Өнер • Бүгін, 07:40

Түркі дүниесі және шертпе күйдің шеберлері

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Түркиядан сүйіншілеген хабар жетті. Анкарада өткен апта­ның соңында түркі дүниесінің бір тарауы ретінде қазақ күйлері салтанат құрғанын естіген құлақ бар шығар. Оған Отанымыздан шертпе күйдің өкілдері Жанғали Жүзбай мен Қайрат Айтбаев жетіп, Тәттімбет бабамыздың 210 жылдығына арналған концерт-кездесуде күй иесінің Қосбасарлар шеруін жосылдырса керек.

Түркі дүниесі және шертпе күйдің шеберлері

Одан кейін Түркияның Алания қаласында медиа саласы маман­дарының V Халықаралық кеңесінде белгілі күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай Ысмайыл Гаспралы атын­дағы сыйлықпен марапатталды. Бұл сыйлық түркі әлемінің бірлігі мен мәдени байланысын нығайту мақсатында беріледі. Халқымыздың күй өнеріне ерен еңбек сіңіріп жүрген Жанғали Жүзбай әлемнің 41 мемлекетінен 310 медиа сала­сының мамандары қатысқан халық­аралық кеңесте Ысмайыл Гаспралы сыйлығымен марапатталуы – ұлттық домбыра аспабының беделін халықаралық деңгейге көтеру болса, қазақ мәдениетін өзгешелеп тұратын күй өнеріне құрмет деп қабылдадық. Бұған дейін сыйлық «Түркі дүниясына сіңірген еңбегі үшін» деп аталатын. Саясаткерлер, ғалымдар, өнерпаздар мен БАҚ өкілдеріне беріліп келе жатқан марапат биылдан бастап ғалымдар үшін «Ысмайыл Гаспралы сыйлығы» ретінде тағайындалып отыр.

Кезінде бұл сыйлықпен дүние жүзіне танымал тұлғалар мара­патталғаны белгілі. Мәселен, Түр­кияның экс-сыртқы істер министрі, Солтүстік Македония пар­ламентінің төрағасы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, белгілі БАҚ өкілдері, түркі дүниясына еңбек сіңіріп жүрген ғалымдар мен өнерпаздар бар.

Қазақ өнері мен мәдениетінің өзгеше сипаты домбыра мен күй өнеріне құрметіміз артқан сайын бәсіміз халықаралық деңгейде де жоғарылары анық. Елімізде Ұлттық домбыра күні бар, Анкарада Тәт­тімбет ескерткіші тұр, оның өнерін ұстағандар мұндай марапат алғаны – ұлт мәдениетінің ұпайы десек артық емес.