Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Осы саланың түйткілін тарқатып, түйінін шешуге бағытталған 2023–2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев көші-қон ахуалы жақсарып келе жатқа-нын айтады.
«Көші-қонның оң сальдосы үш жылдан бері сақталып отыр: 2023 жылы +9 344, 2024 жылы +17 164, 2025 жылы
+7 700 адам. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысында көші-қон сальдосы +7,7 мың адамға көбейді. Елге 11,3 мың адам келіп, 3,5 мың адам көшіп кеткен. Қоныс аударушылар негізінен ТМД елдері мен Қытайдан келеді», деді А.Ертаев.
2023 жылдан бері шетелге жұмыс істеу мақсатымен баратын азаматтардың қатары азайған. Биылғы тоғыз айдың қорытындысына сүйенсек, шетелде 156,7 мың отандасымыз, оның ішінде Ресейде – 128,8 мың, Кореяда – 15,2 мың, Польшада – 2,6 мың, Ұлыбританияда 1,4 мың алам еңбек етіп жүр.
«Шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында былтыр Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасында осы елде еңбек етуге барған жерлестерімізді жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қойылды. Биылғы жылдың басында Ұлыбританиямен еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы жасалды. Қазіргі уақытта осындай келісімдер мен меморандумдарды Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния, Финляндия елдерімен жасасу жөнінде мәмілеге келдік. Елімізде шамамен 400 жұмыспен қамтудың жекелеген агенттігі шетелде азаматтарымызды жұмысқа орналастырады. Олардың қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді», деді вице-министр.
Аймақтар арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті азайту мақсатында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға да баса мән беріліп отыр. Солтүстік, оңтүстік өңірлер арасындағы көші-қонның теріс сальдосы төрт есеге азайды, 2019 жылы 53 мың адам болса, 2024 жылы 13 мың адамға дейін төмендеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішкі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,8%-ға артты (306,8 мың адам). 2017 жылдан бері еңбек ресурсы жоғары өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға 64,6 мың адам қоныс аударды, оның ішінде 28,6 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Еңбек иммиграциясы бағытымен биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 19,4 мың бірлік көлемінде белгіленді, оның ішінде 14,7 мың шетелдік қызметкерді заңды тұлғалар нақты жұмысқа тартқан. Еңбек мигранттары негізінен Қытай (5 330), Өзбекстан (2 682), Түркия (1 046 адам) елдерінен келген. Экономикалық қызмет түрлеріне қарай жіктегенде шетелдік жұмыскерлердің басым бөлігі құрылыс (4 929), ауыл шаруашылығы (3 140), тау-кен өндіру өнеркәсібі (1 240 адам) саласында жүр. Үй шаруашылықтарына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жалпы жұмыс күшінің 2,9%-ы деңгейінде немесе 237,8 мың бірлік көлемінде. 2025 жылғы 1 қазанға дейін бұл санаттағы еңбек қызметіне 132,5 мың адам тартылған. Өзбекстаннан – 124,1, Тәжікстаннан – 7,1, Әзербайжаннан 1,2 мың адам елімізде жұмыс істейді.
Еңбек көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру бағытында бірқатар шара қолға алынды. Маусымдық кезеңде келетін ше-телдік жұмыскерлерге арналған кәсіптер тізбесі 6-дан 10-ға жетті, оған құрылыс, абаттандыру, қызмет көрсету салаларындағы біліктілігі төмен жұмыскерлер де енгізілді. Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 0,2%-дан 0,25%-ға дейін ұлғайтылды, еңбек иммигранттарына арналған квота 3%-дан 2,95%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар заңды тұлғаларға шетелдік азаматтардың арасынан бірінші басшылар мен олардың орынбасарларын тарту санына шектеу қойылды. Демек, олар әрбір лауазымда қосақталмай, бір басшы ғана келеді.
А.Ертаев тарихи отанына қоныс аударатын этностық қазақтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жалпы, 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 159,1 мың этностық қазақ көшіп келген. Биыл атажұртқа 11 012 этностық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Осы жылғы 1 қазанға дейінгі деректерге жүгінсек, олардың арасында еңбекке қабілетті жастағы этностық қоныс аударушылар саны – 6 431 (58,4%), кәмелетке толмағандар – 3 607, (32,8%), зейнеткерлер – 974 адам (8,8%). Жоғары білімі барлар – 979 (15,3%), арнаулы орта білім алғаны – 1 828 (28,4%), жалпы орта білімі барлары – 3 253 адам (50,6%). 159 адамның (3%) білімі жоқ.
Этностық қазақтардың қоныстандыру аймақтарына көшуінде оң динамика байқалады. 2025 жылы елге келгендердің 23%-ы (2 443 адам) арнайы белгіленген өңірлерге қоныс тепті. Олардың бейімделу тиімділігін арттырып, өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында түрлі қолдау көрсетіледі. Қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдетілді, өңірлерде көшіп келген азаматтарды жұмыспен қамту һәм бейімдеуге бағытталған бағдарламалар да бар. Елімізге келіп өмір сүруге, сондай-ақ интеграциялау рәсімін жеңілдетуге бағытталған «Ата жолы» картасының иелерін ынталандыру тетіктері де әзірленіп жатыр.
Қоныс аударған этностық қазақтар негізінен еңбек күші тапшы өңірлер: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстарына орналасты. Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 2 309 адам. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, қоныстандыру өңірлеріне 1 467 адам көшіп келген. Өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде қаражат бөлінеді. Тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (58,9-ден 117,9 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қаржы қарастырылады. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдауға қатысты институционалдық шаралар да қолға алынды. Тұрғын үй сатып алуға, үй салуға немесе ипотекалық тұрғын үйдің бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға қаржылай қолдау көрсетіліп, экономикалық ұтқырлық сертификаты табысталды. Сертификат тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз әрі қайтарымсыз негізде беріледі.
Көші-қон саясаты тұжырымдамасын одан әрі жетілдіре түсу әрдайым маңызды. Есепке алу жүйесін дамыту мақсатында ішкі-сыртқы көші-қонның Бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Enbek.kz экожүйесін «Ұлттық білім деректер қоры» ақпараттық жүйесі сынды салалармен интеграциялау жоспары бар. Бұл мектеп түлектері мен «Серпін» грант иегерлері туралы деректерді алу, сондай-ақ олардың «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл аманаты», «Инновациялық навигатор» бағдарламалары негізінде жұмыспен қамтылуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Екінші бағыт – сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жаңғырту. Сыртқы көші-қон ағындарының өзгерістері олардың ауқымы мен қарқындылығын бағалауда айқындалады. Салалық жүйелер мен инфрақұрылымның ықтимал сын-қатерлерге дайындық деңгейіне терең талдау жүргізіледі. Иммигранттарға арналған бейімдеу курстарының бірыңғай стандарттары енгізіледі.
Үшінші бағыт еңбек көші-қонын ынталандыру мен реттеуді күшейтеді. Кәсіпкерлікті дамытып, өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп, мобильді кәсіпкерлікті дамыту тетіктері әзірленеді. Бұл кәсіпкерлерге тіркелген жерінен тыс бизнес ашып, ауқымын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелде тұратын отандастармен әрдайым байланыс орнатуға арналған тұрақты коммуникациялық арналар іске қосылады. Түйіндеп айтқанда, бес жылды қамтитын Көші-қон тұжырымдамасы бұл саладағы түйткілдің түйінін тарқатып, қордаланған мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.