Энергетика • Кеше

Энергия сақтау жүйелері зауыты

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды үйлестіретін өндіріс пайда болмақ. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Clearbrook Energy Solutions», отандық «AG-Tech» компаниялары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, елімізде энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауыт салуға уағдаласты. Бұл жоба – ел энергетикасын және цифрландыру саласын жаңа деңгейге көтеретін шешімдердің бірі болмақ.

Энергия сақтау жүйелері зауыты

Энергияны сақтау жүйесі дегеніміз – артық өндірілген электр қуатын сақтап, қажет уақытта қайта пайдалану мүмкіндігін беретін ақылды технология. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүйе әртүрлі көзден алынған энергияны қорына жинап, сұраныс артқанда қайта шығаратын аккумулятор іспетті. Мұндай жүйе жаңартылатын энергияны тұрақтандырып, электр желісіндегі жүктемелерді теңестіреді. Мамандардың айтуынша, энергия сақтау жүйелері бірнеше маңызды артықшылыққа ие. Біріншіден, олар электр желісінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Екін­шіден, шығындарды азайтып, қуатты тиімді пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, сырттан келетін энергияға тәуелділікті төмендетеді. Бұл энергияны өте көп қажет ететін жасанды интеллект жүйелерінің қарыштап дамып жатқан кезеңінде ең керек жоба.

Әлем елдері бұл технологияның болашағын әлдеқашан түсініп, жаппай енгізуге кіріскен. Эстонияда 26,5 мегаватт/51 мегаватт-сағаттық «BESS» жобасы іске қосылуға дайын. Швейцарияда 65 мегаватт-сағаттық жүйе құрылысы жүріп жатыр. Ал Грекия, Финляндия, Болгария елдері жалпы қуаты 1,5 гигаватт-сағаттан асатын жобаларды жүзеге асыруды жос­парлап отыр. Мұнайлы елдердің өзі – Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы күн және батарея жүйелерін үйлестіріп, жаңартылатын энергия нары­ғына бет бұра бастады. Бұл үрдіс – әлемнің энергетикалық құрылымында өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді.

Еліміздегі жоба да осы жаһандық бағытпен үндес. Инвестиция көлемі шамамен 350 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл қаражаттың игерілуі ел ішінде жұмыс орындарын ашып, инженерлік және цифрлық мамандықтарға сұранысты арттырады. Ең бастысы елімізде алғаш рет энергия сақтау жүйелерін жергілікті деңгейде өндіру мүмкіндігі туа­ды. Бұл жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануға, энергия тапшылығын азайтуға және электр желісіндегі тұрақсыздықты шешуге көмектеседі.

Сарапшылардың сөзінше, кез келген жаңа технология секілді, мұндай жобаның да тәуекелі бар. Алғашқы инвестиция көлемі жоғары, ал қайтарым мерзімі ұзақ. Батарея өндірісінде экологиялық талаптар қатаң. Қалдықтарды өңдеу мәселесі де қатар шешілуі керек. Сондай-ақ литий мен басқа сирек металдардың бағасы әлемдік нарықта құбылып тұратындықтан, шикізатқа тәуелділік тәуекелін ескерген жөн. Алайда мамандар бұл қиындық жобаның стратегиялық маңызын төмен­детпейді деген пікірде. Себебі еліміздің табиғи әлеуеті мен географиялық жағдайы энергия сақтау технологиясын дамытуға қолайлы.

«Материалтану мен инженерия сала­сындағы жаңа зерттеулер энергия сақтау жүйелерін (BESS) тиімді әрі ұзақ уақытқа шыдамды, экологиялық тұрғыда қауіпсіз етуге көмектесіп жатыр. Қазір әлемде энергия көздерін жаңғырту, яғни көмір мен мұнайдан таза энергияға көшу жүріп жатыр. Осындай кезде жаңа технологиялар елдің дамуы мен тәуелсіздігін анықтайтын басты факторға айналады. Елімізде бұл бағытты дамытуға жақсы мүмкіндік бар. Себебі аккумулятор жа­сауға қажетті литий, катод материалдары, басқа да маңызды элементтер жеткілікті. Сонымен қатар Nazarbayev University сияқты жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары осы салаға ғылыми негіз дайын­дап, технология­ны жетілдіруге атсалысып жатыр. Қазір ең маңыздысы – шикі­затты қазып, шетелге сату емес, сол шикі­затты өзіміз өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Яғни литий мен басқа материалдарды байыту, өңдеу, аккумулятор бөлшектерін шығару және сол бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Егер осы толық өндірістік тізбек жолға қойыл­са, еліміз әлемдік нарықта өз орнын нығай­тып, таза энергия мен экологиялық эконо­микаға көшу ісіне үлкен үлес қосады. Сон­дай-ақ цифрландыру саласының дамуы­на жағдай жасайды», дейді Nazarbayev University профессоры Жұмабай Бәкенов.

Меморандумға Вашингтон қаласында өткен C5+1 бизнес-конференциясында қол қойылды. Жоба Қазақстанның энергетикалық ауысу стратегиясындағы маңызды қадам болмақ. Ол елдің энер­ге­тикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздерін интегра­циялауға мүмкіндік береді. «Clearbrook» компаниясы виртуалды электр стансалары мен энергия сақтауға арналған технологияларды ұсынса, «AG-Tech» – елдің энергетикалық инфрақұрылымына цифрлық шешімдерді бейімдеу мен интеграциялауды қамтамасыз етеді.

«Бұл жоба еліміз үшін стра­тегиялық маңызға ие. Ол цифрлық инфрақұрылым мен ұлттық техно­логиялық жобаларды жүзеге асыруда маңызды саналатын тұрақты әрі сенімді энергия жүйесін құруға мүмкіндік береді» дейді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Энергия сақтау жүйелері зауыты елі­мізде жаңартылатын энергияны жинақ­тау мәдениеті мен цифрлық өндіріс мәдениетін дамытады. Болашақта еліміз энергияны «өндіру – сақтау – пайдалану» қағидасына негізделген жаңа модельге өтеді. Бұл өз кезегінде энергетикалық тұрақтылықты күшейтіп, көмір мен газға тәуелділікті азайтады.

«Қазақстан энергетикалық тәуелсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын нығайту бағытында батыл қадам жасап жатыр. «Clearbrook Energy Solutions» компаниясы Қазақстан Үкіметі және «AG-Tech» компаниясымен серіктестік орнатуға мүмкіндік туғанына қуанышты. Бұл серіктестік Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту мен таза энергияға көшуінің негізі болатын заманауи энергия сақтау технологияларын жергіліктендіруге бағытталған» дейді «Clearbrook» компаниясының Орталық Азиядағы төрайымы Марсия-Элизабета Кристиан Фавале.