Суретті түсірген – Мәди Ғұбайдуллин
Форум қонақтары үшін мазмұнды іскерлік бағдарлама ұсынылған. Онда цифрландыру, көлік және логистика, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, аймақтарда жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға бағытталған серіктестік мүмкіндіктері, атомдық және дәстүрлі энергетика салалары бойынша мамандар даярлау, заманауи агротехнологияларды оқыту секілді өзекті тақырыптар талқыланып жатыр.
– Жыл сайын өткізілетін форум – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікке негізделген өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықтың беріктігінің айғағы. Екі ел арасында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту және инвестициялық әріптестікті кеңейту бағытында жұмыстар әлі де жалғасады. Сондай-ақ көптеген мәселе Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия тарапынан қарастырылады, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөзінде.
Өңір басшысының айтуынша, биылғы форум «Жұмысшы мамандықтар – экономиканы дамытатын қозғаушы күш» тақырыбына арналған. Бұл мамандықтар өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларының дамуына серпін беріп қана қоймай, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады.
Осыған орай форум аясында «Цифрлық экономика және жасанды интеллект: технологиялық серпіліс үшін мамандар даярлау», «Энергетика және өнеркәсіп: жаңа экономикаға қажетті жаңа құзыреттер», «Көлік және логистика: жұмысшы кадрлар – транзиттік экономиканы дамытатын қозғаушы күш» секілді тақырыптар барынша талқыланды.
Халықаралық жиынға Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов, «М.Тынышпаев атындағы ALT University» университеті, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Astana IT University, Павлодар қаласы Ақпараттық технологиялар колледжі, т.б. танымал білім ордаларының басшылары, Ресей жағынан Цифрлық министрлігі Жасанды интеллект және ауқымды деректерді дамыту департаментінің директоры Сергей Сергиенко, Разумовский атындағы Саратов мемлекеттік медицина университеті, Ю.А.Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің Қолданбалы ақпараттық технологиялар және коммуникациялар институты, т.б. ЖОО басшылары қатысып жатыр.
Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің волонтер жастары да бас қосып, ынтымақтастық мәселесін талқылады. Жиынға Ресей Федерациясынан келген жастар делегациясы, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарынан жас көшбасшылар келді.
Форумның басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен өзара сенімді нығайту, өңірлер арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету. Сонымен қатар жастардың, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
«Жастар үшін жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен үрдістері» және «Волонтерлік қызмет саласындағы тәжірибе алмасу: Тату көршілік» атты қос секцияда екі елдің еңбек нарығындағы үрдістер, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жолдары, экологиялық жауапкершілік пен волонтерлік мәдениетті дамытудың тиімді тәсілдері талқыланды.
Форумда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев, Татарстан Республикасының Жастар істері жөніндегі министрі Азат Қадыров қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шара барысында жастар саясаты, волонтерлік қозғалысты дамыту, ортақ жобаларды жүзеге асыру бағытында пікір алмасып, жаңа идеялар мен серіктестік бастамалары ұсынылды.
Форум жас көшбасшылардың әлеуетін арттыруға, Қазақстан мен Ресей жастарының өзара ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл 21-мәрте өтіп жатса, Қазақстан – Ресей іскерлік кеңесі құрылғанына биыл мерейлі 10 жыл болған екен.
«Батыс Қазақстан облысы Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан, Қазақстанның орталық және оңтүстік аймағы, сондай-ақ Орталық Азия елдері үшін батыс қақпа деуге болады. Орал қаласы – Еуропада орналасқан Қазақстандағы жалғыз қала. Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес өңірімен: Орынбор, Самара, Саратов, Волгоград және Астрахань облысымен шектеседі. Сондықтан Ақжайық өңірі көп жыл бойы екі елдің экономикалық мүддесін байланыстыратын және шекаралас аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды көпірге айналды. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы сауда айналымы 504,4 млн долларға жетті. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға өскені көрініп тұр», деді Батыс Қазақстан облысы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаев.
Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Өңірде 2025–2030 жылдары жалпы құны шамамен 2,2 трлн теңгеге тең 70-тен аса жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Облыс аумағында әлемдегі ең ірі мұнай, газ және газ конденсаты кен орны Қарашығанақ орналасқан.
Іскерлік кеңес отырысына екі елдің іскер топтары мен ұйымдарының өкілдері – Қазақстан Сыртқы сауда палатасы, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасы, БҚО кәсіпкерлер палатасы, «Росхим» АҚ, «Кублей» ЖШС, «Конденсат-Холдинг ЛТД» ЖШС, «ABS Строй» ЖШС, «Bihas» ЖШС, «Нұржанар» ЖШС, Самара облысының Инвестиция тарту агенттігі, «Digital Lab» ЖШҚ және басқа да компаниялар белсене қатысты.
Кеңес қорытындысында ынтымақтастық жөнінде бірнеше меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы Орынбор облысы сауда-кәсіпкерлік палатасымен өзара әріптестік туралы келісімге қол қойса, Қазақстан аумағында Орынбор поликарбоксилат зауытының еншілес шаруашылығын ашу жөнінде «Superplasticizer» ЖШС екіжақты мәмілеге келді. Бұған қоса Қазақстан сыртқы сауда палатасы атынан Мақсат Құланбаев ресейлік Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі федералдық корпорация өкілі Никита Банцекинмен ортақ құжатқа қол қойды. Бұл құжаттар екі ел арасындағы өндірістік, инновациялық және білім бағыттарындағы серіктестікті дамытуға жаңа серпін бермек.
Тату көршілік, тең дәрежедегі іскерлік қарым-қатынас – Қазақстанның әлемдік саясатта әрдайым ту еткен ұстанымы осындай. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана «Российская газета» басылымына жариялаған «Мәңгілік достық – халықтарымыз үшін жарқын жол» атты мақаласында атап айтқан болатын: «Кейінгі бірнеше айда маған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен мазмұнды келіссөздер жүргізуге мүмкіндік туды. Олардың көпшілігі геосаяси спектрдің қарама-қарсы полюстерінде тұрғанына қарамастан, барлығы да Ресейдің және оның көшбасшысының халықаралық қатынастардағы түйінді мәселелерді шешудегі ерекше рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлемдегі қайшылықтарды Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес», деген еді Қазақстан Президенті.
«Өзара ынтымақтастық форумы аясында екі жаққа да өте пайдалы көптеген іс-шара өтіп жатыр. Соның ішінде іскерлік кеңес шеңберінде бірқатар құжатқа қол қойылды. Бұл өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, арадағы мәселелерді бірлесе шешу, тез шешім қабылдау, сондай-ақ биылғы Жұмысшы мамандықтары жылында ірі, орта және шағын кәсіп иелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуы, маман даярлау бойынша оқу орындарымен бірлескен жұмысты жолға қою, зауыттар мен кәсіпорындар жанынан шағын оқу орталықтарын ашу секілді сан салалы тақырыпты қамтиды», дейді «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Мақсат Құланбаев.
Өңіраралық форумның екінші күні «Жайық арена» спорт кешенінде Қазақстан кәсіпорындары мен техникалық колледждерінің әріптестігіне арналған көрме өтеді. Екі күндік жиынның соңында тағы да екіжақты келісімдерге қол қойылмақ.
Батыс Қазақстан облысы