Фото: kazgazeta.kz
Биыл Абай облысынан 451 спортшы Қазақстанның ұлттық құрамасына енді. Мейірлан Рахановтың айтуынша, бұл көрсеткіш соңғы үш жылда тұрақты өсімді көрсетіп отыр.
«Біздің спортшылар халықаралық аренада өздерін сенімді түрде көрсетіп жүр. Азия және әлем чемпионаттарында 183 медаль жеңіп алса, ел ішіндегі жарыстарда 1 200-ден астам жүлде иеленді. Бұл – өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі», деді әкімнің орынбасары.
Облыста 48 спорт федерациясы жұмыс істейді, 26 мекемеде 14 мыңнан астам адам тұрақты түрде жаттығады.
Абай облысында 150 217 жас азамат тұрады – бұл өңір халқының төрттен бірі. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен биыл жастар саясаты жөніндегі жеке басқарма құрылды.
«Жыл басынан бері 149 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, оған 1,5 мыңнан астам жас қатысты. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 7 106 жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде 411-і – ұлттық жобалар бойынша, 2 307-і – жәрмеңкелер арқылы, 2 596-сы – «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» президенттік бастамасы аясында, ал 1 792-сі – субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан», дейді М.Раханов.
Спикердің айтуынша, жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де бақылауда тұр. Кезекте 15 549 адам тұр, ал биыл түрлі тұрғын үй бағдарламалары арқылы 413 жас пәтер алған.
Абай облысының мәдениет саласы да жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде 296 мәдениет мекемесі жұмыс істейді, онда екі мыңнан астам маман, негізінен ауылдық жерлерде, еңбек етіп жүр.
«Жыл басынан бері ондаған маңызды іс-шара өтті, соның ішінде «Абай елі – өнер кеніші» байқауы 1 500-ге жуық қатысушыны жинады. Жеңімпаздарға 1 миллион теңгеден сыйақы берілді. Абайдың 180 жылдығына орай 50 мыңнан астам адам қатысқан 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды», дейді ол.
6 мәдени нысан жөндеуден өтті, оның ішінде Шар және Қарауыл ауылдарындағы мәдениет үйлері, Ф.М. Достоевский мұражайы, Абай атындағы театр, облыстық кітапхана және мұрағат бар. Республикалық бюджет есебінен өлкетану мұражайының күрделі жөндеуі жүргізілуде, ал Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орындық ауыл клубы салынып жатыр.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында өңірде 2 700 орындық төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Абай облысында 177 балабақша мен 191 шағын орталық жұмыс істейді, кезекте шамамен 5,8 мың бала бар.
«Кезекті азайту үшін биыл бес жекеменшік балабақша ашылды, Мақаншы ауылында 140 орындық балабақша салу бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Облыста 311 мектеп бар, жаңа оқу жылында 100 мыңнан астам оқушы білім алуда. Семейде 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады», деді Мейірлан Раханов.
Оның айтуынша, сондай-ақ Семей мен ауылдарда жаңа мектептер салынып жатыр, ал «Қазақстан халқына» қоры арқылы 36 мектепке 58 заманауи оқу кабинеті берілді. Тағы 4 оқу орнының әрқайсысы 250 миллион теңгеге жабдықтар мен жиһазбен қамтамасыз етілді.
Абай облысы