Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Біз 2003 жылдан бері жүргізілген «PISA» зерттеуінің нәтижесін саралап, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Бұлар: Сингапур, Макао (Қытай), Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Гонконг (Қытай), Эстония, Канада, Финляндия, Польша. Енді осы елдердің білім моделіне көңіл аударайық. Себебі білім моделі балалардың психология-физиологиялық даму ерекшелігіне сай қабылданады. Мәселен, 6–11 жасынан балалардың бойында ойлау, есте сақтау, сөйлеу сияқты танымдық және психикалық үдерістер дамып, олардың әртүрлі ғылым негізін меңгеруге қабілеті қалыптаса бастайды. Ал 12–14 жас аралығында олардың ойлауы жетіліп, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің қалыптасуына байланысты, оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі. Сондай-ақ 15–17 жас аралығында олар өзін-өзі танып, жоспар құрып, оқуға қызығушылығы артады. Соның негізінде қалаған білімін терең меңгеруге талпыныс жасайды. Аталған елдерде балалардың осы даму ерекшеліктері ескеріліп, 6 + 3 + 3 білім моделі қабылданған. Олар 6 жыл (6–11 жас аралығы) – бастауыш мектепте, 3 жыл (12–14 жас) – орта, 3 жыл (15–17 жас) жоғары мектепте білім алады.
Біздің елімізде 4 + 5 + 2 моделімен жұмыс істейтін 11 жылдық мектеп сақталған. Әлемнің басқа елінде мұндай модельмен жұмыс істейтін білім ордасы жоқ. Себебі бұл әдіспен оқыған балалар жақсы білім ала алмайды деп есептелінеді.
Мәселен, 10 жасында бастауыш сыныпты аяқтаған оқушылар 5-сыныпқа келеді. Онда ғылым негіздері берілетін әртүрлі пәндер оқытылады. Мұндағы білім мазмұны балалардың психология-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келмейтіндіктен, оларға ол пәндерді түсіну қиын. Қанша талпынғанымен оларды түсіну қиындық тудырады. Бастауыш сыныпты жақсы оқыған балалардың үлгерімі 5-сыныпта күрт төмендейді. Ал 5–6 сыныптарда берілетін білімді дұрыс игермеген оқушылар, жоғары сыныпта жақсы оқып кете алмайды.
Дамыған елдерде оқыту үдерісі қалай іске асқан? Біз Қазақстан мен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада елдеріндегі 7–9 сыныптарда оқитын пәндер мен олардың жүктемесін салыстырдық. Бұл елдерде осы сыныптарда 4–6 негізгі пәндер оқытылса, бізде 7–8 сыныптарда – 13, ал 9-сыныпта 14 негізгі пән оқытылады. 7–9 сыныптарда химия, биология, география пәндері бізде жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылса, бұл елдерде осы пәндер топтастырылып ғылым пәні ретінде 1,8 есе аз, тек 324 сағат көлемінде оқытылады. Соған қарамастан, бұл ел оқушыларының жаратылыстану сауаттылығы біздің балалардың жаратылыстану сауаттылығына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін «PISA» зерттеуі көрсетіп отыр.
Енді жоғары мектептердегі оқыту жайын қарастырайық. Бізде жоғары мектеп саналатын 10–11 сыныптарда балалар 2 жыл оқиды, ал бұл елдерде жоғары мектепке 10–12 сыныптар жатады, яғни балалар 3 жыл оқиды. Біздегі жоғары мектеп пен бұл елдердің жоғары мектебін мүлде салыстыра алмаймыз. Себебі олар өзгеше жұмыс істейді.
Бізде оқушыларға жаратылыстану – математикалық, қоғамдық – гуманитарлық бағыттар бойынша білім беру қарастырылған. Осы екі бағытта 78–89% көлемінде бірдей пәндер оқытылады, шын мәнінде – бірдей білім беріледі. Ал бұл елдерде 10–12 сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандығын университетте жақсы меңгеруге қажетті білім беру. Мысалы, инженерлікті таңдаған оқушылар мен дәрігерлікті қалаған балалар 3 жыл бойы бөлек оқу бағдарламасымен білім алады.
