Сауда • Кеше

4,4 млрд долларға 30 жоба: Қазақстан мен Ресей арасында қандай мәміле бар?

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумының екінші күнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев БАҚ өкілдеріне сұқбат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

4,4 млрд долларға 30 жоба: Қазақстан мен Ресей арасында қандай мәміле бар?

Суреттерді түсірген – Мәди Ғұбайдуллин

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және өзара сенімге негізделген байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қос елдің берік ынтымақтастығы – жаһанға үлгі. Екі ел Президенттері белгілеген бағыттар аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мықты негіз қалап отыр. Бүгінгі форум – соның айқын дәлелі», деді Н.Төреғалиев.

Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы Ресеймен шектес аймақ болғандықтан, екі арадағы экономикалық байланыс өте тығыз. Соңғы үш жылда облыстың Ресеймен сыртқы сауда айналымы 2 млрд доллардан асқан. Бүгінде өңірде шетелдіктердің қатысумен 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді, оның жартысы – ресейлік компаниялар. Олар өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Нариман Төреғалиев мысал ретінде Калужск турбин зауытымен бірлескен жоба нәтижесінде жаңа турбина орнатылып, қуаттылық 12 МВт-қа артқанын атап өтті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекеттері сауда, экономикалық серіктестік және халықтар арасындағы байланыс үшін негізгі стратегиялық дәліз екені рас. Биыл «Сырым» мемлекеттік шекара өткізу пунктін жаңғырту жұмысы басталды. 2026 жылы «Тасқала» мемлекеттік шекара өткізу пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. «Бұл тек логистикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға, сауда ағынын өсіруге және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді» дейді өңір басшысы.

фото

Батыс Қазақстан облысындағы су ресурсының 80%-ы Ресей аумағынан келетін трансшекаралық өзендер үлесіне тиеді. Сондықтан сумен қамту мәселесінде екі ел арасындағы комиссия тұрақты жұмыс істеп, экожүйені сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша маңызды шешімдер қабылдап келеді. «Бүгінгі кездесуіміз жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өзара іс-қимылымызды жаңа саяси деңгейге көтеретініне сенімдімін. Алдағы жұмыстарыңыз табысты болып, форум нақты нәтижелер мен жаңа бастамалармен қорытындылансын!» дейді өңір басшысы.

«Біздің ортақ мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту. Алдағы уақытта өзара тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуді, тауар айналымын әртараптандыру мен өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуді көздеп отырмыз», дейді еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстанда 12 000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 30 жобаны екі ел кәсіпкерлері бірлесіп атқарып жатыр екен. Оның жалпы сомасы 4,4 миллиард долларды құрайды. Алдағы уақытта 30,8 миллиард доллар көлеміндегі тағы 29 жоба және 23 000-нан астам жаңа жұмыс орнын жасақтау жоспарланған. Бұл жобалар өнеркәсіптік өсімнің негізін құрайтын энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған.

Министр өз сөзінде адами капиталды дамытуға және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ерекше назар аударылып жатқанын айтты. Қазақстанда 2030 жылға дейін Еңбек нарығын дамыту Концепциясы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – жұмысшылардың біліктілігін арттыру және кем дегенде 3,8 миллионнан астам сапалы жұмыс орнын дайындау. Бұл жалпы жұмыспен қамтудың 45%-ын құрайды. Қазақстан мен Ресей дуальды және кәсіптік білім беру бағдарламаларын белсенді түрде дамытып жатыр. Қазір Ресей жоғары оқу орындарында 55 000-нан астам қазақстандық студент оқыса, Қазақстанда 2000-нан астам Ресей азаматы білім алады екен.

«Жаңа технология бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналды. Қазақстан экономиканың барлық саласында жасанды интеллектті белсенді енгізіп жатыр. Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды, жасанды интеллект акселераторлары мен білім беру бағдарламалары – AI Qyzmet, AI Sana және AI Olymp дамып келеді. Біз тек технологияны жасап қоймай, оларды кең көлемде енгізу үшін орта қалыптастырамыз», деді Сауда және интеграция министрі.

М.Ғұбайдуллин

Айта кетейік, форум аясында Оралда бүгін өңірдегі колледждер мен кәсіпорындардың арнайы көрмесі өтіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы