Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Жалған ақпарат жарға жығады

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілер ақпарат тарата бастағалы оның дұрыс-бұрысын ажырату қиынға түсті. Оның үстіне жалған ақпаратқа сендіру мақсатында фактілер қасақана бұрмаланып келтіріледі. Соның салдарынан қоғамның фейк жетегінде кетіп, дүрлігуі жиілеп кетті. Өйткені цифрлық жүйелер көбіне жағымсыз жаңалыққа басымдық береді. Біз қалай «ақпараттық иірімге» түсіп қаламыз? Осы орайда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің «AntiFake» орталығы жүргізген деректер негізінде жалған ақпараттардың қалай таралатынын сараптап көрдік.

Жалған ақпарат жарға жығады

Фотосуреттер AntiFake орталығынан алынды

«Fake news»-тің көздегені не?

Осыдан бірер ай бұрын түрлі аккаунттарда «Елімізде бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынады» деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желілерде бұл әлі де талқыланып жатыр. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының хабарлауынша, бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түсіндірме де жасады.

«Еңбек кодексіне сәйкес, ел азаматтары бір уақытта бірнеше жұмыс орнында және әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады, алайда негізгі жұмысы күніне – 8 сағаттан, ал қосымша (қосалқы) жұмысы 4 сағаттан аспауы керек, яғни барлығы бір тәулікте 12 сағаттан аспауға тиіс. Айта кету қажет, Кодекстің 26-бабының 2-тармағының 5-тар­мақшасына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған адамдарды, сондай-ақ ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді (медициналық жұмыскерлерді қоспағанда) қосымша жұмысқа қабылдауға жол берілмейді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, қосымша жұмыс істеуге мемлекеттік қызмет­шілерге тыйым салынады. Осы­лайша, жоғарыда аталған шектеулерге жатпайтын кез келген кәмелетке толған азамат қосымша жұмыс істей алады», делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ «Қант диабетімен ауыратындарға берілетін көмек жойылды, бұл дерт әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылып, пациенттер көмек алу құқығынан айырылды», деген ақпарат та бұрмаланып беріл­генін алға тартты «AntiFake» орталығы.

Шын мәнінде, 2026 жылдың қаңтарынан бастап диабетпен ауыратын науқастарды емдеу МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Бұл көмекті алып тастауға емес, керісінше науқастарға көрсетілетін әлеуметтік қол­дауды күшейту мақсатында ен­гізіліп отыр. Қазірдің өзінде пациенттердің 96 пайызы қам­тыл­ған. Әлеуметтік осал топ­тарға мемлекет есебінен жарна төленеді.

«Мұндай фейк ақпараттар денсаулық сақтау сияқты ма­ңызды әлеуметтік саланы ны­санаға алған. Мақсат – МӘМС жүйесін қаралау, реформаларға деген сенімді әлсірету, қоғамда наразылық тудыру», деп хабарлады «AntiFake» орталығынан.

Тағы бір жалған ақпартты мысалға келтірсек, балалардың жылауы, айқайы және түнгі уақытта жүгіруі заң бұзушылық болып саналады, ол үшін айыппұл салынады-мыс. Жалпы, елімізде тыныштықты бұзу туралы заң азаматтардың қалыпты тынығуына кедергі келтіретін шулы әрекеттерге қатысты. Бұған сағат 22.00-ден 09.00-ге дейінгі уақытта жасалатын жөндеу және өзге де шулы жұмыстар жатады.

«Полиция тексеру жүргізу үшін жеке немесе заңды тұлғаның өтініші негіз болуы шарт. Әр­бір жағдай жеке қаралады және құқықбұзушылықтың объективті және субъективті жағын анықтауды талап етеді. Ал сәбидің жылауы әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болмайды. «Түнгі шудың бір ғана жағдайы ата-аналарға материалдық салдарға әкелуі мүмкін» деген тұжырымдар – жалған ақпарат тарату бел­гілері. Мұндай жалған ақпа­ратты таратушылар заң аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін», деп хабарлады Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл ор­та­лығы ресми дерекке сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, негізі жалған ақпараттарды анонимді Telegram секілді арналар тарады. Мұндай арналар авторларын жасырады. Ано­нимдік – бұл технология. Ол шынайылықтың иллюзиясын қалыптастырады, ескі арналарға келген сұрақтарға жауап бермей, жаңаларын ашуға және тапсырыс берілген материалдарды «ақиқат» ретінде көрсетеді.

«Мұның бәрі қоғамдық пікірге қысым жасау мен тиімді нарративтерді алға жылжыту үшін қолданылады. Ең дұрыс шешім – мұндай дереккөздерге назар аудар­мау. Аноним арналардан жазылудан бас тартып, тек тексерілген ресурстарды таңдау қажет», деп ескертеді «AntiFake» орталығы.

Мәселен, 25 қыркүйекте әлеу­меттік желілердегі анонимді пайдаланушылардың аккаунттарында әскери қызметшілер арасындағы дөрекі қатынастарды бейнелейтін бейнеролик таралды. «AntiFake» орталығының қызметкерлері дереккөздерді зерделеп, бейнежазбаның Қазақ­станға қатысы жоқ екенін анықтады. Ол – «Қырғызфильм» киностудиясының «Баткен» көркем фильмінен алынған үзінді. Қолданушыларды шатастыру мақсатында материал авторлары бейнежазбаға қазақ тілінде дыбыс­ты қоса салған. Бұл аудитория­ны шатастырып әкетті. Ал осы сынды материалдарды қасақана бұрмалап, жариялау құқықтық жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін. Жекелеген жағдайларда заңнамаға қайшы мазмұнды әдейі тарату (қайта жариялау) да құқық бұзушылық болып саналуы – ықтимал. Сондықтан азаматтар интернет желісінен алынған контентке мұқият қарап, ақпараттың дереккөзін тексеріп алғаны жөн.

 

Қауесетке бейімделген технологиялар

Қазір Sora 2 нейрожелісінің жаңартылған нұсқасы шыққаннан кейін, заңға қайшы келетін контент көлемі бірнеше есе артқан. Ол қарапайым мәтіннен шынайы бейнесахналар жасай алады. Интернет желісінде аноним интернет пайдаланушылар белгілі саяси тұлғалардың, мәдениет және мемлекеттік қызметкерлердің жалған бейне­сі бар бейнероликтерін жаппай жариялап жатқанын көріп жүрміз. Бұл видеоларда аталған адамдарға айтпаған сөзд­ерін айтқызып, өзге қырынан көр­сетеді. Көптеген интернет пайдаланушы бұл видео­ларды шынайы деп қабылдап, оларды әрі қарай таратып отыр. Осылайша, жалған ақпарат лезде таралып кетіп жатыр.

«Мұндай әрекеттерде адам­­ның теріс ниеті болмаса да, құқықтық салдары болуы мүм­кін. Құқыққа қайшы контент үшін жауапкершілік тек оны жасаушыларға емес, сондай-ақ таратушыларға да жүктеледі. Жалған ақпаратты, қорлау немесе жала жабу сипатындағы видеоларды таратудың өзі заң бұзушылыққа қатысы бар әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, мұндай материал­дарды жасап, тарату барысында «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңның адамның келісімінсіз оның бейнесін пайдалану, Қылмыстық кодекстің жала жабу, көрінеу жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, ұлттық немесе өзге де араздықты қоздыру, жеке өмірге қолсұғылмаушылық, сондай-ақ авторлық және са­бақтас құқықтарды бұзу баптары бұзылуы мүмкін», делінген Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарламасында.

Сондай-ақ интернет кеңіс­тігінде «Mellstroy Game» дейтін қауіпті челлендж кеңінен таралып жатыр. Оны қазіргі уақытта Ресей мен Беларусьта халықаралық іздеуде жүрген стример Андрей Бурим (Mellstroy деген атпен белгілі) іске қосқан. Ол қатысушыларға жалпы құны 1,5 млн долларды құрайтын пә­терлер мен бағалы сыйлықтар ұтысын уәде етеді. Ойынға қатысу үшін пайдаланушылар «#MellstroyGame» хэштегін қойып, оның аты немесе казино атауы көрсетілген бейнеролик түсіру жеткілікті. Басты мақсат – құмар ойындарды кез келген тәсілмен вирустық жарнамалау.

