Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Әлемдегі таңдаулы футбол клубтарының академиясы қанаттандырып түлеткен жас таланттарын саудалаумен де орасан олжаға кенеледі. Ал мемлекеттің қаражатына арқа сүйеп, қамқорлығымен ғана тіршілік еткен клубтар дамудың көшіне ілесе алмайды. Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында ел спортын өркендетудің маңызды бағыттарына тоқталып, футбол клубтарын жекешелендіруді міндеттеді.
«Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек. Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Саланы пайданың көзіне айналдырып, өрісін ұлғайту бағытында атқарар жұмыс шашетектен. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін отандық футбол клубтарын жекешелендіріп, коммерциялық бағытта дамыту қарқынды жүргізіліп жатыр дейді еліміздің футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория.
– Биыл жыл аяғына дейін төрт футбол клубы жекеменшікке өтеді. Атап айтқанда, «Шахтер» (Қарағанды), «Жеңіс» (Астана), «Қызылжар СК» (Петропавл) футбол клубтары. Бұл жұмыстарды тиімді жүзеге асыруға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд теңге. Сондай-ақ Семейдің «Елімай» футбол клубы коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Испанияның «Реал Мадрид», «Барселона», Германияның «Байер 04» сияқты тегеурінді клубтардың үлгісін зерделеп, осындай шешім қабылданды. Енді жаңа бағытта «Елімайдың» 100 миллион акциясы шығарылып, клубтың басқару ашықтығы мен қаржылық тұрақтылығы артады, – дейді футбол федерациясының бас хатшысы.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Каспий» футбол клубтары да жекешелендіруге ұсынылған ұйымдардың тізімінде тұрғанын мәлім етті.
Биыл қазан айында Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жекенің құзыретіне өтті. Жергілікті кәсіпкер «TAU Group LTD» компаниясының жетекшісі Иманғали Қозбақов клубтың жаңа қожайыны атанды. Жақында «Kaysar Arena» стадионы пайдалануға берілді. Қызылорда әкімдігі енді футбол академиясы салынады деп, жер телімін де сызып берген. 12 млрд теңге инвестиция тартылып, футбол академиясының құрылысы жанданады.
Қызылордалық клубтың ізін ала Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубы да жекешеленді. Жекенің қолынан қаржыландыру тетігін іске қосқан клуб спорттық брендті нығайтып, инфрақұрылымды күшейтіп, активтерін беру туралы келісім жасасты. Теріскейдегі команданың инвесторы енді кәсіпкер Сергей Кан болады. Футбол клубын Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп қаржыландыру туралы уағдаластық та бар. Футболшылардың заманауи кешенде шыңдалуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа спорттық база салу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, клубтың материалдық-техникалық базасы нығаяды. Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионы клубтың сенімгерлік басқаруына беріледі. Қазір уәкілетті органдармен келісу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Стадионды клубтың басқаруына беру инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, оқу-жаттығу жиынын өткізуге қолайлы болады. Сонымен қатар өңірде футбол спортынан іс-шараларды ұйымдастыруды күшейтеді.
«Қызылжар» футбол клубының бас менеджері Әлішер Апсаламов еліміздің бірқатар футбол клубында, сондай-ақ «Sarajevo» (Босния және Герцеговина), «Cardiff City» (Ұлыбритания, Уэльс) клубтарында еңбек етіп, тәжірибе жинаған маман. Ол да футбол клубтарының мемлекетке арқа сүйемей, жекешеленіп, табыс табуға ұмтылуы заман талабы екенін алға тартты.
– «Қызылжар» футболшылары оқу-жаттығу жиындарын Түркияда өткізеді, бір жарым айдай жаттығу жасайды. Түркия сапарында команданың келесі маусымға құрамы айқындалады. Клуб менеджменті отандық әрі халықаралық нарықты зерделеп, футболшылардың әлеуетін мұқият талдап, іріктеу жүргізеді,– дейді Ә.Апсаламов.
