Фото: Ашық дереккөз
Қарыз міндеттемесі сақталады
Банк лицензиясынан айырылған соң, оның барлық міндеттемесі мен активтері уақытша әкімшілік немесе ликвидациялық комиссияның қарауына өтеді. Олар банк қызметін толық тоқтатқанға дейін төлем қабылдау, берешекті өндіру және кредиттік портфельді басқа қаржы ұйымына өткізу жұмыстарын атқарады. Кейде банк қарыздарын басқа банк сатып алады. Мұндай жағдайда бұрынғы борышкердің міндеттемесі сол күйінде сақталып, тек жаңа төлем алушы пайда болады.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов мұндай жағдайда ең бастысы сабыр сақтап, ресми ақпаратты бақылауда ұстау керектігін айтады.
«Банктің лицензиясынан айырылуы немесе банкротқа ұшырауы қарызды жоймайды. Борышкердің міндеттемелері сол күйінде қалады және оларды басқа заңды тұлға – ликвидациялық комиссия, агенттік немесе жаңа банк қабылдайды. Ең үлкен қате – «банк жоқ, енді төлемесем де болады» деп ойлау. Керісінше, мұндай жағдайда ресми ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Депозиттерге кепілдік беру қорының сайттарынан қарап отыру қажет», дейді маман.
Оның айтуынша, банкроттық рәсім барысында азаматтарға міндетті түрде жаңа реквизиттер мен төлем тәртібі туралы хабарлама жолданады. Егер мұндай хабарлама келмесе, ресми дереккөзге, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне немесе депозиттер қорының өкіліне жазбаша өтініш беру керек.
Төлемді тоқтатудың салдары ауыр
Кейбір қарыз алушылар «банк жабылды» дегенді ести сала төлемді бірден тоқтатады. Алайда бұл шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені кредиттік келісім әлі де заңды күшінде. Егер төлем уақтылы жүргізілмесе, өсімпұл мен айыппұлдар қосылады, ал мәліметтер несие бюросына түседі.
«Банкроттық кезінде төлемді кешіктірудің салдары: пайыздар мен айыппұлдар есептеледі, ақпарат кредиттік бюроға енгізіледі. Тіпті сотқа дейін баруы мүмкін. Сондықтан төлемдерді тоқтатпай, қажет болса ликвидациялық комиссияға ресми өтініш беріп, төлемді кейінге қалдыруды сұрау керек. Бұл борыштың ұлғаюынан және сот дауларынан қорғайтын ең тиімді тәсіл», дейді Расул Рысмамбетов.
Сондай-ақ азаматтар жаңа реквизит келмейінше, күмәнді шоттарға ақша жібермеуі керек. Себебі алаяқтар мұндай жағдайда өзін «банк өкілімін» деп таныстырып, жалған деректер арқылы төлем қабылдауға тырысуы мүмкін.
«Егер ликвидациялық комиссия немесе жаңа кредитор қайта құрылымдау жүргізсе, айыппұл мен пайыздың бір бөлігі кешірілуі мүмкін. Кейде әлеуметтік жағдайы ауыр азаматтардың негізгі қарызы да қысқартылуы ықтимал. Бірақ мұндай шешімдер тек ресми негізде қабылданады», дейді қаржыгер.
Маманның сөзінше, егер қарыз уақытша тоқтатылса немесе қайта құрылымдалса, бұл да кредиттік тарихта көрініс табады. Сондықтан кез келген төлемнің кешіктірілуі болашақта жаңа несие алу мүмкіндігін шектейді.
«Кез келген кешіктіру кредиттік тарихқа теріс әсер етеді. Тіпті банк жабылған жағдайда да бұл деректер кредиттік бюрода сақталады. Кейін жаңа несие алу қиынға соғады. Сол себепті, барлық түбіртектер мен төлем құжаттарын жинап, қажет болса кредиттік бюроға ресми түсіндірме хат жолдау маңызды», дейді Рысмамбетов.
Ресми ақпарат – ең сенімді дерек
Банкроттық жағдайда тек ресми ақпаратқа сүйену маңызды. Азаматтар төлемдерді кімге және қандай шотқа аудару керектігін тек агенттіктің немесе депозиттер қорының ресми сайттарынан білуі тиіс.
«Ресми ақпаратты тек Агенттік, депозиттер қоры немесе eGov порталынан тексеріңіз. Ресми хабарламасыз төлемді тоқтатпаңыз, әр төлем бойынша құжатты сақтаңыз. Ликвидациялық комиссиямен байланыс орнатыңыз. Негізгі қағида қарапайым: қарыз тек ресми түрде жабылған жағдайда ғана аяқталады», дейді сарапшы.
Банкроттық жағдай кез келген қаржы жүйесінде кездесетін табиғи үдеріс. Мұндай кезеңде қарызын уақытылы өтеп, ресми ақпаратқа сүйеніп әрекет еткен адам еш ұтылмайды. Банк жабылса да, адалдық пен жауапкершілік әр азаматтың өзінде қалуы тиіс.