Аймақтар • Бүгін, 08:38

Әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбеде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай «Мейірім. Парыз. Қызмет» атты салтанатты шара өтіп, қарттар мен мүгедек жандар, табысы аз отбасылар мен жұмыссыздар, басқа да әлеуметтік осал топ­тағы тұрғындарға қамқорлық танытып жүрген мамандарға құрмет көрсетілді.

Әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

Өңірде 2 мыңнан астам әлеу­меттік қорғау жүйесі маманы жұмыс істейді. Олар үй жағдайындағы 308 мүмкіндігі шектеулі балаға, 1 776 жалғызбасты қарт пен мүгедекке қамқорлық жасайды. Одан бөлек, 6 атаулы әлеуметтік қызмет көрсету, 27 белсенді ұзақ өмір сүру, 13 отбасыны қолдау орталықтары жұмыс істейді. Биыл осы орталықтарға келген 12 мыңнан астам адамға құқықтық, әлеуметтік, психо­ло­гия­лық көмек көрсетілген.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау саласында жылдан-жылға ілгері басушылық сезіледі. Соның бір дәлелі, Темір ауданында салынып жатқан тірек-қимыл жүйесінде мүгедектігі бар балаларға арналған 130 орындық оңалту орталығы мен Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабында салынып жатқан 150 орын­дық ересек мүгедектерді сауықтыру орталығы.

Салтанатты шарада өңір басшысы Асхат Шахаров халықты жұмыс­пен қамту, жұмыссыз азаматтарды қайта мамандандыру, жаңа бизнес-идеяларды қолдаудағы әлеуметтік қызметкерлердің еңбегіне еркше тоқталды.

– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 40 мыңнан астам адам, соның ішінде 1 131 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды, 567 адам жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант алды, 519 адам жаңадан кәсіптік білім алды. Мемлекеттік инспекторлар көмегімен 6 184 еңбеккердің құқығы қорғалды, – деген облыс әкімі Президент Жолдауында көрсетілген әлеуметтік сая­сатты біріздендіру, цифрландыруға байланысты қолға алынып жатқан шараларды атап өтті. – Осыған байланысты Ақтөбе облысында әлеуметтік қорғау саласында бірқатар дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. FSM «Social» мобильдік қосымшасы ар­қылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға уақ­тылы, нақты көмек көрсету жүйесі енгізілді. Бүгінде осы қосымшаның көмегімен 12 764 адамға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық қолдау көрсетілді.

и

Салтанатты рәсімде осы салада ұзақ жыл абыройлы қызмет етіп жүр­­ген еңбеккерлерге мемлекеттік награ­да­ табыс етілді. «Әлеуметтік қор­ғау жүйе­сінің үздік қызметкері және үз­дік әлеуметтік жоба», «Еңбек жолы» конкурсы облыстық кезеңінің жеңім­паздарына құрмет көрсетілді. Шара соңында Ақтөбе облысы әкімінің аты­нан 6 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әрқайсысына 3 миллион теңге көлемінде сертификат табыс­талды. Олардың арасында қаладағы қарттар мен мүгедектер үйі, 18 жастан жоғары жүйке ауруларына шалдық­қан науқастарға арналған интернат, 18 жасқа дейінгі жүйке аурлары бар балаларға арналған интернат үйлері бар.

– Жүйке сырқатына шалдыққан 3–18 жас арасындағы балаларға интернат үйі өткен жылдың қаңтарында ашылды. Қазірде 53 бала тәрбиеленіп жатыр. Бізде аутизмге шалдыққан, даун сырқатымен дүниеге келген бала көп. Интернат тәрбиеленушілерінің басым көпшілігі – 2010, 2011 жылы дүниеге келген. Тәрбиешілер баланы әлеуметтендіруге дағдыландырады. Мәселен өз төсегін, ойыншықтарын, ыдыстарын жинап, жуынуға үйретеді. Ата-аналары әр жұма сайын кешкі­лік сағат 16.00–18.00 аралығында келіп, балаларына жолығып кете алады, – дейді №3 әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының директоры Қарлығаш Шалаева.

«Әлеуметтік еңбек саласының үз­ді­гі» төсбелгісімен марапатталған Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің басшысы Айгүл Бижанова осы салада 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маман аз қамтылған отбасы, мүгедек, жұмыссыздар мен D, E санатындағы өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсетеді. Ауданда 506 мүгедек бар, соның ішінде 18 жасқа дейінгі 661 бала тіркелген. 30 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

– Ауданда жалғызбасты, өздігінен жүріп-тұруы қиын ересек 89 мүге­дек, көмекке мұқтаж 7 бала бар. Қызмет­кер­леріміз аптасына екі-үш рет мүге­дек балалардың үйлеріне барып, бірге уақыт өткізеді. Жазуға үйретеді, бірге сурет салады, сыртқа шыға­рып серуендетеді. Өңірдегі көмекке мұқ­таж, жалғызбасты мүгедектігі бар 89 жанның 35-і аудан орталығында тұрады. Әлеуметтік қызметкер олардың үйін тазалайды, азық-түлік сатып әке­­­леді, көмір кіргізіп, күл шығарады. Ауыл­­дардағы көмекке мұқтаж жандар да назардан тыс қалмай­ды, – дейді А.Бижанова.

Әлеуметтік қызметкер болу оңай емес. Бұл бойында еңбекқорлық пен адалдық, қайырымдылық, шы­дам­дылық, мейірімділік секілді қа­сиет­тер ұштаса­тын адамдардың ғана қолынан келеді. Сол себепті осы салада көбінесе әйелдер еңбек етеді. Айта кету керек, қамқорлыққа мұқтаж жандарға ең бірінші болып қол ұшын созатын әлеуметтік қызметкерлер күні тұңғыш рет биыл ерекше атап өтілді. Енді жыл сайын қазанның соңғы аптасында мерекеленетін болады.

 

Ақтөбе облысы