Фото: tr.pinterest.com
Спикердің айтуынша, Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы алғашқы ынтымақтастық жөніндегі келісімдер 2023 жылы жасалып, сол орайда Қостанай өңіріндегі «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының базасында «Алиби» жабайы тұяқтыларды қайта бейімдеу орталығы құрылды.
«2024-2025 жылдары Қазақстанға екі топпен 14 Пржевальский жылқысы жеткізілді. Бірінші топтағы жылқылар бейімделу кезеңінен кейін биыл шілде айында табиғи ортаға жіберілді. 7 бас жылқы қазіргі уақытта вольерде бақылауда тұр», деді спикер.
2029 жылға дейін елімізге 40-қа жуық Пржевальский жылқысын әкелу жоспарланып отыр. Бұл өздігінен көбейетін тұрақты популяция құруға мүмкіндік бермек.
Пржевальский жылқысын еліміздің табиғатына қайтару жұмыстары Прага хайуанаттар бағы, Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг және Берлин хайуанаттар бақтары, сондай-ақ Венгрияның «Хортобадь» ұлттық паркімен бірлесе жүзеге асырылып жатыр.