– Сіздер еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен баға жетпес жәдігерлерін сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, келешек ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы қызмет етіп келесіздер. Елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын сақтап, архив ісін жетілдіріп, ауқымды жобаларды жүзеге асырғандарыңыз үшін алғысым шексіз, – деген министр құттықтауында.
Іс-шара барысында «Архив-2025» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер талқыланып, бейнероликтер мен көрме материалдары ұсынылды. Сонымен қатар архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, цифрлық жүйеге енгізу бағытында атқарылған жұмыстар таныстырылды.
2020 жылдан бастау алған жоба аясында республикалық архивтердің ғылыми-экспедициялары Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Мажарстан, Үндістан, Иран, Мысыр, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Беларусь, Қатар сынды 14 елде анықтау жұмыстарын жүргізген. Ғылыми зерттеу нәтижесінде 913–1990 жылдар аралығындағы ел тарихына қатысты 7000-нан аса құнды құжат жинақталып, ғылыми айналымға енгізілген.
– Бұл конференцияда кейінгі бес жылдық жұмыстың нәтижесі баяндалып отыр. Алыс-жақыннан әкелген құжаттар бүгінгі іс-шарада көрсетіледі. Дәстүрлі баяндамалардың орнына еліміздегі барлық негізгі архивтер атқарған жұмыстар бейнебаян арқылы көрінгелі отыр. Яғни өткелі отырған іс-шараның ауқымы кең, айтары мол. Біздің жасап отырған еңбектеріміздің нақты көрсеткіштері айқындалмақ, – деді Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова.
Көне құжаттар қатарында 918 жылы Темір ханның Сайбек ханға елші жіберіп Бұрындықпен мәмілеге келуі туралы деректер және Шығыс Түркістан халқының тәуелсіздігімен бостандығы үшін күрескен Оспан батыр туралы Нұрғожай батырдың естеліктері бар. Сонымен қатар мәдениет, ғылым, түрлі салалар мен қазақтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүріне қатысты құжаттардың маңызы зор. Арасында әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың қатысуымен түсірілген қысқа бейнесюжет, биші Шара Жиенқұлова туралы деректер архив қорына енген.
Айта кетейік, конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, республикалық және облыстық архивтердің басшылары, архив саласының мамандары, тарихшы-ғалымдар қатысып, ой-пікірлерін білдірді.