Соңғы жылдары елімізде бірқатар шетелдегі танымал университеттің филиалы ашылды. Қазір осы филиалдарда оқитын жастарымыз, сол елдерде оқитын студенттер сияқты жақсы білім ала алмайтынын, ауыр да болса ащы шындық ретінде ашық айтуымыз керек. Себебі ол елдерде бұл университеттерге мектепте 12 жыл оқыған, оның соңғы 3 жылында сол жоғары оқу орнында оқытылатын күрделі пәндерді терең меңгеру үшін мектептерде қажетті білім алған түлектер келеді. Негізінде мұнда үлкен айырмашылық бар екені айтпаса да түсінікті.
Біздің техникалық университеттерді жүздеген инженер тәмамдайды. Дегенмен техникалық жоғары оқу орнына түскен мектеп түлектері ешқандай арнайы дайындық алмағандықтан ондағы берілетін білімді терең меңгере алмайды. Ал жоғарыда біз мысалға келтірген елдерде техникалық университеттерде бір мамандықтың өзінен екі түрлі оқу бағдарламасы негізінде білім береді. Онда: өндірісте жұмыс істейтін инженерлер және ғалым-инженерлер даярланады. Біздің университеттер тек өндірісте жұмыс істейтін инженерлерді даярлайды. Ал бірде-бір жоғары оқу орны ғалым-инженерлер даярламайды. Оларды оқыту бағдарламасы университеттердің оқу үдерісіне енгізілмеген. Себебі ондай оқыту бағдарламасын мектептен келген түлектер меңгере алмайды. Өкінішке қарай, біз бұл елдерден техникалық кадрлар даярлауда бір саты артта қалып келеміз. Әлі күнге дейін ғалым-инженерлер даярлау жұмысы басталған жоқ.
Енді елімізде және осы шет мемлекеттерде оқушыларға «білім қалай беріледі?» деген сұраққа тоқталайық. Бұл педагогикалық тұрғыдан күрделі сұрақ болғанымен, оны қарапайым түрде қарастыруға болады. Мысалы, барлығымыз да мектепте күрделі пәндердің бірі – химия пәнін оқыдық. Менделеевтің периодтық жүйесіндегі барлық химиялық элементімен таныспыз. Бұл пәнді оқу жеңіл емес, оған қанша уақыт пен біраз күш жұмсалады. Енді осы пәнге қатысты бірер қарапайым сұрақ бар. Күнделікті өмірде пайдаланатын сұйық сабынның сыртында оның химиялық құрамы жазылған. Біз соларға қарап, бір сабынның екінші сабыннан қандай айырмашылығы бар екенін айта аламыз ба?
Жалпы, осы химия пәнін оқығанда алған білімімізді өмірде қалай пайдаланып жүрміз? Егер де пайдаланбайтын болсақ, онда оны оқуға неге сонша күш жұмсадық? Басқа пәндер бойынша да осындай сұрақ қоюға болады. Осы жайларды білген танымал орыс ғалымдары кезінде қатты күйзелген еді. К.Д.Ушинский: «Біз кез келген жарамсыз қоқысты баланың басына тастай береміз, ал бала оны қалай пайдалануды білмейді» десе, В.К.Бацын: «Бала өмірінің ең маңызды шағында 10–11 жыл бойы мектепте алған білімінің 90%-дан астамы жарамсыз болып қала береді» деп, жазған еді.
