Фото: kolesa.kz
Аталған мәселені Болатбек Әлиев Facebook-тағы парақшасында көтерді.
Бұл шектеу бұрын болған, бірақ билік 2019 жылы оны тиімді емес және қолдануға жарамсыз деп танып, күшін жойған еді. Бірақ 2022 жылы бұл тыйымды қайта енгізді, бірақ 2026 жылға дейін кейінге қалдырды.
«Тыйым жолды қорғау үшін қажет сияқты көрінеді. Іс жүзінде ол кәсіби емес және бұрын өз тиімсіздігін көрсеткен шешім», дейді Б.Әлиев.
Депутаттың айтуынша Қазақстанға кіретін әр жүк көлігі сертификат алады. Демек мемлекет техниканы стандартқа сай деп танып, пайдалануға рұқсат береді. Билік мұндай машинаға тыйым салса, бұл реттеу емес, өз шешімінен бас тарту болады. Мемлекет 2022 жылдан кейін шектеуді қайта енгізетінін білді, сол кезде сертификат беру рәсімін қайта қарап, мыңдаған техниканың кіруіне жол бермей, содан кейін ғана пайдалануға тыйым салуы керек еді.
Жүккөтергіштігі 25 тоннадан асатын әрі жүкті өзі түсіретін үш осьті көліктер – жолда көп кездесетін HOWO, Shacman, XCMG, Dongfeng өнімдері.
Болатбек Әлиев тыйымның тек жүкті өзі түсіретін көлікке қатысты болуы қисынсыз дейді. Себебі үш осьті шасси бүгінде бетон араластырғыш, контейнер тасығыш, астық тасығыш және борттық жүк көлікте бар. Техникалық тұрғыда бұлар бір автомобиль. Бірақ неге екені белгісіз, тыйым тек жүкті өзі түсіретін көлікке қатысты.
«Жолдар бұзылып жатса, оған шанақ емес, сапасыз құрылыс пен бақылау жүйесінің әлсіздігі кінәлі. Бізде осьтік жүктеме нормасы (8-10 тонна), салмақ өлшеу жүйесі және көлік инспекциясы бар. Бақылау жұмыс істемесе, оны қайта іске қосу керек, автомобиль класына тыйым салу дұрыс шешім емес. Әкімшілік тәртіп орнатудың орнына тасымалдаушыларды кінәлау оңай», деді Мәжіліс депутаты.
Ол қазір елде шамамен 36 500 жүкті өзі түсіретін үш осьті көлік бар дейді. Билік оларға тыйым салса, ондаған мың адам жұмыссыз қалады, ондаған мың отбасы зардап шегеді. Бұл машиналар көптеген салада жұмыс істейді. Шектеу экономикадағы бірнеше сектордың жұмысын тоқтатып, техника тапшылығын туғызады, шығын артып, мемлекеттік жобалардың аяқталуына тосқауыл болады.
Болатбек Әлиев жүкті өзі түсіретін үш осьті көлікке қатысты тыйымды алып тастап, «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабын түзетуді және осьтік жүктемені бақылау процессін күшейтуді ұсынды.