Футбол клубтарын жекешелендіру басқарудың тиімділігін арттырып, қаржылық тұрақтылықты нығайтып, өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуға серпін береді. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, елімізде 25 760 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 23 678-і – мемлекеттік, 2 082-сі – жекеменшік. Спорт инфрақұрылымымен қамту жыл сайын өсіп, 55,1%-ға жетті. Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 65%-ға жеткізу көзделген. Биылғы тоғыз айда 35 спорт нысаны пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол стадиондарының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған УЕФА талаптарына сай заманауи стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар өңірлерде тағы 14 жаңа стадионға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Министрлік балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспарын бекітіп, жергілікті бюджет пен инвестиция есебінен 685 жобаны қолға алды.
Футбол ойыны елімізде кең қанат жайып, жылдан жылға аяқ допқа әуестігі артқан жастардың қатары қалыңдап келеді. Бұған саланы дамытуға қыруар қаржы бөлінуі де септесіп отыр. Кейінгі алты жылдың ішінде спортты өркендету ісіне мемлекет қазынасынан 1,4 триллион теңге жұмсалған. Статистикалық дерекке сенсек, Орта Азия елдерін былай қойғанда, Канада, Норвегия, Нидерланд елдері дәл біздей спортқа қаржы бөлмейді.
Мемлекетке масыл болмай, менеджментті мәйек етіп пайдаға кенеліп отырған әзірге бізде бір ғана клуб бар. Ол – Алматының «Қайраты». Рас, жетпіс жылдық жылнамасы бар клубтың басына бақ бірден орнай қойған жоқ. Қайрат Боранбаев қамқорлығына алғанға дейін «Қайратты» ала құйын қақпақылдап талай мәрте аласапыранға салды. Қаржылық қиындық та туындады. Ал бүгінде алматылық клубты күллі Еуропа түстеп таниды. Өйткені «Қайрат» тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу раундынан өтіп, жалпы кезеңде бақ сынап жүр. Дүбірлі додада өткізген төрт матчтан кейін әзірге бір ұпай ғана олжалады. Есесіне қаржылай алған сыйақысы қомақты – 20,95 миллион еуро. Алда әлі де төрт матч бар. Егер жеңіске жетсе 2,1 миллион еуро, тең ойнаса 700 мың еуро сыйақыға кенеледі. Қ.Боранбаев клубтың биылғы Чемпиондар лигасында тапқан қаржысына Алматыдан тағы бір футбол академиясын салуды межелеп отырғанын айтады. «Қайраттың» футбол академиясының түлектері ел футболының өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Академия түлегі, 17 жасынан-ақ ұлттық құраманың ойыншысы атанған Дастан Сәтбаев келесі жылдың күзінен лондондық «Челсиде» шыңдалады. «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековке де Еуропаның еңселі клубтарының көңілі ауып отыр. Футбол скауттарының «Қайрат» академиясында шыңдалған ойыншыларға сауын айтып, сәлем жолдайтын күн де алыс емес.
Еуропадағы таңдаулы клубтар жылдық пайдасын негізінен телевизиялық көрсетілімнен, жанкүйерлердің әр матчты тамашалауға сатып алатын билетінен, демеушілерден, ойын кезінде сатылатын сусындар мен түрлі тағамнан айырады. Осындай жүйелі жолға қойылған жоспардан түскен мол қаржы команда ұжымының шығынын жауып, клубтың иелігіндегі академияның нығаюына да жұмсалады. Тіпті стадионның кем-кетігін де мемлекетке алақан жаймай өздерінің табысы есебінен бүтіндейді. Кейбір клубтар 36 мың көрермен еркін сиятын стадион тарлық етеді деп, 62 мың жанкүйер сыятын жаңа спорт кешенін салып («Тоттенхэм», Лондон) толайым табысқа кенеліп отыр. Біз отыз жылда үш стадион ғана салдық. Футбол клубтарын енді-енді жекешелеп, мемлекетке арқа сүйеуден айыруды қолға алып жатырмыз. Қанша дегенмен, футбол клубтарын жекешелендіру – саланы сапалы, тиімді, бәсекеге қабілетті етуге бастар бірден-бір жол. Бұл өзгеріс футболды шынайы бизнеспен ұштастырып, тұрақты табыс пен нәтиженің кепілі бола алады.