Былтырдан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік қормен бірлесіп еліміздегі ландшафттарды тұрақты қалпына келтіруді қолға алды. Қазір әлемде өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтауға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының, табиғи флораның, жеміс-жидек, тағы да басқа өсімдіктердің мыңнан аса тұқым қоры бар. Еліміз кейінгі онжылдықта ормандардың азаюы, орманның табиғи алуан түрлілігінің жойылу проблемасымен бетпе-бет келіп отыр. Дегенмен елімізде орманды қалпына келтіру, экожүйені сақтауда маңызды ағаш, тал түрлері тұқымдарының ресурстары мол екенін айтады мамандар.
«Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы аясында Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орман тұқымбағы ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Семей орманы» реверватының қызметкерлері, сала мамандары мен белсенді жастар қатысты.
Тұқымбақтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Құрылысы 2026 жылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұқымбақта қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың егістік алаңы, жабық тамыр жүйесіне арналған контейнерлік жылыжайлар, шеберханалар, қоймалар, кеңселер салынатын болады. Сондай-ақ 3 га аумақта инженерлік желілер мен қосалқы алаңдар орналасып, 5 га жер плантациялар мен тұқымбаққа арналады.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл облыста 65 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. «Семей орманы» резерваты аумағындағы өрттердің салдарын жою мақсатында жыл сайын 20 миллионнан астам қарағай егіледі. Бұл іс-шаралар орман қорын қалпына келтіруге, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталып отыр. Жаңа орман тұқымбағы облысты көгалдандыруға, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға ықпалын тигізуге тиіс. Сондай-ақ Семей қаласының сол жағалауында жасыл белдеу құру көзделген.
Аймақ басшысы жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, орман қорын қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама екенін айтты.
– Бүгін біз «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», орман тұқымбағының салтанатты ашылуы сынды ерекше маңызды екі іс-шараны атап өтуге арнайы жиналып отырмыз. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшет отырғызу, еліміздің орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қолға алынып, атқарылып жатқан игі істердің жалғасы. Тұқымбақ қолайлы жерде орналасқан. Жанынан Ертіс өзені ағып өтіп жатыр. Ағаш көшеттерін көбейтіп, жасыл аймаққа айналдыруға таптырмас орын. Табиғатты қорғау жолында тынымсыз тер төгіп жүрген сала мамандарын, орман шаруашылығы қызметлерінің қажыр-қайратын ерекше атап өту ләзім. Солардың есепсіз еңбегінің арқасында жасыл байлығымыз – орманымыз сақталып, ұлғайып келеді. Ұлтымыздың экологиялық мәдениеті талай ғасырлардың сынынан өтіп, ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігіне айналған. Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған ел ағаш егеді» деген даналық бар. Өңір экологиясын жақсартып, туған жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың ортақ борышымыз. Табиғатты аялау ұлт болашағына қызмет ету екенін естен шығармауымыз керек, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында орман саласының мамандары да тұқымбақтың Семей қаласы үшін маңызы зор екенін айтты.
Аймақ басшысы ашылу салтанатынан кейін орманшылармен, жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Іс-шара барысында тұқымбаққа 10 мыңға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеті егілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендрологиялық жоспар әзірленді.
Абай облысы