Театр • Бүгін, 07:40

Қуыршақ бейнелі Қожа

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кішкентай көрермен үшін тамаша жаңалық! Мемлекеттік қуыршақ театры 13 қараша күні Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» шығармасын алғаш рет қуыршақ бейнесінде сахналап, көпшілік назарына ұсынады. Қойылым режиссері – Еркебұлан Қабдыл.

Қуыршақ бейнелі Қожа

Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алған классикалық туынды – ұлт руханиятының мәңгілік құндылықтарын дәріптейтін шығармалардың бірі. Ал Қожа бейнесінің сахна төрінен қуыршақ тілінде жаңаша сипатта үн қатуы – кішкентай көрермен үшін үлкен өнер оқиғасы болары анық.

Қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдыл қолтаңбасынан шығарманың басты идеясы балалықтың шынайы әлемін, өжеттігі мен аңғал тазалығын сақтай отырып, қазіргі заман баласына түсінікті әрі тартымды түрде жеткізуді мақсат еткен шығармашылық еркіндікті аңғардық. Ал инсценировка авторы Дамир Амантай көрерменге әдебиет пен театрдың түйіскен тұсында жаңа көркемдік шешім ұсыныпты. Оның драматургиялық нұсқасы Қожаның ішкі жан дүниесін, арман-қиялын һәм өмірге деген көзқарасын қуыршақ театрының поэтикасына сай шебер үйлестіріп, шығарманың рухын терең ашады.

Қойылымның бейнелік әлемін қалып­тастырған суретші Юлия Чер­нова балаларға таныс ауыл тіршілігі мен мектеп өмірін, Қожаның еркін мінезін бейнелейтін сахналық кеңістік пен қуыршақ кейіпкерлерді көркем шешіммен шынайы ұсына біліпті. Қойылым композиторы Нұрсұлтан Төреәлидің әсерлі әуендері оқиға желісін сезіммен өріп, Қожаның көңіл күйін әуез арқылы ұтымды жеткізеді. Ал қойылымның би қимылдарын тартымды үйлестіре білген балетмейс­тер Ринат Билибаев сахна ырғағына жұмырлық үстеп, көріністерге серпін мен ойындық сипат сыйлай алған.

«Біз үшін Бердібек Соқпақбаевтың шығармасын қуыршақ театры сахнасына шығару – үлкен жауапкершілік. Бұл туынды әр буынның жүрегіне жол тапқан. Енді сол рухани мұраны қуыршақ өнері арқылы жаңғыртып, жас көрерменге жеткізу – біздің бас­ты мақсатымыз», деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.

Жақында мерейлі 90-маусымының шымылдығын ашқан театрдың кезекті премьерасы – әдеби мұраны заманауи сахна өнері арқылы насихаттаудың бірегей үлгісі. Көрермен Қожаның күлкі мен қайшылыққа толы балалық әле­міне еніп, оның ой-санасының қалып­тасу жолына куә болады. Қойылым тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да әсерлі туынды болады деп күтілуде. Өйткені әрбір ересек көрермен өз ­бала­лық шағын, алғаш жасаған қателік­тер мен арман-қиялын Қожаның бейне­сінен қайта табары сөзсіз.