«Хайп тудыру және бұған дейін «Mellstroy» уәде еткен бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар арқылы аудиторияны демонстративті әрі қауіп деңгейі жоғары әрекеттерге итермелеп отыр. Әсіресе құмар ойындарға тәуелді осал топтарға, қаржылық қиын жағдайда қалғандарға «жылдам ұтыс» туралы уәделер ерекше әсер етеді. Мұндай тәсілдер еліктеуді күшейтіп, қауіпті әре­кеттердің қоғамдық ортада қай­талануын арттырады. Құмар ой­ын­дарды жарнамалауға қатысты челлендждерге қатысу еліміздің және кейбір ТМД елдерінің заңнамасын бұзуына әкеледі», делінген орталық мәлімдемесінде.

 

Шындықты жасыру мүмкін емес

Бүгінде «Clone Detection» әдісімен кескін фрагменттерді, ондағы мәтінді талдап, қолдан жасалған контентпен оның жасалу техникасын анықтауға болады. Мәселен, жақында Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл ор­талығы анонимді аккаунт­тар арқылы журналистер мен БАҚ редакцияларына жаппай таратылған, Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына тиесілі «скриншотты» зерделеді. Арнайы мамандандырылған бағдарламалар арқылы жүр­гізілген тексеру нәтижесінде жалған мәтіннің ресми ақпа­раттың үстіне қолмен енгізілгені анықталды. Суреттегі қызғылт сызықтар бірдей сандық «ізге» (пиксельдік үлгіге) ие бөлік­тер арасындағы сәйкестікті көрсетеді. А және Б суреттерінің бөліктері арасындағы мұндай сәйкестік бейненің бір бөлігі екіншісінің көшірмесі екенін растайды. Мұндай жағдайлар әдетте жазуды жасыру үшін фон көшірілгенде, фонның үстіне жаңа мәтіндік блок енгізілгенде, логотип, күн немесе фамилия сияқты элементтер өзгертіліп, кейін сол аймақ қолмен толық­тырылғанда кездеседі. Бұл бөлік­тер көшіріп, қайталау әдісі арқылы өңделгенін көрсетеді. Мұндай көрініс әдетте материа­л қолмен жиналғанда (мысалы, «Word», «Canva» немесе «Photoshop» бағдарламаларын­да) және оған веб-сайтының үлгілерінің бөлік­тері енгізілген кезде пайда болады. Интерфейстің сим­метриялық емес бөліктерінде көптеген «clone сызықтардың» болуы өңдеудің айқын ізін көрсетеді. Бұл скриншоттың түпнұсқа емес, қолмен құрастырылған немесе ретуш арқылы жасалғанын дәлелдейді. Фактологиялық сәйкес­сіздіктермен (грамматика­лық қателер, сөйлеу стиліндегі айырмашылықтар) қатар қа­растырғанда, бұл суреттің ресми сайттағы материалды пайдалана отырып, жаңалықты имитациялау үшін жасалған жалған материал екені анықталады.

Бүгінде мұндай «жаңалық­тарды» кез келген адам өз бе­тімен тексере алады. Мәселен, «Forensically» – қайталанатын бөлімдерді («clone lines») талдауға және іздерді анықтауға арналған құрал. «FotoForensics» қате дең­гейін талдау (ELA) арқылы жасырын өзгерістерді анықтайды. «JPEGsnoop» метадеректерді оқиды және сәйкессіздіктерді анық­­тайды. Ал «Image Edited» арқылы суреттің өңделгенін жылдам білуге болады.

«Егер скриншот ашу қорқы­ныш немесе шок секілді эмоция тудырса, оның дереккөзін тексеру қажет. Манипуляторлардың мақсаты да осы – жедел реакция туғызу. Жалпы контентке жауапкершілікпен қарау қажет», деп ескертеді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.