Үкімет • Кеше

Бүлдіргіні тыятын заң мақұлданды

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірнеше жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдап, екі кодекске бірқатар түзету енгізді. Бұған қоса Мәжіліс балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа нормаларды мақұлдады. Яғни енді елімізде педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға заңмен тыйым салынбақ. Сондай-ақ төменгі палата Сенат енгізген түзетулермен келісіп, фонограмманы пайдалануды шектеу туралы заңды мақұлдады.

Бүлдіргіні тыятын заң мақұлданды

Цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беретін кодекс

Күн тәртібінің алғашқы мәсе­лесі бойынша Мәжіліс алдымен Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобаларын талқылап, бірінші оқылымда қабылдады. Құжаттарды Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екате­рина Смышляева таныстырды.

Жаңа Цифрлық кодекс цифр­лық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформа­ларды айналымға енгізуге ар­налған. Осылайша, қабылданған кодекске сәйкес цифрлық дерек­тер, жүйелер, ресурстар мен ин­фрақұрылым құқық объектісі болып танылады.

– Цифрлық деректер айна­лымының құқықтық режімі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер эко­номикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айна­лым­ға қатыса алады, – деді депутат.

Кодекс жобасы осы күйінде қабылданса, елімізде eGov сияқ­ты мемлекеттік цифрлық жүйе мен халыққа электрондық негізде қызмет көрсететін платфор­маларға «ұлттық объект» мәр­тебесі берілуі мүмкін. Бұл өз кезе­гінде аталған цифрлық актив­тердің жекеменшікке, басқа елге сатылып кетуінен, иелігіне өтіп кетуден қорғайды.

Сондай-ақ кодекс жобасында қолданыстағы электрондық құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отыр. Біріншісі – электрондық құжаттар. Оған тек ЭЦҚ қойылған құжаттар жатады және қағаз нұсқамен теңес­тіріледі. Екіншісі – цифрлық құжаттар. Бұл мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеуге болатын, көрсетілген сәтінде түпнұсқа болып саналатын түрлі анықтамалардың құқықтық атауы деуге болады. Үшіншісі – цифрлық мәліметтер. ЖСН арқылы ІІМ базасынан алынған азамат туралы дерек, не болмаса жылжымайтын мүлік реестріндегі жазбалар осы цифрлық мәліметтерге жатқызылмақ. Басқаша айтсақ, ресми дереккөздерден алынған заңды мәні бар ақпараттар осы санатқа жатқызылады.

Екатерина Смышляева бұл өз­герістер азаматтар мен ұйым­дардың цифрлық ортада қолтаңба қою, дерек ұсыну және құжат алмасу тәртібін жеңілдетіп, құқық­тар мен міндеттерді нақтылай түсетінін айтты.

Сондай-ақ заңнамаға «цифр­лық делдал» ұғымы да енгізілуі мүмкін. Бұл ұғымдарды заңна­маға енгізу арқылы Yandex Go, Glovo, Chocofood сияқты еңбек платформаларының, Kaspi, Wildberries, Ozon сияқ­ты маркетплейстердің, booking, krisha.kz қызмет агрегатор­лары­ның, мемлекеттік цифрлық сервистердің жауапкершілігі мен жұмыс тәртібін нақты белгілеуге жол ашады.

Заң жобасының таныстырылымынан кейін болған талқылау барысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ұлт болашағына қатысты өзекті мәселе көтерді.

Депутат мектептерде смарт­фон қолдануға қатысты мемле­кеттік ұстаным төңірегінде деректер келтіре отырып, осы бағыттағы сұрағын тиісті министрлікке бағыттады.

– Ұлыбритания, Нидерланд және әлемнің 40%-дан аса елдері мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған. Біздің елде де NIS, БИЛ, «Дарын» сынды алдыңғы қатарлы бірқатар мектеп сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі – өте жақсы. Оң әсері байқалды, балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаң­даушылық азайды.

Алайда елдегі көптеген мектепте жағдай өзгеше. Мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады. Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктері бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін қандай ұсыныстары бар, – деді депутат А.Аймағамбетов.

