Экология • Бүгін, 14:55

Сарапшы: Қазақстан эпидемиялық күрделі жағдайдың алдында тұр

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елде медициналық қалдықтарды басқару мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсті. Аурухана, зертхана мен клиникалардың саны көбейген сайын, медициналық қызметтердің көлемі артып, соған сай қауіпті қалдықтардың да мөлшері өсіп келеді. Алайда оларды қауіпсіз жинау, тасымалдау және жою ісі денсаулық сақтау жүйесіндегі ең осал тұстардың бірі болып қала береді.

Сарапшы: Қазақстан эпидемиялық күрделі жағдайдың алдында тұр

Мысалы, Астана қаласында медициналық қалдықтарды өртеу арқылы кәдеге жаратумен тек бір ғана арнайы полигон айналысады. Инфрақұрылымның мұндай шектеулілігі қалдықтарды дер кезінде әрі қауіпсіз жою ісінде елеулі қиындықтар туғызады. Көптеген медициналық ұйымдар қалдықтарды уақытылы тапсыра алмай, мекеме аумағында жинақтап қоюға мәжбүр. Бұл өз кезегінде санитариялық талаптардың бұзылуына және жұқпалы аурулардың таралу қаупінің артуына әкеліп соғады.

Әсіресе Б және В санатындағы медициналық қалдықтар: пайдаланылған шприцтер, ампулалар, биологиялық үлгілер, таңғыш материалдар мен өзге де залалдану қаупі бар заттар адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін айтарлықтай қауіп төндіреді. Мұндай қалдықтарды дұрыс сақтамау немесе тиісті тәртіппен жоймау топырақтың, судың және ауаның ластануына, түрлі инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін.

1

Медициналық қалдықтарды жинау және жоюмен айналысатын лицензиясы бар операторлардың тапшылығы да жағдайды қиындатқан. Әсіресе ауылдық өңірлерде арнайы компаниялар мүлде жоқ немесе олардың тұрақты әрі қауіпсіз тасымалдау мүмкіндігі шектеулі. Салдарынан кейбір мекемелер заңсыз әдістерге жүгінуге мәжбүр, яғни ескі пештерде өртейді, тұрмыстық қалдықтар полигонына көме салады немесе қоршаған ортаға тастайды.

Қолданыстағы нормативтік база қалдықтардың санаттарын және оларды кәдеге жарату тәртібін айқындағанымен, бақылау мен орындау тетіктері әлсіз. Тексерулер жүйелі түрде жүргізілмейді, заң бұзушылықтар жауапкершілікке алынбайды. Көптеген медициналық ұйымдарда қажетті ресурс, білікті маман және арнайы жабдықтардың жетіспеушілігі байқалады.

Қызметкерлерді оқыту мен ақпараттандыру мәселесі әлі де өзекті. Бірқатар медициналық мекемеде персонал қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу бойынша тиісті даярлықтан өтпейді. Сұрыптау, таңбалау және уақытша сақтау дағдыларының болмауы бастапқы кезеңде ретсіздік туғызып, кейінгі кәдеге жарату үдерісін анағұрлым қауіпті әрі шығынды етеді.

2

Сонымен қатар медициналық қалдықтардың заңсыз айналымы қаупін де жоққа шығаруға болмайды. Кей жағдайларда пайдаланылған шприцтер мен қолғаптардың, жүйелердің көлеңкелі нарыққа қайта сатылғаны белгілі болған. Бұл – тек заң бұзушылық емес, сонымен бірге эпидемиологиялық қауіп төндіретін өте қауіпті әрекет.

Мәселені шешу жүйелі әрі кешенді тәсілді қажет етеді. Инфрақұрылымды кеңейтіп, қосымша полигондар салу және қалдықтарды термиялық әрі баламалы жолдармен жоюға арналған заманауи қондырғыларды енгізу маңызды. Астана мен ірі қалаларда қолданыстағы нысандардың жүктемесін азайтып, төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға болатын қосымша резервтер құру қажет.

Медициналық қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың электрондық жүйесін енгізу де өзекті. Мұндай жүйе қалдықтардың пайда болған сәтінен бастап толық жойылғанға дейінгі қозғалысын қадағалап, ашықтықты қамтамасыз етеді, заңсыз әрекеттердің алдын алады және бақылаушы органдарға нақты уақыт режимінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық ұйымдарға қолдау көрсету маңызды: қызметкерлерді оқыту, қажетті контейнерлермен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ лицензиясы бар операторлардың қызметіне қолжетімділікті арттыру қажет. Бұл әсіресе аудандық емхана, ауылдық амбулатория мен ветеринариялық қызметтер үшін аса өзекті, себебі дәл осы жерлерде ережелердің бұзылуы жиі байқалады.

Бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіру ісінде Парламентаризм институты маңызды рөл атқарып келеді. Сарапшылармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медициналық қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Институт депутаттардың, мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың қатысуымен тиімді шешімдер мен үздік тәжірибелерді талқылауға арналған жұмыс кездесулері мен конференцияларды тұрақты түрде ұйымдастырады.

Медициналық қалдықтар мәселесі – тек санитариялық немесе экологиялық тақырып емес, бұл – қоғам денсаулығының, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші. Егер осы бағытта нақты және үйлестірілген шаралар қабылданбаса, еліміз экологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан күрделі жағдайларға тап болуы мүмкін. Мұндай салдарды кейін жою оларды алдын ала болдырмаудан әлдеқайда қиын әрі шығынды мәселе.

 

Нұртас НҰРАЛЫ

ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты,

Аграрлық мәселелер,

экология және табиғатты қорғау заңнамасы орталығының маманы