Президент • Кеше

Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан Қазақстан – Ресей форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші», деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан Қазақстан – Ресей форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Форумға екі елдің нәтижелі стратегиялық серіктестігін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді

«Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. 

Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады», - деді Мемлекет басшысы.

Ол сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.

«Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. 

Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 

2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды.

Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. 

Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.

«Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз. 

Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. 

Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанына назар аударды.

«Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді. 

Мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі елдеріміздегі өнеркәсіп өсімі мен технологиялық жаңғыруға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент жақында елімізде жасанды интеллектіні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілгенін жеткізді. Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие екенін алға тартты.

«Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті. 

Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты. 

АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады.

Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие.

Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы университеттердің көпшілігімен серіктестік орнатқанын жеткізді.

Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп жазған болатын. Бұл сөз әлі де өзекті. Ресейдің жоғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлемдік ғылым-білім прогресінде көптеген көрсеткіш бойынша көш бастап келеді.

«Екі елдің жоғары оқу орындары арасында қос дипломды бағдарламаны және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруды қарастыратын 1453 келісімшарт жасалған.

Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты қызмет істеп жатыр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. 

Әсіресе, құрметті Владимир Владимирович, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей араласуыңызбен ашылған Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын айрықша атап өтуге болады.

Сонымен қатар Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшесі жұмысын бастады. 

Ресейде Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жемісті жұмыс істей бастады», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрпатты маман даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты.

«Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық. 

Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады. 

Техникалық және кәсіптік білімді ақысыз негізде беру жобасы іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді. 

Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс. 

Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды.

Қазақстандағы 60-тан астам колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал тоғыз колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр», - Қазақстан басшысы.

Президент түпкі мақсатымыз – еңбеккерлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу екенін еске салды.

«Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еңбек адамдарын құрметтеу үшін тиісті шаралар қабылдануда.

Сайып келгенде, біздің түпкі мақсатымыз – еңбеккерлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу. Бұл жүздеген мың азаматты ынталандырады.

Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты саналатын кадр даярлау ісіндегі серіктестікті дәйекті түрде тереңдетіп келеді. 

Білім беру және өндіріс саласындағы байланыстарды жандандыру маман даярлау сапасын жетілдіріп, озық технологияларды енгізу үдерісін үдете түсеріне сенімдімін», - деді ол.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар екенін атап өтті.

«Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. 

Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы. 

Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді. 

Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. 

Орайлы сәтті пайдаланып, Форум қызметіне және барлық салада өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға әрдайым назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. 

Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.