Жиналған астықтың 70%-ы – жоғары сапалы өнім. Cоның арқасында Ақмола астығы бүгінде халықаралық нарықты бағындырып жатыр. Жыл басынан бері алыс-жақын шет елдерге 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды. Эстонияның Муга Грэйн терминалымен меморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға, Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды.
– Аймақта кейінгі екі жыл жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды. Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы арқылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 млрд теңге болатын 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзандатылған 172 мың тонна дизель отыны бөлінді, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өңірдің мал шаруашылығы саласында тұрақты, оң динамика байқалады. Мал басымен қатар мал өнімдері өндірісінің көлемі артқан. Жыл басынан бері 168,5 мың тонна ет, 205 мың тонна сүт өндірген. Сүт өнімдерін өңдейтін фермалар ашу, кеңейту жөніндегі жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Мысалы, биыл 5 400 мал басы бар бес ірі ферма ашылды. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы ашылады. Қазір 12 400 басқа арналған 8 сүт фермасын салу жұмыстары жүріп жатыр.
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін мол өндірудің бірден-бір себебі – Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге тура келіп тұрғандығы. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 86 инвестициялық жобаны іске асырып, елорда тұрғындарын азық-түлікпен қамту көлемін арттырған. Сүтпен қамту үлесі 30%-дан 50%-ға дейін, етпен қамтамасыз ету 30%-дан 40%-ға дейін, жұмыртқамен қамту үлесі 80%-дан 100%-ға дейін өскен.
Ақмола облысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздегі өзге өңірлер секілді инвестициялық жобаларға басымдық береді. Биыл өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 660 млрд теңгеден асты. Былтырмен салыстырғанда 250 млрд теңгеге артық. Ақмола облысында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсімі өткені белгілі. Жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарын ашуға қолайлы инфрақұрылыммен қамтылған аймақ елордаға жақын орналасқан.
– Индустриялық аймақ инвесторлар үшін нағыз тартымды орталыққа айналып отыр. Онда жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды. Бұл – 1,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие болатын тауарлар – натрий глутаматы, крахмал, минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Сондай-ақ клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын, пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланған. Осының барлығы Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігі, – деді М.Ахметжанов.
Ақмола аумағында өнеркәсіп саласы да тұрақты дамып келеді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі 2 трлн теңгені құрады. Бүгінде облыс машина жасау саласында көшбасшы, теміржол подшипниктерін өндірудің 100%-ын, арнайы автомобильдер өндірісінің 84%-ын қамтиды. Сол секілді еліміздегі астық жинайтын комбайндардың 50%-ы дәл осы өңірде өндіріледі. Облыс құрамында алтын бар руданың жартысынан астамын, еліміздегі алтын өндірісінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Негізгі компаниялар – Алтынтау Көкшетау, Алтыналмас, ЭрДжи Голд. Өңірде машина жасау 2,2%-ға, азық-түлік өндірісі 11%-ға, сусындар өндірісінің көлемі 20%-ға, химия өнімдері 30%-ға ұлғайған. Қазір кірпіш өндіру көлемін арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған дейін өңірдегі зауыттар жылына 250 млн кірпіш шығарып келсе, алда оның қуаттылығын үш есеге арттыру жоспарда бар. Осы бағытта сегіз зауыт салу жөніндегі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін бесеуі іске қосылады.
Мұқтаж азаматтарды жайлы, сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Биыл 7 мыңнан астам азамат тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Оның 2 мыңы мұқтаж азаматтар. Өңірде қазір бизнеспен ынтымақтастыққа негізделген жаңа әрі тиімді тәсілдер енгізіліп жатыр. Айталық, жеке құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алу механизмі әлеуметтік тұрғын үйді жылдам салуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Биыл осы тәсілмен 750 пәтер сатып алынған. Сондай-ақ бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына тартуға, проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты. Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерлік 11 көпқабатты үй салынған. Олар ескірген, тозығы жеткен үйлердің орнына қайта бой көтерді. Қосшы қаласында 543 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталса, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілген. Қалған пәтерлер мемлекеттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды. Үйін даулап жүрген өзге үлескерлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі.
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Біз қойған сауалымыз Астана қаласының маңындағы қалалардың дамуына, оның ішінде газбен қамтамасыз етуге қатысты болды. Елордада урбанизация үдерісі жылдан-жылға жеделдеп бара жатқанын ескерсек, Қосшы қаласынан бөлек, іргелес ауылдардың инфрақұрылымын дамытпаса болмайды.
– Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп салынды. Соның жетеуі Астана іргесіндегі Целиноград ауданында жаңа оқу жылынан пайдалануға берілді. Соның арқасында 1000 баланы Астанадан ауылға қайтардық. Олар осы күнге дейін қала мектептеріне қатынап, әуре болған еді. Жайлы мектептердің қаладағы мектептерден еш айырмашылығы жоқ. Барлығы бір ауысымда оқиды. Түстен кейін балалардың үйірмелерге қатысып, саламатты өмір салтын ұстануға толық жағдай жасалған. Жоғарыда айтылған республикалық индустриалды аймақ Аршалы ауданында құрылып жатыр. Демек қалаға қатынайтын жұмысшылардың көбі сол аймақтан тұрақты жұмыс тауып, бұрынғыдай қалаға сабылмайды, – деді облыс әкімі.
Біз өңір басшысынан Астана іргесіндегі ауылдарды газдандыруға қатысты жауапты нақтылауды сұрадық.
– Жақында Талапкер ауылының тұрғындары газбен қамтылды. Ендігі кезекте Қоянды ауылына газ береміз. Жалпы, биыл Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Қосшы, Алтынсарин, Талапкермен қоса, Қоянды, Аршалы ауылдарын газбен қамту көзделген еді. Меже толық орындалады деп күтіп отырмыз. Келер жылы өзге 6 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Оның ішінде Қатаркөл, Қызылсуат, Қаражар, Ақбұлақ, Тайтөбе ауылдарының, Қосшы қаласының 2-, 3-кезеңі қосылады. Бұдан бөлек, өңірде тағы 8 ауылға газ беру жөніндегі жоба әзірленіп жатыр, деп түйіндеді М.Ахметжанов.