Атап айтқанда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу кезінде қызметкердің Салық кодексінде көзделген барлық айлық табыстары ескерілетіні нақтыланды.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу кезінде келесі төлем түрлері ескерілмейді:
-
Салық кодексінің 365-бабында көрсетілген (жеке тұлғаның табысы болып саналмайтын) төлемдер;
-
Табыс көзі болып табылатын тұлғаның салық салынатын табысын азайтатын төлемдер.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығындар агенттің еңбекақы қорының құрамына кіреді.
Жалпы, түзетулер мына бағыттарда енгізілді:
-
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылмайтын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), сондай-ақ жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есептелмейтін төлемдер мен табыстарды анықтау;
-
Интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін немесе жұмыс атқаратын жеке тұлғалар үшін платформалық жұмыспен қамтудың интернет-платформасы операторының міндетті зейнетақы жарналарын төлеу агенті ретінде белгіленуі;
-
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін (АСР) қолданатын тұлға ұғымының енгізілуі;
-
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолдану кезінде міндетті зейнетақы жарналарының есептеу объектісін, мөлшерлемесін және төлеу мерзімін айқындау;
-
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша берешек сомасы 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда, мемлекеттік кірістер органының қарыз туралы хабарлама жіберу және шара қолдану тәртібін белгілеу.
Құжатта көрсетілгендей, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 6 АЕК-тен астам берешек өтелмеген жағдайда, агент қызметкерлер тізімін мемлекеттік кірістер органына хабарлама табыс етілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынуы тиіс.
Мемлекеттік кірістер органы берешек 6 АЕК-тен асқан күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек сомасы туралы хабарламаны агентке жолдайды, ол кейіннен Мемлекеттік корпорация арқылы БЖЗҚ-ға аударылады.
Хабарлама агентке қолхатпен жеке табысталады немесе жіберілген және алынғанын растайтын тәсілдердің бірімен жолданады.
Сондай-ақ, егер жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша 6 АЕК-тен асатын берешек өтелмесе, мемлекеттік кірістер органы агенттің банк шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын хабарлама табыс етілген күннен кейін он жұмыс күні өткен соң тоқтатады.
Қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.