Сұраққа Жасанды интеллект министрінің орынбасары Дмитрий Мун жауап берді. Ол әлем балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін жаппай тыйым салу арқылы емес, олар тұтынатын мазмұнды екшеп ұсыну арқылы реттеп жатқанын атап өтті.

– Әлеуметтік желілерде ата-ананың бақылауынсыз тіркелуге қатысты айтсақ, қазір әлем кері­сінше әлеуметтік желіге қол жеткізудің түрлі жолдарын ұсы­ну жағына жылжып жатыр. Бірақ белгілі бір жас шектеулері, мазмұнды екшеп ұсыну тәжірибесі бар. Балалардың заман ағымынан, технологиядан кенже қалмай дамуына да басымдық беріліп отыр. Сондықтан бізде де осындай үлгіде жұмыс жүргізіледі, – деді вице-министр.

Осы ретте Цифрлық кодекс аясында мектепте смартфон қол­дануға тыйым салу көзделмегенін айта кеткеніміз жөн. Керісінше, Д.Мун министрліктің ұстанымы жас ұрпақты заман ағымынан қалдырмай, жұмыста интернет мүмкіндіктерін, жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды үйрету екенін айтты.

 

Қоғамды құлдырататын насихатқа жол берілмейді

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабыл­дан­ғанын да айта кеткен жөн. Заң жобасын екінші оқылымда таныстырған депутат Елнұр Бейсембаев осы уақыт ішінде бұл құжат жан-жақты пысықталып, маңызды жаңа нормалармен толықтырылғанын жеткізді.

Ең бастысы, «Amanat» партия­сының сайлауалды бағдар­лама­сындағы басым міндеттердің бірі ретінде мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлері жалақысы арттырылатын болды. Яғни жергілікті атқару­шы органдардың рөлін күшей­ту ар­қылы жалақыға қосымша 25 па­йыз ақы төленбек. Сон­дай-ақ елімізде алғаш рет мем­лекеттік архивтерге «Ұлттық» мәр­тебесі беріледі. Осы басым­дық арқылы да ұлттық архивтер­дің қызметкерлеріне еңбек­ақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылады.

Жалпы отырыста креативті индустрияны дамытуға арналған жаңа заң жобасы да мақұлданды. Заң жобасы «Кәсіпкерлік кодекс» пен «Мәдениет туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістер шығармашылық саланы кешенді түрде дамытуға, құқықтық негізін айқындауға және мемлекеттік қолдауды жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар төменгі палата депутаттары Сенаттан қайтып келген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулермен келісіп, фонограмманы пайдалануды шектейтін заңды қабылдады.

Ал ЛГБТ-ны насихаттауды тыйым салу бойынша норманың авторы ретінде депутат Еділ Жаңбыршин сөз сұрады. Депутат бұл мәселенің бес жылдан бері қызу талқыланып келе жатқанын айтып, Мәжілісте мінберінен қаншама рет депутаттық сауал жолданып, мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланғанына тоқталды.

– Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз үгіт-насихат жүргізді. Ең сорақысы, олар әлеуметтік желілер арқылы жыныс мү­шелерін, сексуалдық қарым-қатынастарын ашық жариялап қана қоймай, қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр, – деген Е.Жаңбыршин бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қар­жы­ландырылып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормалар кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмағанын жеткізді.

– Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық инс­титутты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді бүлдіргі идеологиялардан қор­ғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Осы ретте бір мәселені ескерткім келеді. Бұл – «Өз ережеңмен өзгенің үйіне барма» деген әлем халқына тән қағидат. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйым­ның құқығы жоқ, – деген Е.Жаңбыршин әріптестерін ұлттың мүддесін қорғауға бағыт­талған нормалардың енгізілуін барынша қолдауға шақырды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс пайдалы қазба кенішін барлауға өтініш беру тәртібін оңтайландыратын заң жобасын мақұлдады. Құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шарханның айтуынша, кен бар деп болжанған учас­кені барлауға өтінім беру үдерісі қысқартылмақ. Қазір «бірінші өтінім» қағидаты бар болғанымен, зерттеу рұқсатын беру екі кезеңде жүзеге асады. Сондай-ақ ол заң жобасы қатты пайдалы қазбаны тәжірибе үшін өндіреміз деген сылтаумен жасырын игеруге тыйым салатынын айтты.