Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Министрдің дерегінше, биылғы вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56 пайызын құрайды. Сондай-ақ элиталық тұқымдардың үлесі 9,5 пайыздан 11,5 пайызға дейін өскен.
«Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінен бастап шаруаларға револьверлік кредит беру ашылады, бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді», деді Айдарбек сапаров.
Оның айтуынша, аталған кредиттік тетік ауыл кәсіпкерлерінің қаржы айналымын жеңілдетіп, маусымдық тәуекелдерді азайтады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бүгінде көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техниканы жаңарту қарқыны 6,5 пайызға дейін өсті. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 80 пайыздан 70 пайызға дейін төмендеді.