Алқалы жиын барысында еліміз Бас конференция бюросына сайланып, ЮНЕСКО-ның 2025–2029 жылдарға арналған үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы кеңесінің құрамына қайта енді. Сондай-ақ Қазақстан Дүниежүзілік мұра туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің 25-ші Бас ассамблеясының вице-президенті болып сайланды (2023–2027 жылдары Дүниежүзілік мұра комитеті құрамындағы жұмысы жалғасқан жағдайда). Бұл оқиға еліміздің ЮНЕСКО жұмысына белсенді қатысушы және сенімді серіктес екенін айқындайды.
Бірқатар қарарлар мен бастамаларға авторлық және тең авторлық жасаған Қазақстан конференцияның нәтижелілігіне айтарлықтай үлес қосты. Әсіресе еліміздің бастамасымен және 70 мемлекет тең авторлық жасаған «ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялармен және олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы» қарардың қабылдануы басты жетістіктердің біріне айналды.
Айта кетейік, Бас конференцияның 31 қазандағы пленарлық отырысында Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Ерлан Қарин сөз сөйледі. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары туралы айтып, цифрландырудың, білім мен инновацияның орнықты дамудағы маңызын атап өтті. ЮНЕСКО-ның жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттарын ілгерілетудегі жетекші рөлі және осы тақырып бойынша ЮНЕСКО әдістемесі («Readiness Assessment Methodology – Дайындықты бағалау әдістемесі») негізінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан кешенді зерттеу туралы ерекше айтылды.
Сондай-ақ Ерлан Қарин ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азулемен кездесіп, оған Қазақстан мен Ұйым арасындағы көпжылғы нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін оған Қазақстан Президентінің шешіміне сәйкес берілген ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Ал 4 қарашада Қазақстан делегациясы Түркі мәдениеті және мұрасы қорының жаңа басылымдарының, атап айтқанда, «Түркі әлемінің мәдени коды» каталогі және «Түркі фольклорының мұрасы» антологиясының Бас конференция алаңында өткен тұсаукесеріне қатысты. Іс-шара шеңберінде ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясының қарарымен Дүниежүзі түркі тілдері күні 15 желтоқсанға, көне түркі жазуының ежелгі ескерткіші – Орхон жазбасы оқылған күнге белгіленді. Бұл шешім түркі халықтарының әлемдік мәдени және тілдік әралуандыққа қосқан үлесін мойындаудың нышанына айналды.
Одан бөлек, еліміз Бас конференцияның «Көшпелілер мұрасының халықаралық күнін жариялау туралы» қарарының тең авторы болды. Ол көшпелі халықтардың әлемдік мәдени мұраға қосқан елеулі үлесінің мойындалғаны ретінде жыл сайын 22 қыркүйекте аталып өтетін болды.
Сондай-ақ Бас конференция 2026–2027 жылдары ЮНЕСКО-ның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізімін бекітті. Бұл тізімге әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың және көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары енді.
ЮНЕСКО Хатшылығының мәліметінше, ұйым 1956 жылдан бері 1 234 атаулы күнді мерекелеуге атсалысқан. Соның 31-і Қазақстанның ұсынысымен енгізілген. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 150 жылдық, Шымкент қаласының 2200 жылдық, Алматы қаласының 1000 жылдық, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойлары және басқа да атаулы күндер ЮНЕСКО қолдауымен халықаралық деңгейде тойланды. Осы жылы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде әйгілі композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Бас конференция Мысырдың бұрынғы туризм және ежелгі мұра министрі Халед әл-Энаниді ЮНЕСКО-ның жаңа Бас директоры етіп сайлағанын айта кетейік. Ал Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов еліміздің басшылығы атынан жолданған құттықтау хатты табыс етіп, сындарлы ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.