Медицина • Бүгін, 14:27

Енді азаматтар дәрі-дәрмек бағасын Naqty Onim арқылы тексере алады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасының ашықтығын арттыру мақсатында Naqty Onim қосымшасында жаңа цифрлық сервисті іске қосты. Енді ел азаматтары дәрінің шекті бағасын тексеріп, шағымдана алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді азаматтар дәрі-дәрмек бағасын Naqty Onim арқылы тексере алады

Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда барлық дәрі-дәрмек міндетті түрде таңбалануы тиіс. Бұл жүйе пациенттерді жалған өнімдерден қорғап, дәрінің зауыттан дәріханаға дейінгі жолын толық бақылауға мүмкіндік береді.

Таңбалау нәтижесінде тегін берілетін препараттардың заңсыз сатылу деректері анықталған. Бас прокуратурамен бірлескен тексерістер басталды.

Министрліктің мәліметінше, жүйенің ашықтығы фармацевтика саласындағы салық түсімдерін 24 пайызға арттырған.

Сонымен қатар кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру бағдарламалары бойынша 2900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралғаны хабарланды. Сондай-ақ, биылғы жылдың қазан айында бөлшек сауда желісін бақылау аясында ең танымал дәрі-дәрмектердің бағасы орта есеппен 11%-ға төмендеді.

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық дәрі-дәрмектер тізіміне енгізілген өзгерістерге қатысты түсініктеме берді. Қант диабеті, ревматоидты артрит, церебральды сал ауруы және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар қажетті дәрі-дәрмектерді толық көлемде алуды жалғастырады.

Айта кетейік, биыл 1 723 дәрі мен медициналық бұйым сараптамадан өтіп, оның ішінде сапасыз деп танылған 43 атаулы препарат нарықтан алынған.