Сурет: ortcom.kz
Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қазіргі армия – тек күш пен қуат емес, ол ең алдымен интеллект. Бұл цифрлық трансформация – Президент айқындаған стратегиялық бағыттардың бірі.
Цифрландыру және ІТ қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған көрмеде министрлік негізгі цифрлық жобаларды таныстырды. Көрмеде 16 интерактивті алаң жұмыс істеді. Онда цифрлық сервистердің жұмысы нақты уақыт режімінде көрсетілді.
Негізі министрлік жыл соңына дейін кадрлық есеп жүйесінде іссапар, демалыс билеттері, заттық аттестат пен әскери атақ мерзімін көрсететін индикатор секілді 8 жаңа модульді іске қосуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта «Smart әскери комиссариат» жобасы іске қосылады. Бұл әскерге шақыру туралы SMS-хабарламалар жіберіп, автоматты тіркеу, кейінге қалдыруды онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Д.Ахмедиевтің айтуынша, жуық арада медициналық тексеру де цифрланады.
«Келісімшартпен қызметке онлайн қабылдау Jauynger.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқуға кезекке қою және жолдау жүйесі автоматтандырылды. Sarbaz 2.0 мерзімді әскери қызметшілердің жетістіктерін тіркеп, білім гранттарын әділ бөлуге көмектеседі. Ал Askeri Ziyat бірыңғай білім беру платформасы Қорғаныс министрлігінің колледждері мен ЖОО-ларына онлайн өтінім беруге мүмкіндік береді. Бұған қоса әскери қызмет мәселелері бойынша Armia.kz «цифрлық кеңесшісі» жұмыс істейді. Ол заңнама өзгерген жағдайда мәліметтерді автоматты түрде жаңартып отырады. «Бес қару» жобасы болса жасанды интеллект арқылы әскери дайындық нәтижелерін талдап, атыс, дене даярлығы және арнайы пәндер бойынша жеке ұсыныстар береді», деп түсіндірді Д.Ахмедиев.
Министрлік өкілі мұндай цифрлық шешімдер уақытты үнемдеп, бюджет шығындарын қысқартып, адами факторды азайтатынын айтады.