Ұлттық спорт • Бүгін, 08:10

Түкпірдегі түбекте садақ тартқан

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменнің іргесіндегі Глубокое кентінде тұра­тын Төлеухан әулеті шетінен мерген. Сонау Кореяда өткен дәстүрлі садақ атудан Әлем ку­богінде Қазақстан намысын қорғаған Аяш Қаб­доллаева жамбы ату­дан бірінші орынды иеленсе, оның келіні пұт нысанасы бойынша Ажар Төлеуханова үшінші орын тұғырынан көрінді.

Түкпірдегі түбекте садақ тартқан

Шығыста ең алғаш садақ ату дәстүрін қайта жаңғыртқан – осы Ажар Төлеуханова. Ол Глубокое кентінде мергендер мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Ә дегенде-ақ адырна тартуға қызыққандар көп болды. Мектеп оқушылары қызығып қана қоймай, республикалық жарыс­тарда жүлдеден жүлде қоймады. Кейін Ажар өзі келін болып түскен үй ішін де садақ атуға баулыған. Қазір облыстағы кіл мергендер осы әулеттен шығады. Бұл сөзімізді күні кеше садақты сәнге тартатын сақ ханшайымдарының бүгінгі бейнесіндей арулар тағы бір мәрте дәлелдеді. Тіпті сонау түкпірдегі түбекте өткен додада қазақтың қыздары 535 спортшы қатысқан сыннан суырылып алға шықты. Жүлдегерлер елге келісімен жанкүйерлері аяқтарын жерге тигізбей күтіп алды. Мұндай қошеметке ие болған жүлдегерлер де риза­шы­лықтарын білдіріп жатты. 

– Бұл жарыс біз үшін оңай бола қоймады. 32 елден мер­гендердің мергені келіп бақ сынады. Қазақстан құрамасынан 34 садақшы ел намысын қорға­ды. Осындай жарыста жеңіп шығамын деп ойламадым. Мені қолдаған жерлестеріме, отба­сы­ма, күтіп алып жатқан жан­күйерлерге көп рахмет. Ал садақ тартуға қызықтырған келі­нім Ажарға мың алғыс, – деді жеңім­пазымыз Аяш Қабдоллаева.

Айта кетейік, Аяш Қабдол­лаева көп жыл Глубокое кен­тіндегі Оралхан Бөкей атын­дағы орта мектепте ұстаздық етеді. Ұстаздық ете жүріп, мерген­дік өнерді бертін меңгер­ді. Соның өзінде биік белестерді бағындырып жүр. Иә, садақ тарту жас талғамайды. Кең ғимарат болса – болғаны. Ажар ашқан мергендер мектебі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жүлде қоржыны әлі талай алтын мен күміске толары анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы