Үкімет • Кеше

Инвестициялық игі қадам

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен елдегі қазіргі өзара іс-қимыл мен іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері жөніндегі «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-отырысы өтті. Жиынға ЕО елдері бизнес-қоғамдастығының өкілдері, дипломатиялық миссиялар мен сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.

Инвестициялық игі қадам

Еуропалық одақ – еліміздің ірі сауда әрі инвестициялық серіктесі. Биыл 9 айда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 33,1 млрд доллар­ды құрады. Осы жылдың бірін­ші жартыжылдығында ЕО елдері­нен ел экономикасына тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 4,2 млрд долларға жетті. Елімізде машина жасау, энергетика, агрохимия, фармацевтика, азық-түлік өнеркәсібі сияқ­ты басқа да салаларда еуропа­лық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам кәсіпорын жұ­мыс істейді. Олардың арасын­да «Alstom», «Claas», «Carlsberg», «Polpharma» мен басқа да бірқатар компания бар.

Олжас Бектенов еуропалық әріптес­термен өзара іс-қимыл­ды терең­детуге мүдделі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халық­қа Жолдауында инвести­циялық саясатты жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. Біз эко­номикаға ұзақмерзімді инвес­тиция тар­туға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Еуропалық бизнес­тің Қазақ­стандағы қатысуын кеңейту үшін әрі өндірісті локализациялау мақсатында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», деді О.Бектенов.

Биылғы 10 айда еліміздің негізгі капиталына салынған инвестиция 13,1%-ға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті.

Ел Үкіметі инвесторлардың мүдделерін қорғауға, бизнеске қолдау көрсетуге кепілдік беретін құқықтық,  институционалдық негіздерді жоспарлы түрде ны­ғайтып келеді. Бизнеске арналған әкімшілік талаптарды жеңілдету шаралары аясында есеп беру түрлерінің жартысына жуығы жойылды. EgovBusiness веб-порталы мен мобильді қосымша арқылы инвесторларға барлық мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша ұсы­нылып отыр. Жалпы, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн-форматқа ауыстырылған.

Жаңа Салық кодексінде инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баж салық­тарынан босату, заттай гранттар беру мен басқа да жеңілдіктер түріндегі икемді преференциялар сақталған. Бизнеске инфрақұрылым бо­йынша қолдау арнайы эконо­микалық, индустриялық, шағын өнеркәсіптік аймақтарда дайын өндіріс алаңдарын ұсыну түрінде көрсетіледі.

Жиында ЕО елшісі Алешка Симкич, Германия елшісі Моника Иверсен, Нидерланд елшісі Нико Схермерс, Франция елшісі Сильван Гиоге, Швеция елшісі Стефан Эрикссон, Қазақ­станның Еуропалық бизнес қауымдастығының төрағасы Ерлан Досымбеков, Glovo Қазақстан (Испания) бас менеджері Лаура Мартин Алькарас ұсыныстары мен ұсынымдарын айтты. Бизнес жүргізу мен дамыту шарттары, болжамды салық саясаты мен заң үстемдігіне қатысты және тағы да басқа мәселелер көтерілді.

Еуропалық одақ елшісі Алешка Симкич еліміз еуро­палық инвесторларға Орталық Азиядағы негізгі бағыт екенін атап өтті. Ынты­мақтас­тықтың келешегі зор бағыттары ретінде энергетика, цифрлық ком­му­никациялар мен ЖИ, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруа­шылығы, су ресурстарын басқару сияқты басқа да салалар аталды.

«Қазақстан WEF жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі сияқты рейтингтердегі өз ұстаны­мын жақсарта түскен. Инвес­­ти­цияға қатысты бірқатар негізгі көрсеткіш бойынша Қазақ­­стан өңірде көш бастап тұр. Инвес­торлар жағдайын одан әрі жақсарту болашақта үлкен пайда әкелуі мүмкін», деді Нидерланд елшісі Нико Схермерс.

Франция елшісі Сильван Гиоге инвесторларға сенімді құқықтық база қалыптастырып отырған мемлекеттік деңгей­дегі реформаларға байланыс­ты фран­цуз компаниялары ел нары­ғына үлкен қызы­ғушы­лық танытып отырғанын айтты. Швеция елшісі Сте­фан Эрикссон еліміздегі цифр­лық трансформацияның маңыз­дылығын атап өтіп, швед ком­панияларының жасанды интеллект технологияларын енгізу саласында тәжірибе алмасуға мүдделі екенін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бо­йынша қатысушылар Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға әрі инвестициялық байланыстарды жандандыруға жан-жақты ықпал етуге дайын екендерін жеткізді. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жиында айтылған мәселелер мен ұсынымдардың барлығын пысықтауды тапсырды.