Теннис • Бүгін, 08:10

Спортшының айтулы табысы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта WTA-ның қорытынды турнирі аяқталды. Жарыста бақ сынаған еліміздің ең үздік теннисшісі Е.Рыбакина асқан шеберлігімен миллиондаған көрерменді тәнті етіп, бас жүлдені олжалады. Еленаны осынау толайым табысымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев арнайы құттықтады.

Спортшының айтулы табысы

Турнирде Еленаның жолы кіл мықтылармен қиысты. Тұсаукесер кездесуінде WTА тізімінде төртін­ші орында тұрған Аманда Анисимова­мен айқасты. АҚШ теннисшісінің биыл US Open мен Уимблдон дода­ла­ры­ның финалында ойнағанын ескерсек, ол Эр-Риядқа жақсы ба­бын­­да келді деп айтуға толық негіз бар. Десек те жерлесіміз Анисимова­­ны бет қаратпай ұтты – 6:3, 6:1.

Келесі ойында отандасымыз Ига Швён­текпен шеберлік байқасты. Әлемнің экс-бірінші ракеткасы Ролан Гарроста төрт мәрте топ жарып, US Open мен Уимблдонды бір-бір реттен ұтқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазір WTА рейтингінде екінші орында тұр. Бірінші сет поляк қызының пайдасына шешілді – 6:3. Есесіне қарқы­­нын күрт күшейткен Рыбакина келесі сеттерде Швёнтектің тас-талқанын шығарды – 6:1, 6:0.

Топтық турнирдегі соңғы матчын Елена аме­рикалық Мэдисон Кизге қарсы өткізуге тиіс еді. Алайда денсаулығының сыр бе­руіне байланысты қарсыласы кортқа шы­ғудан бас тартты. Оны ресейлік Екатерина Александрова алмастырды. Рыбакина ТОП-10-дықты түйіндеп тұрған ойыншының осал тұсын оңай тапты – 6:4, 6:4.

Өз тобында бірінші орын алған отандасымыз жартылай финалда Джессика Пегула­мен шеберлік байқасты. Былтыр US Open турнирінің финалына дейін жеткен АҚШ өкілі бұл күндері әлемдік рейтингте бе­сінші орынға табан тіреп тұр. Алайда ол да Е.Рыбакинаға жарытып қарсылық көрсете алмады – 4:6, 6:4, 6:3.

Финалда жерлесіміздің жолы бүгінде төрт­күл дүниенің теңдессізі деп таныл­ған Арина Соболенкомен қиысты. Беларусьтің беткеұстары «Үлкен дулыға» са­натындағы жа­рыстардың төрт дүркін жеңім­пазы атанып, WTA додаларында 21 рет топ жарды. Осыдан үш жыл бұрын Арина WTA-ның қорытын­ды турнирінің финалында өнер көрсеткен. Бірақ шешуші ойында франциялық Каролин Гарсияға есе жіберген еді. Бұл жолы Елена да азулы қарсыласының ата­ғынан қаймыққан жоқ. Бүкіл матч бойы өте се­німді ойнаған Рыбакина 6:3, 7:6 есебімен Собо­ленкоға сан соқтырып, бас жүлдені олжалады. 

Елена Рыбакина Эр-Риядтағы жеңісінен кейін WTA-ның қорытынды турнирінде топ жарған еліміздің тұңғыш теннисшісі ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар оның есімі Азия құрлығынан осындай деңгейге жеткен тұңғыш ойыншы ретінде де спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Есте­ріңізге сала кетейік, Еленаға дейін 2013 жылы Ли На (Қытай), 2024 жылы Циньвэнь Чжэн (Қытай) бас жүлдеге таласып, екеуі де шешуші сайыста ұтылған еді. Осы табысы­ның арқасында еліміздің бірін­ші ракет­касы ұйымдастырушылар тарапынан 5,235 миллион АҚШ доллары көлемінде сый­ақы алды. Сондай-ақ 1500 ұпай алып, WTA рейтин­гінде алтыншы орыннан бесінші орынға көтерілді.