Әскер • Бүгін, 08:28

Мәртебелі мезет

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысы ҰҚК Шекара қызметі департаментіне қарасты Мақаншы аудандық шекара бөлімінде «Күз-2025» шақырылымының жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант берді.

Мәртебелі мезет

Сурет: 018.kz

Биыл 274 сарбаз Отан алдында адал қызмет етуге серт беріп, шекара күзетіне ресми түрде кірісті. Сарбаздар сап түзеп, әскери жарғыға сай ант беруі – олардың азаматтық әрі әскер жолындағы ең жауапты да мәртебелі мін­дет­терінің бірі. Салтанатты рәсімнің ашылуында ең бірінші болып облыстық ҰҚК Шекара қызметі департаментінің басшысы, полковник Асхат Ахметов құттықтау сөз сөйледі. Ол жас сарбаздардың ант беру рәсімі маңызды екенін жеткізді.

«Отан – әр азаматтың жүре­гіндегі ең қасиетті ұғым. Ант – сол қасиетті ұғымның айғағы. Сіздер еліміздің шекарасын қорғау жолында берік, батыл және адал боласыздар деп сенеміз. Қадамдарыңыз нық, қызметтеріңіз абыройлы болсын!», деді Асхат Болатұлы.

Іс-шара барысында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин де сөз сөйлеп, жас сарбаз­дарды ант беру рәсімімен құттықтады. Ол шекара қыз­метіндегі жауапкершілік пен ел тыныштығын сақтау жолындағы ерлік мәніне тоқталып, әскери борышты абыроймен атқаруға тілектестік білдірді.

Салтанатты жиында Әскери полиция басқармасының басшысы, полковник Мұратбек Тілеулиев жас сарбаздарды тәртіп пен табандылыққа шақырды. Сонымен қатар «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, запастағы полковник Арман Кәрібжанов шекара қызметінің тарихи маңызына тоқталып, бабалардан жалғасқан қаһармандық дәстүрдің бүгінгі буынға жүктеген сенімі үлкен екенін жеткізді. Ал «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары кеңесінің  Абай облысындағы өкілі Марфуға Шаймұратқызы жас сарбаздарға аналық ақ батасын арнап, олардың абыройлы қызметін атқарып, отбасына аман-есен оралуына тілектес екенін айтты. Сонымен қатар Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыс ардагерлері республикалық қо­ғамдық бірлестігінің кеңес төрағасы Нұрболат Жолболатұлы да өз құттықтауын айтып, жас сарбаздарға қажыр-қайрат пен ерік-жігер тіледі. Ол өз буынының күрделі кезеңін еске ала отырып, Отан қорғаудың ешқашан маңызын жоймайтын қасиетті міндет екенін жеткізді.

Салтанатты рәсім пат­риот­тық әндермен әрленді. Мем­лекеттік ту көтеріліп, елдік рух асқақтады. Ант беру рәсімінен кейін сарбаздар бөлімшенің аумағымен танысып, алғашқы нұсқаулықтарын алды. Осы сәттен бастап олардың нағыз әскери өмірі басталды.

 

Абай облысы,

Мақаншы ауданы