Президент • Бүгін, 10:22

Президент: Білім беру саласында Ресеймен серіктестік жаңа деңгейге көтерілді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік іс-сапары қарсаңында «Российская газета» басылымына «Мәңгілік достық – халықтарымыз үшін жарқын жол» атты мақаласы жарияланды. Онда екі ел арасындағы көпқырлы гуманитарлық байланыстарды және ғылыми-білім беру саласындағы өзара әрекеттестікке ерекше мән берілетінін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Президент: Білім беру саласында Ресеймен серіктестік жаңа деңгейге көтерілді

Айта кеткен жөн, екі ел арасындағы берік әрі достық байланыстардың символы ретінде биыл Астанада «Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық Аллеясы» салтанатты түрде ашылды. Жақын арада Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылады.

«Музейлер, кітапханалар, театрлар, көркем галереялар мен кинематографистер арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Жастарға, ғылым мен спортқа арналған бірқатар ортақ форумдарды өткізу жоспарланған.

Ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылға ерекше мән беріліп отыр. Жоғары технологиялық жобаларды білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Білім беру – жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде, басты капитал – білім болып саналатын жаңа заманның зияткерлік іргетасын қалыптастырады», деп жазды Президент өз мақаласында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда Ресейдің тоғыз жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп тұр.

«Соңғы жылдары білім саласындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілді: Астанада МГИМО филиалы ашылды, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы іске қосылды. Бұл – шетелдік жоғары оқу орнының Ресей аумағындағы алғашқы өкілдігі. Мұның өзі тек кадр даярлау мен академиялық байланыстарды нығайту емес, сонымен қатар сенім мен шынайы стратегиялық жақындасудың берік көпірі. Сонымен бірге, Алматы қаласында Ресейдің «Сириус» мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданды», дейді ел Президенті.