Еліміз арқылы радиоактивті материалдар тасымалдайды
Осыдан бес жыл бұрын 2020 жылы 6 қарашада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары ТМД елдері арасындағы радиоактивті материалдарды қауіпсіз тасымалдау туралы келісім жасасты. Палата отырысында сенаторлар алдымен осы мәселеге қатысты заңды қарады. Бұл заң трансшекаралық радиоактивті материалдарды қауіпсіз тасымалдау кезінде туындайтын негізсіз кідірістерді болдырмауға бағытталған. Сондай-ақ келісім ядролық және радиациялық қауіп төндірмейтіндей радиоактивті материалдарды тасымалдауға қойылатын ұлттық талаптарды оңтайландыруды көздейді.
«Қаралған келісім ТМД елдері арасында бейбіт мақсатта пайдаланылатын радиоактивті материалдардың тасымалдану мәселелерін реттеу үшін жасалған. Құжатта тасымалдау кезінде халықты және қоршаған ортаны зиянды әсерден қорғауға бағытталған іс-шаралар қарастырылып отыр. Сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алу мәселесі де реттелген. Жалпы, заң ТМД мемлекеттері арасында осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін осы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес экспорт, транзит мемлекетінің, сондай-ақ межелі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін рұқсат құжаттары болуға тиіс.
Айта кетсек, Атом энергиясы агенттігінің дерегіне сәйкес еліміздің аумағы арқылы радиоактивті материалдар негізінен Өзбекстаннан Қытайға, Канада, АҚШ, Румыния, Ресей, Аргентина, Үндістан мен Украина елдеріне тасымалданады. Мәселен, 2021 жылы – 6, 2022 жылы – 21, 2023 жылы – 15, өткен жылы – 3, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 10 радиоактивті материал транзит арқылы тасымалданған.
Жалпы, бұл келісім – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық рәсімдерін МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік нормаларымен үйлестіруге бағытталған құқықтық құжат. Сол арқылы радиоактивті материалдар трансшекаралық аумақтарда теміржол, автомобиль, теңіз, әуе көлігімен қауіпсіз әрі тиімді тасымалданбақ.
Аталған материалдар халықаралық шарттарға, сондай-ақ келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шарт (келісімшарт) негізінде тасымалданады. Бұл ретте жүк жөнелтушінің, сол елдің заңнамасына сәйкес экспорттаушы мемлекеттің, транзит пен межелі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін рұқсат құжаттары болуы қажет.
Сенатор Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, бұл заңның әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдары жоқ, сондай-ақ республикалық бюджеттен шығын шықпайды.
Сенат аталған мәселені «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мен Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес мақұлдады.
Түрікменстанмен қылмыспен күрестегі ынтымақтастық нығайды
Сонымен қатар Сенат депутаттары елімізбен Түрікменстан арасындағы қылмыспен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді қарады. Аталған келісім өткен жылдың 10 қазанында Ашхабад қаласында жасалған. Құжат екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-шараларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Талқылау кезінде депутаттар бұл келісімді ратификациялау екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп, өңірлік қауіпсіздікті, тұтастай алғанда, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
«Бұл заң елдеріміздің қылмысқа қарсы бірлескен іс-шараларын жүзеге асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Келісімде ұйымдасқан қылмыс, терроризм мен экстремизм, есірткінің айналымы, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрес мәселесі бар. Сондай-ақ өзге де маңызды бағыттар бойынша уәкілетті органдар арасындағы серіктестікті тереңдету тетіктері қарастырылған. Алдағы уақытта заң аталған маңызды бағыттар бойынша еліміз бен Түрікменстанның ынтымақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Бұл келісім ұйымдасқан қылмыскерлік, терроризм мен экстремизм, оларды қаржыландыру, есірткі, қару-жарақ, көші-қон, адам саудасына байланысты қылмыстармен қатар, сыбайлас жемқорлық, экономикалық және киберқылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тергеп-тексеруге бағытталған. Сондай-ақ келісім жедел әрі криминалистикалық ақпарат алмасуды, мамандардың тәжірибе алмасу бағытын, қылмысқа қарсы күрес мәселесімен айналысатын құзыретті органдардың сұрау салуларын орындауды қамтамасыз етеді. Бұған қоса кадрларды оқыту, біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға қатысты нормалар бар. Заңда алынған ақпаратты жария етпеу туралы ережелер мен басқа да ерекше шарттар белгіленген.
Сенатор Мұрат Қадырбек Қазақстан мен Түрікменстан мемлекетішілік және трансұлттық қылмыскерлікке тиімді қарсы тұру үшін құжатта көзделген қылмыстар бойынша ғана емес, сондай-ақ екіжақты кeлiciм мен басқа да қылмыстарға қарсы күресте өзара іс-қимылды жүзеге асыруға мүмкіндік алатынын атап өтті.
Осылайша, Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Жалпы, еліміз бен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылып, сол кезден бастап достық пен стратегиялық әріптестік тұрақты түрде дамып келеді. Екі ел экономика, мәдениет және білім салаларында белсенді қарым-қатынас жасап келеді.
Айта кетсек, еліміз қазірге дейін Болгария, Мажарстан, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Франция, БАӘ мен басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, жиырмадан аса елмен осындай келісім жасасқан.