Оның Президент тапсырмасымен салынған Қарағандыдағы іргелі әрі ілгері №19 «Келешек мектебінде» қызмет етуі де содан. Жаңа мектепте биылғы оқу жылынан бастап сабақ береді. Ал бұған дейін жұмыс істеген Абай атындағы мектеп-гимназиясының құрылғанынан бастап бүгінге дейін өрлеуіне жас педагогтің өзіндік үлесі бар.
Біршама талантты оқушылары республикалық додалардан топ жарып келді. Астанада өткен шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауында шешендік өнер аталымында Еркежан Қаныш есімді оқушысы екінші орын иеленген. Көп ұзамай Ақтау қаласында өткен Х республикалық «Ақберен» оқуларынан Еркежан шәкірті үшінші орын алды. Мұнымен қоса, V республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауында шәкірті Абылай Дүйсен бірінші орын алса, Сия Айбота үшінші орынға қол жеткізді. Сонымен қоса, Абылай Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық Абай оқуларында 180 өлең, 4 поэма, 20 қарасөз жаттап, III орын алды. Шәкірттері Еркежан мен Абылай қазір сүйікті ұстаздарының жолын қуып, мұғалім мамандығына оуға түсті. Бұл жас мұғалім даярлаған оқушылардың тек республикалық сайыстардан қол жеткізген жүлделері. Қалалық, облыстық сайыстардан топ жарып жүрген шәкірттері де жетіп артылады. Өзі де мектеп оқып жүрген кезінде сөз өнерінен түрлі сайысқа түсіп, топ жарып жүріпті. Әсіресе Махамбет пен Мұқағалиды сүйіп оқыған көрінеді. Екеуінің барлық өлеңін жатқа біліп, оны өршіл рухпен оқығанда тыңдарманды таңдай қақтырған. Талапты ұстаз содан болар шәкірттерінің жолын ашып, шығармашылығын дамытамын деп дамыл таппайды.
Білім негізін бала кезінен мықтап қалаған ол – Майқұдықтағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің түлегі әрі мақтанышы. Ұстаз болуға жастайынан ұмтылдырған Күміс Шмакова мен Жаңагүл Нұрмұханқызының есімін аузынан тастамайды.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде білімін тереңдеткен Жанкелдінің студенттік жолы да шығармашыл ортамен тығыз байланыста болыпты.
Оның туған ағасы Әнуар да тарих пәнінің мұғалімі. Ағасынан көргені бар, өзінің түйгені бар Жанкелді, сөйтіп ұстаздық жолды таңдаған.
Еңбек жолын Сұрыптау кентіндегі №12 жалпы білім беретін мектептен бастаған. Осы жерде жүріп тәжірибе жинақтайды. Сабақ берудің түрлі әдістемесін меңгереді. Мектептің белсенді ұстазы болған ол әуелі балалар бойында ұлттық болмысты қалыптастыруды көздейді. Тынымсыз ізденеді. Сөйтіп жүріп, мектеп басшылығының рұқсатымен білім ошағында ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр Жүсіп атындағы конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болады. Ондағы мақсаты – мектепке Мәшекеңнің атын алып беруге атсалысу. Бірақ кейіннен қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданына қоныс аударғандықтан қазіргі қызмет етіп жүрген Абай мектебіне ауысып, ойға алған шаруасы аяқсыз қалады.
«Келешек мектебіне» ауысып келіп, қал-қадіріміз жеткенше сабағымызды беріп жүрміз. Шәкірттерім де биіктен көрініп жүр. Барлығы ойдағыдан да жақсы. Бірақ Мәшекеңнің мұрасын оқыған сайын мойнымыздағы парыз есімнен кетпейді. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырдым. Қазір «Келешек мектебінде» қызметімді атқарып жүрсем де қосымша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кітаптарын, жазбаларын насихаттаумен айналысудамын», дейді жас мұғалім.
Айналып келгенде бұл да – ұлтқа қызмет қылудың айшықты айғағының бірі. Осыдан келе Жанкелді Кенжебай секілді балалардың жанына білім ғана емес, ұлттық тәрбие сіңіре алатын ер мұғалімнің қатары көбейсе дейсің, шіркін!
Қарағанды облысы