Концерт басталмас бұрын Жапонияның Халықаралық мәдени алмасу комитетінің өкілдері филармония фойесінде көпшілікке ұлттық мәдениетінің бөлшегі саналатын шай салтанатын көрсетті. Сонымен қатар ұлттық ойындары «сёги» яғни жапон шахматынан шеберлік сыныбын өткізді. Жапондардың үш ішекті сямисен аспабында ойнаған ансамбль де өнер көрсетті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен еліміздегі Жапония елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл концертте Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Оркестрге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты – Қуаныш Исмаилов дирижерлік етті.
Кеште Жапониядан келген Кодай Минода (сямисэн), Маюко Кацумур (скрипка), Кадзухиро Миямура (гобой), Мицукуни Цудзимото (труба) және Тасаитира Мотидзуки (цудзуми) сынды өнерпаз филармония сахнасында жапондық музыканың ерекшелігін паш етті.
Концерт барысында Ғ.Жұбанованың скрипка мен оркестрге арналған концертінің І бөлімі, С.Юдаковтың «Поэмасы», Wada-ның «Fusuikyo» туындысы, А.Арутюнянның труба мен оркестрге арналған концерті сияқты белгілі шығармалары орындалды. Сонымен қатар Х.Огуридің гобой мен оркестрге арналған «Балладасы», Х.Хошинаның гобой, цудзуми, оркестрге арналған «Жарық сәуле астындағы дұға мен ойындар» шығармасы ерекше ықыласқа бөленді.