Аймақтар • Бүгін, 16:26

Алматыда ашылған жаңа скверге Нұрлан Смағұлов қоры 1 млрд теңге бөлді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәл осы күндері мегаполисте жұрт алаңсыз дамылдап, серуендейтін орындар бірінен кейін бірі кезегімен халықтың игілігіне беріліп жатқаны қуантады. Жасыл желекті жаңа саябақтардың көп қабатты үйлерге қамалған қала тұрғындарының денсаулығы мен көңіл-күйіне тигізетін септігі де орасан.

Алматыда ашылған жаңа скверге Нұрлан Смағұлов қоры 1 млрд теңге бөлді

Алматы қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы хабарлап отырғандай, саябақтар, скверлер, жасыл аймақтар құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, барлық ауданда бір ауық дамылдап, серуендейтін орындар ашылып жатыр.

Алайда соңғы күндері салтанатты ашылуына қала әкімі Дархан Сатыбалды ортақтасқан жаңа сквердің орны бөлек. Президенттің бұрынғы резиденциясының орнында пайда болған демалыс орнының өзіндік тарихы бар. Мегаполистегі Назарбаев даңғылының батысына қарай, Ганди көшесінің солтүстігін алып жатқан саябақты салу үшін мемлекет қаржысынан бөлек, Нұрлан Смағұлов қоры 1 млрд теңге бөліп отыр.

«Бұл – Алматының төрінде орналасқан тарихи орын. Өкінішке қарай, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде бұл ғимарат қатты бүлінген болатын. Бұдан кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жерде қала тұрғындары үшін саябақ салынсын деген шешім қабылдап, біз де осы бастамаға өз үлесімізді қосып, Нұрлан Смағұлов қоры 1 млрд теңге бөлді. Бұл істің коммерциялық жоба емес екенін айта кеткен жөн. Өздеріңіз көріп отырғандай, ел ризашылығын білдіріп жатыр, бала-шаға, жастарға қоса, үлкен кісілер де келіп, көңілдері көтеріліп, сейіл құра бастады», деді Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов.

в

Бұл саябақ та қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасының бір бөлшегі ретінде жайлы қала тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейді. Нысанның жалпы ауданы 4,16 гектар болса, оның 3 гектарға жуығы жасыл желекке бөленген.

Құрылыс жұмыстары барысында инженерлік, абаттандыру жұмыстары толық орындалды. Аумақта заманауи жарықтандыру мен автоматты суару жүйелері орнатылып, 10 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер жолы төселіп, 77 орындық пен 52 қоқыс жәшігі қойылды. Ауқымды түрде жүргізілген көгалдандыру жұмыстары кезінде 425 ағаш отырғызылса, оның 166-сы қылқан жапырақты, сондай-ақ 590 сәндік бұталардың көшеттері бой көтерді.

Жаңа саябақтың тағы бір ерекшелігі – қыста мұз айдыны ретінде пайдаланылатын жасанды тоған. Бұл тоған саябақты жылдың төрт мезгілінде жетімсіретпей, қыста да жұртты өзіне тартатын болады. Мамандардың айтуынша, абаттандыру кезінде климаттық жағдайларға төзімді материалдар мен экологиялық технологиялар қолданылған.

Қалай десек те, қаланың қақ ортасында пайда болған әсем саябақ бүкіл алматылықтардың ортақ игілігіне айналып, қызығын жұрт жабылып көретін қоғамдық демалыс орнының біріне айналатыны даусыз.

Өз кезегінде Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы да Алматыда саябақтар мен жасыл аймақтарды құру жөніндегі жобалар жүйелі түрде іске асып, шаһардың басқа аудандарында да халық алаңсыз серуен құратын жаңа алаңдар пайда болып жатқанын айтады.

Нұрлан Смағұлов қоры – жеке қайырымдылық ұйым. Мұндай қор құрудағы негізгі мақсат – мәдениет, өнер, спорт пен әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, дамыту, сонымен бірге еліміздің дарынды адамдары үшін жаңа мүмкіндіктер тудыру.

Ақиқатында, қор құрылғалы бері бірқатар сауапты бастамаға демеуші болып, су тасқыны кезінде зардап шеккен Орал қаласының тұрғындарына 264 пәтер сатып әперіп, мүгедектерге көмек беріп, білім беру мекемелері мен мәдениет және өнер саласындағы нақты жобаларға қаржылай қолдау танытты.