Еңбек • Бүгін, 09:13

Жұмысты жеңілдетуге жұмылған

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласында қағазсыз жүйеге көшу қажеттігін осыған дейін бірнеше мәрте айтты. Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті тапсырма жүктеді. Өйткені дәрігерлер бұрынғыдай есеп-қисапқа бас қатырмай, пациенттердің денсаулығын жіті тексеруге көбірек уақыт арнауы қажет. Бұл істі реттемей медицина жаңғырып, қызмет көрсету сапасы артты деп айту қиын.

Жұмысты жеңілдетуге жұмылған

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін осы бағытта тұралап қалған жұмыстарда іл­герілеу байқалды. Мысалы, Алма­­ты қаласының Жедел кө­мек­­ көрсету ауруханасында па­циент­тердің келісімдерін цифр­ландыруға арналған қанат­қақ­ты жоба іске қосылған. Бұл медициналық қызмет көрсетудің қағазсыз үлгісіне көшудің маңыз­ды кезеңдерінің бірі. Жоба аясында TrustCare деп аталатын­ жүйені TrustMe компаниясы­ мен Алматы қаласының Же­дел­ көмек көрсету ауруханасы­ бір­лесіп енгізген. Жүйе па­циенттердің медициналық ұйымда қалуына, ауруханаға жатуға, өзге де медициналық рәсімдерге келісім беруін автоматтандырады. Енді қағаз түріндегі бланкілердің орнына пациенттер барлық құжаттарға планшет арқылы қол қояды. Қол қойылған мәліметтер автоматты түрде жүйеде сақталады.

Жаңа тәжірибе дәрігер мен мейіргерлердің бұрын айналысатын «басып шығару», «тігу», «мұрағаттау» сынды жұмыстарға кететін уақытын үнемдеуге мүм­кіндік беріп отыр. Әрі бұл шаруа бұрынғыдан әлдеқайда жылдам, түсінікті, қауіпсіз бола түсті. Қа­былдау бөлімінің жұмысында да қарбалас азайды. Бастысы, меди­цина мамандары өз уақытын есеп-қисапқа емес, пациенттерге көбірек арнауға мүмкіндік алып отыр.

Қанатқақты жобаның алғаш­­қы айында 10 000-нан астам па­циент­тің «келісімдері» мен «бас тар­тулары» рә­сімдел­ген. Құ­жаттар­ға қол қою жыл­дамды­ғы шама­мен 60%-ға ар­тқан. Күн сайын­ғы есеп беру уа­қыты 3 сағаттан 15 минутқа дейін қысқарған. Алдын ала есеп бо­йынша, бұл тәсілмен бір ауруха­на жылына шамамен 53 мил­лион теңге көлемінде ресурсты үнем­дей­ді. Мұнд­а қаражатпен қатар уақыт үнемделетінін ескерген жөн. Егер жобаны еліміздегі 100 ме­дициналық ұйым енгізсе, жалпы эко­номикалық әсер жылына жарты миллиард теңгеден асуы мүм­кін екенін алға тартады сарапшылар.

– Біздің жоба технологияны дамыту деген желеумен іске аспайды. Бұл медицинадағы өзара байланыстың мәдение­тін өзгертудің жолы. Дәрігер қағазға емес, пациентке көп көңіл бөлгенде ғана бүкіл жүйе ұтады. TrustCare жүйесінің да­йын нұсқасында жасанды­ интеллект элементтері де ен­гі­зілген. Ол жинақталған дерек­тер­ді талдап, «ақылды» есептер қа­лыптастырады. Бұл меди­ци­на­лық ұйымдарға бас­қа­ру­шы­лық шешімдерді дәлірек қа­был­дауға, ішкі сараптаманы күшей­туге мүмкіндік береді, – дейді TrustMe компаниясының операциялық директоры Ға­лым­жан Иманғалиев.

Жобаны іске асыруға Алматы қалалық ауруханасының ұжы­мы себепші болғанын жоғарыда айттық. Бұл жұмысқа бас дә­рі­гер Алмаз Джувашевтан бас­­тап, медициналық бөлім­нің мең­ге­рушісі Бағдад Әлім­бе­тов, қа­был­дау бөлімінің аға мейір­би­кесі Гүл­зира Боран­бае­валар тар­тылған. Осының нәтижесінде жүйе нақ­ты жұмыс барысында тиімді­лігін көрсетіп отыр.