Фото: Ашық дереккөз
Ресми мәліметке сәйкес, өткен айда ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 259 мәміле жасалған. Оның ішінде 8 717-сі жеке тұрғын үйлерге, ал 32 542-сі көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге тиесілі. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда небәрі 0,1 пайызға аз.
Мәмілелердің басым бөлігі елорда мен мегаполисте шоғырланған: Астанада – 8 945 (21,7%), Алматыда – 7 868 (19,1%) мәміле тіркелген. Үшінші орында Қарағанды облысы – 2 982 мәміле (7,2%). Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында байқалды – бар болғаны 327 мәміле (0,8%).
Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үй саудасы Қостанай облысында – 15,8%, Шымкентте – 7,7%, Алматы облысында – 7,4% өскен. Ал Қызылорда (-28,4%), Алматы (-11,2%) және Ақтөбе (-5,2%) облыстарында баспана саудасы төмендеген.
Көппәтерлі үйлер сегментінде мәмілелер үлесі – 78,9% болды. Қазан айында пәтерлерге қатысты 32 542 мәміле жасалып, олардың негізгі бөлігі Астана (27%), Алматы (22,2%) және Қарағанды облысына (7,8%) тиесілі. Ең сұранысқа ие – екі бөлмелі пәтерлер, олар бойынша 12 399 мәміле рәсімделген.
Жеке тұрғын үйлер нарығында мәмілелер саны қыркүйекпен салыстырғанда 0,6% (56 мәміле) артқан. Барлығы 8 717 мәміле тіркелді. Ең жоғары өсім Қостанай (+18,4%), Шығыс Қазақстан (+16,5%) және Батыс Қазақстан (+11%) облыстарында байқалса, Ұлытау (-15,9%), Қызылорда (-10,7%) және Қарағанды (-8,3%) өңірлерінде керісінше төмендеу тіркелді.
Жалпы алғанда, 2024 жылдың қазанымен салыстырғанда ел бойынша тұрғын үй саудасы 5,4% артқан. Әсіресе, Астанада мәміле саны 27,9%-ға өскен, ал ең айтарлықтай төмендеу Ұлытау облысында (-38%) байқалды. Биылғы қаңтар-қазан айларында тұрғын үй мәмілелерінің жиынтық көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп болды.