Тұрғындардың қауіпсіз ортада, алаңсыз өмір сүруіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тікелей әсер етеді. Облыс құрылған жылы бюджет көлемі 251,3 млрд теңге шамасында болса, қазір екі есе өсті. Өңір бюджеті биыл 500,9 млрд теңгені құрады. Осы қаражаттың 45,4%-ы немесе 227,3 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды. 9 айдың қорытындысы бойынша облыстың даму көрсеткіштерінде оң өсім сақталып отыр. Көлік саласында 123,4%, байланыс саласында – 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, инвестицияда 103,1% өсім тіркелді. 10 айда мемлекеттік бюджетке облыстан 137,3% өсіммен 441,4 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Оның 71,7%-ы (316,7 млрд теңге) республикалық, 28,3%-ы жергілікті бюджетке (124,7 млрд теңге) тиесілі.
Облысты дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Бұл тізімде Семей қаласының инфрақұрылымын дамытатын якорлық жоба ретінде жаңа шағын аудан құрылысын бастау міндеті бірінші қатарда тұр. Сондай-ақ инвесторларға жағдай жасау, индустриалдық аймақтың көлемін ұлғайту сынды тапсырмалар күн тәртібінде. Бұдан өзге, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі де басымдық беріліп отырған бағыттар қатарында. Кейінгі жылдары облыс әкімдерінің жұмыс ауқымы бюджетті негізгі салаларға бағыттап, тиімді пайдаланумен ғана емес, инвестициялық жобаларға қаншалықты басымдық бергенімен өлшенетін болды. Өңір басшысының айтуынша, жыл басынан бері іске асып жатқан жобалардың саны 29-дан 97-ге дейін артқан. Инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өскен.
– 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі
577,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 297,5 км «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Өңірдің, еліміздің дамуына тың серпін беретін бағыт Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2023 жылы басталды. Мердігер ұйым – «China Harbour Engineering Company». Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді. Қазір 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Б.Уәли.
Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында Түркияның «Miryildiz Kz.Ltd» компаниясы жалпы құны 480 млн АҚШ долларын құрайтын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыра бастады. Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 453 жұмыс орнын ашу арқылы 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 13,3 млрд теңгеге 7 жоба іске асырылып, 124 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд теңгені құрайтын 255 жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 7 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаға жер беріліп, толыққанды игерілген. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы индустриялық аумақты кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі Семей қаласының өнеркәсіптік аймағына 500 га жер бөлуді жоспарлаған. Егер осы жоба мерзімінде іске асса, инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кең, шетелдік инвесторлармен жасалып жатқан келісімшарттар да жетерлік.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 9 айда 339,5 млрд теңгені құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімдері 209,7 млрд теңгеге өндіріліп, 105% өсім қалыптасқан. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 15,1 млрд теңге субсидия бөлінген. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 2,5 млрд теңге, мал шаруашылығына – 4,8 млрд теңге, қаржы құралдарын субсидиялауға, қайта өңдеу саласына 7,8 млрд теңге қарастырылған. Жалпы ауданы 152,3 мың га болатын 428 пайдаланылмай жатқан жер учаскесі қайтарылған. Облыстағы инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге облыс әкімдігі жіті назар аударып отыр.
Журналистер облыс әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты сұрақтар қойды. Бір сауал жаңадан бой көтеретін «Smart City» шағын ауданы туралы болды.
– Семей қаласының облыс орталығы мәртебесінен айырылғанына ширек ғасырдан асты. Соның салдарынан қалада 1981 жылдан бері бірде-бір мәдени нысан салынбапты. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Абайдың 180 жылдығы қарсаңында «Абайға құрмет» деген атаумен үлкен акция бастадық. Соған сәйкес, өңірлер қалаға тарту ретінде ғимараттар салып беруге қолдау көрсететін болды. Сол ғимараттар түсетін орынды «Smart City» деп атап, жаңа шағын аудан құруды жөн көрдік. Қала шетінен «болашақтың қаласына» 1 100 га орын белгіледік. Бұрын-соңды мұндай ауқымды құрылыстар қалада іске аспаған. Енді осы жобаны барынша тиімді жоспарлаған соң, алғашқы нысандар салына бастайды, – деді спикер.
Орайы келгенде біз де әкімге туризмге қатысты сауал қойдық.
– Алакөл демалыс орны 26 мың тұрғыны бар Мақаншы ауданының аумағында орналасқан. Көл жағалауында күнделікті орта есеппен 20 мыңға жуық адам демалады. Қонақтар санының өзі бір ауданмен пара-пар. Сондықтан жағалаудың маңын таза ұстауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға тағысын-тағы жұмыстарды реттеуге бір ауданның шамасы жетпейді. 2018 жылдан бері Алакөл жағалауына қаражат қарастырылмаған. Биыл көктемде біз 1 млрд теңге қарастырып, қоғамдық кеңістік, жағалау, қоқыс тастайтын жәшіктерді, көзге көрінетіннің бәрі-бәрін жаңарттық. Өкінішке қарай, маусымға дайындықты кеш бастадық. Сондықтан биыл шомылу маусымы аяқтала салысымен, қыркүйек айынан келер маусымға дайындықты бастап кеттік. Орталықтан бағынатын өз алдына дербес мекеме құратын болып шештік. Жағалаудағы тазалыққа, тәртіпке тағы сол секілді талап-ережелердің сақталуына осы мекеме жауапты болады. Елдің туристік әлеуетін ескере отырып, биыл туризм басқармасын да құрдық. Қорыта айтсақ, Алакөлдің мәселесін бір күнде шеше алмаймыз. Оған Үкімет тарапынан қомақты қаражат қаралуы керек, – деген облыс әкімі жауабын инвестициялық жобалардың жай-жапсарымен түйіндеді.