Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал күз бен қыста күрделене түседі. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елімізде 4 млн-ға дейін ЖРВИ, 2 мыңға дейін тұмау тіркеледі екен. Дәрігерлер осының өзін қалыпты жағдай санайды. Мысалы, биыл қыркүйектен бастап қазірге дейін елімізде ЖРВИ-дың 1 278 745 жағдайы тіркелген. Бұл – эпидемиологиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен көрсеткіш. 30 қазан мен 30 қараша аралығын алсақ, республикада 150 605 ЖРВИ жағдайы анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, елімізде жыл сайын күз, қыста айналымда жүретін маусымдық вирустың А (H3N2) типіндегі тұмаудың 304 жағдайы зертханада расталып отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 173 жағдай тіркелген. Биыл тұмау циркуляциясы өткен эпидемиологиялық маусымға қарағанда ертерек басталды. Былтыр алғашқы жағдайлар қарашада анықталса, биыл қазан айының басында белгілі болып отыр. Дүрлігуге себеп жоқ, өйткені H3N2 (А тұмауы) тұмау вирусы жаңа штамм емес. Ол жыл сайын айналымда болатын А тұмауының маусымдық түрі. Әдетте, әр эпидемиологиялық маусымда кездеседі.

Қазір еліміздің барлық дерлік аймағында тұмау өршіп, пациенттер әдеттегіден әлдеқайда көбейді. Кейбір өңірлердегі балалар ауруханасында ұзын-сонар кезек пайда болды. Осы жағдайға байланысты инфекционист дәрігер, жоғары білікті педиатр, Астана қалалық №3 көпсалалы балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Роза Өтегенова:
– Қарашадан бастап біздің ауруханаға күнделікті келіп қаралатын балалардың саны өсті. Осыған қарамастан, қазіргі ахуалды жылда кездесетін қалыпты жағдай деп бағалаймыз. Бүгінде ауруханаға 5 жасқа дейінгі балалар жиі келіп жатыр. Кейінгі апталарда бізге келген балалардың 75%-ы осы 5 жасқа толмаған балалар. Бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты қаламыздағы барлық емханада фильтр кабинеттері жұмыс істейді. Арнайы мобильді топтар да бар. Ата-аналарға айтарымыз, баланың қызуы көтеріліп, жөтел басталса, өзін әлсіз сезінсе немесе басқа да тұмаудың белгілері байқалса, бірінші кезекте отбасылық дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Дәрігер баланың жағдайын жіті тексерген соң, қажет болса, ем тағайындайды немесе ауруханаға жолдама береді, – деп мәлімдеді.
Дәрігерлер балалар ауруханасына бірден барғанның тәуекелі барын алға тартады. Аурухананың қабылдау бөліміне балалар түрлі себеппен, сырқатпен келеді. Сондықтан инфекционистер жергілікті емханаға жүгіну, алдымен тұмау жұқтырғанына күдік бар баланың, сондай-ақ балалар ауруханасының кезегінде тұрған өзге пациенттердің қауіпсіздігі үшін маңызды деп санайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Денсаулық сақтау министрлігінің ЖРВИ жөніндегі эпидемиологиялық жағдайды апта сайын бақылап отырғанын айтады.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының үш штаммы – A (H1N1), A (H3N2), B тұмауы өзекті болады. Олардың барлығы аурудың ауыр түрлерінен қорғауды қамтамасыз ететін тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген. Сондықтан вакцина аурудың салдарын жеңіл еңсеруге сенімді қорған. Эпидемиологиялық бақылау аясында жұқпалы аурулардың сынамалары зертханалық талдаулардан өтеді. Олар стандартты жағдай анықтамасына сәйкес, тұмау вирусын анықтау мақсатында жүргізіледі. Коронавирус инфекциясы туралы айтар болсақ, маусым басталғалы бері 84 жағдай тіркелді, – деді бас санитарлық дәрігер.
Халықтың ең осал топтарына көрсетілетін тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде бірыңғай дистрибьютор Гриппол+ вакцинасының 2 млн 100 мың дозасын сатып алған. Бұл көлем халықтың 11%-ын вакцинамен қамтуға мүмкіндік береді. Елде бүгінге дейін тұмауға қарсы екпені халықтың 9,4 пайызы салдырған. Вакциналау әлі жалғасып жатыр. Тұмауға қарсы вакцина медицина қызметкерлерінің, медицина ұйымдарының динамикалық бақылауында тұратын балалар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердегі, мүгедектігі бар, инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдарға тегін салынады.
Мамандар дәрігердің кеңесінсіз үй жағдайында ем-шара қабылдауға болмайтынын, кез келген дәрі-дәрмекті уақытпен, ретімен әрі нұсқаумен ішпесе бауырға кері әсері тиіп, қанды сұйылтып жіберуі ықтимал екенін ескертеді. Себебі ЖРВИ, тұмауға қарсы «антибиотик» көмектеспейді. Керісінше, балалардың бауырына зақым келуі ықтимал. Баланың қызуын түсіретін дәрілерді оңды-солды қабылдаған да дұрыс іс-әрекет емес.
– Жұқпалы вирустық ауруларға қарсы уақтылы екпе алу керек. Содан соң адам көп жиналатын жерлерде бетперде тағып, жеке гигиена ережелерін сақтаған жөн. Үйді желдетіп, үнемі тазалау секілді қарапайым ережелерді ұмытуға болмайды. Эпидемиологиялық жағдай өршігенде халық жиі бас қосатын жерлерге бармауға тырысу қажет. Қайталап айтамыз, аурудың қандай да бір белгілері пайда болса, үй жағдайында емделмей, уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажет, – дейді бас санитарлық дәрігер С.Бейсенова.