Қоғам • Бүгін, 13:20

Дәстүр мен заман: отбасы институтының қазіргі ахуалы қандай?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде күннен күнге ажырасу жағдайлары көбейіп, оны жария ету үрдісі де жиілеп барады. Заманауи талаптар мен дәстүрлі ұстанымдар арасындағы қайшылық, жастар мен үлкен буын арасындағы пікір айырмашылығы, ақпараттық кеңістіктің ықпалы отбасы институтына әсер етіп жатыр.

Дәстүр мен заман: отбасы институтының қазіргі ахуалы қандай?

Социология ғылымдарының кандидаты, профессор Рамазан Саттарұлы «Қазіргі кезде ажырасу жағдайлары және оны жария түрде талқылау неге жиілеп кетті? Қазақстанда отбасы құндылықтары дұрыс қалыптаспаған ба, әлде заманауи өмір талабына сай өзгеріп отыр ма?» деген маңызды сауалдарға қатысты пікірін білдірді.

в

Оның айтуынша, ажырасу – әлеуметтік құбылыс ретінде кең тараған дүние. Оның бірнеше себебі болады: әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, керек болған жағдайда физиологиялық және саяси.

«Біздің елімізде соңғы онжылдықта ажырасудың саны некеге отырғандардың санына қарағанда көбейіп барады. Жалпы, ажырасу көрсеткіші біздің елде де, шет елде де тым жоғары. Бірақ өздерінің ажырасқанын жария етіп көрсететіндер саны аз, яғни олар ажырасқандарын көрсетпейді, білдірмейді. Көбіне мұндай жағдай ақпараттық түрткі ретінде элита, өнер, бизнес өкілдерінің арасында кездеседі. Белгілі бір шоумен немесе өнер адамы ұдайы ел алдында жүргеннен кейін оның әрбір іс-әрекеті жұрттың тіліне тиек болады. Екіншіден мұның арғы жағында миллиондаған қарапайым адамдардың қызығушылығы тұрады», дейді ол. 

Қазақ халқы үшін отбасы – ең қымбат қазына, ұрпақ тәрбиесінің негізгі ортасы. Әрбір отбасы мүшесінің өзара сыйластығы мен татулығы халықтың рухани байлығының маңызды бөлігі болып саналады.

«Елімізде бұрыннан бері отбасы ерекше құндылық ретінде қалыптасқан. Ол біздің елдің, халықтың әлеуметтік экономикалық саяси қажеттіліктеріне қызмет етіп, осы кезге дейін үлкен феномен ретінде жетті. Мәселен, сол қалыптасқан құндылықтар, оның ішінде отбасы құндылығындағы ерекше қасиеттер жоғалып бара жатыр. Оған себеп – заман. Заманда жаңа экономикалық қатынас, еңбек түрлерінің өзгеруі, жұмыспен қамту мәселесіндегі жаңашылдықтар пайда болды. Демек, бұл жерде үйдегі әке-шешенің жұмыста болуы, баланың тәрбиесі әке мен шешеден емес, өзінің ортасына тікелей байланысты болып отыр. Ақпараттың кеңістіктің 90 пайызы – шетелдік контент, жартысы – орыс тілді контент. Бұл да – ажырасуға тікелей әсер ететін құбылыс. Көп балалар бүгін өз үйінің жалғызы, еркесі. Сондықтан ол ер жетіп, ересек өмірге қадам басқанда ерке болып жүре бергісі келеді. Қасындағы серігінің қылығын, еркелігін көтере алмай қалады. Сөйтіп, сүйіп қосылғандар бір-біріне көне алмай, ажырасып жатады», дейді әлеуметтанушы. 

Рамазан Саттарұлының пікірінше, дәстүрлі отбасы рөлі қазіргі жағдайда маңызды.

«Өз басым дәстүрлі реттің қалғанын дұрыс деп есептеймін. «Еркек түздің адамы, әйел үйдің адамы» демекші табыс, кіріс ер адамнан, оны жарату әйел адамның ісі болуы керек», дейді ол. 

Ол ене мен келін арасындағы қарама-қайшылықты да заманауи өзгерістердің салдары ретінде қарастырады. 

«Кейбір аналар табиғи инстинкт ретінде ұядан ұшқан ұл-қыздарын бейсана түрде қадағалағысы келіп, кеңес беріп жатады. Ол – заңдылық. Бірақ оны дұрыс жеткізе білу, іске асыра білу – әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан кей жағдайда ақыл-кеңес, ниеттер ашық теке-тірес, дау-дамайға айналып кетеді. Шын мәнінде, қазіргі ересектер жастардың өмір сүру ретін, бағытын айтудан қалу керек. Өйткені, алдыңғы ұрпақтың тәжірибесі бұрынғы заманның нәтижесінде қалыптасқан. Қазір заман басқа, тәртіп басқа, талап басқа. Десек те, мұны осылай қалдыруға тағы болмайды. Ұлттың бөлшектенуі, ыдырауы, арғы жағында бір-бірімен бірікпеуі – шын мәнінде де үлкен саяси, ұлттық трагедия.

Қай заман болса да отбасы құндылығын сақтап қалуда «не істейміз?» деген сұрақ туады. Оңды, ұтымды жетістікке жеткен отбасыларды, тұлғаларды насихаттау керек. Жастарды жылтыраққа емес, тұрақты жетістікке жетуге, адал еңбекке үйреткеніміз абзал. Бала тәрбиесі – үлкен жұмыс. Қазіргі жас аналарды тәрбиеге үйрету керек. Жас аналар ұялы телефонды тәрбиенің көзі деп қабылдайды. 15-20 жылдан кейін мұндай балалардан қайыр күтудің де қажеті шамалы. Өйткені даму мүмкіндіктері, ойлау қабілеттері телефондағы контентке ғана байланып, одан жоғары ешнәрсе істей алмай қалады», деп пайымдайды ол. 

Психолог Алтынай Қамшыбекқызы отбасы құндылықтарының әлсіреуін және ажырасу көрсеткішінің өсуін алаңдатарлық жағдай деп бағалап отыр.

ө

«Қазір қоғамда отбасы құндылықтарының әлсіреуі мен ажырасу көрсеткішінің көбеюі алаңдатарлық жағдайға айналды. Отбасы – адам өмірінің бастау бұлағы, рухани және адамгершілік тәрбие беретін мектеп.

Қоғамда отбасы тек өмір сүру орны ғана емес, эмоционалды және психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін басты институт болып отыр. Егер отбасы мүшелері өзара түсіністік пен сыйластықты сақтаса, балаларда сенім мен жауапкершілік қалыптасады, ал бұл – қоғамдағы жалпы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Керісінше, жанжал мен түсініспеушілік жиі болса, тек жеке өмір ғана емес, бала психологиясы да зардап шегеді», дейді маман. 

Белгілі журналист Бейсен Құранбек «Адам өмірінде қанша жетістікке жетсе де, отбасы бақытсыз болса – бәрі бекер» деген еді. Бұл сөздің мәні – отбасыдағы сүйіспеншілік пен татулық – нағыз өмірдің мәні екенін еске салады. «Біреуді сүйіп, үйлену оңай, ал сол сүйген адамыңды өмір бойы құрметтеп өту – ерлік», дейді ол.

Қазіргі қиындықтар дәстүр мен заман талабын үйлестіру қажеттілігін көрсетеді. Отбасы құндылығын сақтау тек заң немесе дәстүр арқылы емес, әр адам арасындағы сыйластық пен түсіністік арқылы жүзеге асады. Жастар мен үлкен буын арасындағы түсініспеушілікті азайту, бала тәрбиесіне мән беру, тұрақты жетістікті насихаттау – отбасылық татулық пен елдің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі жолдары болып қала береді.