Енді бұл сұрақ дамыған елдерде қарастырылған ба, оның қандай шешімі табылған? – деген сұрақ туындайды. Біз Қазақстан мен Ұлыбританияда биология пәні қалай оқытылатынын қарастырдық. Бұл да күрделі пәндердің бірі. Екі елде де биология пәнінің «тыныс алу» бөлімін оқыту қарастырылған. Біздің оқулықта 11 тақырып, ал Ұлыбритания оқулығында 3 қана тақырып берілген. Бізде әр тақырыпты оқығанды көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта болады. Ал Ұлыбританияда – көлемді ақпарат берілмейді, әр тақырып тәжірибеге бағытталып, өмірлік жағдайлармен байланыстырылып оқытылады. Онда оқушылардың алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінген. Бұдан біз, білім беруде, осы уақытқа дейін оқушыларға әр пән бойынша көп білім, көп ақпарат беруге негізделген, орыс ғалымдары үлкен ренішпен айтқан, «білім, білім, дағды» парадигмасынан шығып, дамыған елдерде 30 жылдан аса уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан «оқушылардың құзыреттерін қалыптастырып, нәтижеге бағдарланған білім беру» парадигмасына өте алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Бұл – өте өкінішті жағдай. Алдағы уақытта енгізілуі жоспарланған жаңа білім беру стандарты мен оқу бағдарламасының сапасына, ғалымдар мен мұғалімдар тарапынан, көптеген өте маңызды сыни пікір айтылды.
Халықаралық «PISA» зерттеулерін саралап қарағанымызда, біздің оқушылардың «PISA 2022» зерттеуіндегі көрсеткіші «PISA 2012» зерттеу көрсеткіштеріне қарағанда төмен екенін көреміз. Бұл соңғы 10 жылда елімізде білім сапасы көтерілмегенін көрсетеді.
«PISA» зерттеулері 6 деңгейлік тапсырмалар негізінде жүргізіледі. Оның 1–4 деңгейлері, негізінен, алған білімді анықтауға бағытталған болса, 5–6 деңгейлік тапсырмалары оқушылардың алған білімін өмірдегі жағдайларды қалай пайдалана алатынын, құзыреттерінің қалыптасу деңгейін анықтайды. Өкініше қарай, «PISA 2022» зерттеуінде отандық оқушылардың тек 3–4% ғана 5–6 деңгейлік тапсырмаларды орындай алған, ал 96–97% мұндай тапсырмаларды орындай алмаған. Бұл біздің оқушылардың білім деңгейі төмен екенін толық дәлелдеп отыр.
12 жылдық мектеп туралы әңгіме көтерілетін болса, біраз адам қаражат жоқ деп, бұл мәселенің шешілуін кешеуілдете береді. Ел келешегін, ұрпақ болашағын ойламайтын және білім беру проблемасын мүлде түсінбейтіндердің пікірі сенімді... Шетелдердің озық тәжірибесін ескере отырып, 12 жылдық мектепке өтуді 4 кезеңде іске асыру керек: алдымен, 2 жыл көлемінде тиянақты ҒЗЖ жүргізіп, бастауыш мектептің білім мазмұнын жасап, 1-сыныптың оқу құралын дайындау керек; 2-кезеңде жыл сайын бір сыныптан жаңа оқу бағдарламасына көшу және 7–9 сыныптардың білім мазмұнын жасау қажет; 3-кезеңде, 7–9 сыныптардың өтуін қамтамасыз етіп, 10 –12 сыныптардың білім мазмұнын жасау керек; ал 4-кезеңде 10–12 сыныптардың өтуін қамтамасыз ету қажет. Сонда мектептерге 12-сыныпта оқитын оқушылар 12 жылдан кейін ғана келетін болады. Ол уақытта елімізде қосымша бір сыныпты оқытуға қажетті жағдай болады деп есептейміз. Осындай реформа жүйелі жүргізілсе, онда алдағы 7–8 жылда бастауыш мектеп оқушыларына озық елдер деңгейінде білім беріледі. Бастауыш мектепте алған білім жалпы білімнің мықты іргетасы болады. Сондықтан барлық дамыған елде бастауыш мектепте сапалы білімге ерекше маңыз береді.
Қорыта айтқанда, біз білім сапасын көтеруге байланысты бірнеше аса маңызды проблемаға тоқталдық. Мемлекет басшысының орта білім сапасын көтеру мақсатында ойластырылған жүйелі реформа жасау туралы айтқан ұсынысының мәнін біз осылай түсінеміз.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты