзін сақтау – жаңа терминдер мен ұғымдарды енгізу барысында ең алдымен тілдің табиғи қорына сүйену қажет. Екіншіден, сөзді бейімдеу – қажет болса, қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық ерекшеліктеріне сай етіп жаңа сөздерді қалыптастыру, бірақ мағынасын бұзбау маңызды. Үшіншіден, халықаралық және шет тіліндегі терминдерді дұрыс бейімдеу – өзге тілден енген сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес икемдеп енгізу, ұлттық контекстен алшақтатпау қажет. Осы үш қағидатты ұстану арқылы ғана термин жасау жүйелі, түсінікті, қолдануға ыңғайлы болады. Мысалы, біз шайба деген сөзді «шәйбі» деп ұсынып көрдік, бірақ ол бекітілмеді», дейді ол.
Сонымен қатар конференция барысында сала мамандарының ұсынысы негізінде қарар қабылданды. Қарар негізінде қазақ терминологиясын дамыту мақсатында нейрожүйелерге негізделген цифрлық сөздіктер әзірлеу, терминдердің құрылымын автоматты түрде талдайтын алгоритм жасау, көптілді салалық терминологиялық база қалыптастыру жөнінде ұсыныс қаралды. Терминком жұмысын оңтайландырып, тек даулы терминдерді қарауға шығару, туыстас тілдердің тәжірибесін зерттеу, ұлттық терминологиялық консорциум құру, ЖОО-ларда салалық лингвистика мамандарын даярлау бағыттары бойынша ұсыныс жолдау бекітілді.