Қоғам • Кеше

Жоғалған жырдың жебесі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығында маңғыстаулық ақын Сұлтанбек Құдайбергеннің «Армысың, Ақжайық!» атты кеші өтті.

Жоғалған жырдың жебесі

Жазушылар және Журна­листер одағының мүшесі, ақын, өлкетанушы Сұлтанбек Құдай­берген «Елеулі есімдер» жобасы аясында өзінің қос кітабын оралдық оқырманға таныстырды. Оның бірі «Жан шырағы» атты өлеңдер жинағы қаламгердің өз шығармалары болса, «Тартуым – дәмі балдай сөздің женті» атты жинақ өмірден қыршын кеткен Бек­қали Қарабалиннің өмір жолына арналған.

«Бекқали Қарабалиннің есімін бүгінде әдебиет зерт­теу­шілерінің өзі біле бермейді. Маңғыстаудан Орал қаласы­на 1936 жылы 16 жасында кел­ген талантты жас аз уақыт ішін­де осындағы әде­биет үйір­ме­леріне белсене қаты­с­қан. Облыстық «Екпінді құры­лыс» газетінде көптеген шығар­­­ма­сы жарияланған. Сол кез­дің өзін­де ақын ретінде таны­лып, 1938 жылы батысқазақстан­­дық қаламгерлер сапында ­Жам­был­ шығармашылығының 75 жыл­­дығына, 1939 жылы Қазақ­стан жазушылары мен халық ақын­дарының екінші сиезіне қа­тысады. Одақ хатшысы Сәбит Мұқановтың кеңесімен Алматы қаласына барады. Әттең, талантты ақынның ғұмыры тым қысқа болыпты. Небәрі 21 жасында қан майданда қаза тапқан. Ақын Бекқали Қарабалин арада 86 жыл өткенде Орал топырағына кітап болып оралып отыр. Жиырмадан асқан жасында жоғалған қазақ жырының бір жебесін іздеп тауып, мұрасын түгендеген Сұл­танбектің еңбегі ерен!» деді Қадырсарай директоры Дәулеткерей Құсайынов.

Кездесуде кеш иесімен қатар тағы бір маңғыстаулық ақын, «Шабыт» фестивалінің лау­реаты Әнуарбек Бимағам­бет те сөз алып, сахнадан өлең оқыды. Меймандарға «Қадыр» журналының алғашқы саны сыйға тартылып, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтің алғысхаты тапсырылды.

Ақын, өлкетанушы Нұрлан Сәдір жаңа жинаққа шолу жасап, автордың кейбір шумақ­та­рын оқып берді. Кеш иесі Сұлтанбек Құдайберген Жайық жұртының ыстық ықы­ласына ілтипат білдіріп, ұйым­дастырушыларға алғыс айтты.

 

Батыс Қазақстан облысы