Қоғам • Бүгін, 08:23

Ұлт ардақтылары ұлықталды

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Ертіс-Баян өңірінің Алаш ардақтыларына арналған «Ұлтын сүйген ұлылар» атты көрмесінің, сондай-ақ «Сәдуақас Шорманов» және Иса Байзақов туралы «Дауылпаз» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Ұлт ардақтылары ұлықталды

Іс-шараға Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі, Пар­ламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Серік Неги­мов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, павлодарлық ғалым Әділбек Әміренов, тағы да басқа ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Биыл Ертіс-Баян өңірінің қа­сиетті топырағынан түлеп ұш­қан тұғырлы тұлғалар – ағартушы, қоғам қайраткері Сәдуақас Шорма­нов­тың 175 жылдық және дауылпаз ақын Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойлары аталып өтуде. Қос тұлғаның мерейтойы аясында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қолдауымен «Сәдуақас Шорманов» және «Дауылпаз» атты қос кітап жарық көрген еді. «Сәдуақас Шорманов» кітабына қоғам қайраткерінің Ресей архивтерінде сақталған «Бас­шы» қолжазбасы мен 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Аушы» еңбегі енген.  Оған қоса қоғамдық қызметі, ұлт мүддесі жолындағы күресі, ағартушылық еңбектері мен публицистикалық мұрасы жан-жақты зерттеліп, қамтылған. Құрастырушы – Марғұ­лан университетінің профес­соры, филология ғылымының кандидаты Әділбек Әміренов.

Ал Иса Байзақовтың тұлғалық бейнесі мен шығармашылық жо­лын суреттейтін «Дауылпаз» атты поэ­ма кітабының авторы – кереку­лік жас ақын Мизам Жұмәлі.

а

Музей қызметкерлері кейінгі жылдары Ертіс-Баян өңірінен табылған құнды жәдігерлерді Аста­на төрінде таныстырды. «Ұлтын сүйген ұлылар» атты көрмеде Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан тұңғыш жыр кітабы (ең толық сақталған нұсқасы), Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы мен «Қырық мысал» кітабы, Қош­мұ­хамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы, Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың таң­дама­лы шығармалар жинағы және «Темірқазық», «Жас қазақ» жур­налдарының түпнұсқалары ұсы­нылды. Сондай-ақ ғұлама Мәш­һүр Жүсіптің бойтұмары мен әке­сінің көк құраны, Жүсіпбек Ай­мауытовтың кілемі, Қаныш Сәт­баевтың жазу мәшіңкесі, Иса Байзақовтың, Әлкей Марғұланның, Сәбит Дөнентаевтың, Мұзафар Әлім­­баевтың жеке заттары қойыл­ы.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған ғалым Серік Негимов: «Ақын Мағжан Жұмабаев: «Иса – Алла тағаланың қазақ халқына сыйға берген, теңдесі жоқ бұлбұлы. Өткен ға­сырларда қазақтың небір ға­жап дүлдүлдері болған, солар­дың бірі де Исаға тең келе қоюы екіталай», деген. Ал жазушы Сәбит Мұқановтың өзі Иса ақын туралы: «Иса бір Алланың пендені таңғалдыруға жіберген өкілі», десе, Қасым Аманжолов: «Иса бүкіл дүниені алдына алып отырып жырлайтын Тәңірдің өзіндей құдіреті бар ақын», деп баға беріпті. Сол бір заманның атақты жыршылары Кенен, Нартай, Қалқа, Үмбетәлілер: «Ол бір соққан да­уыл, қара еменді де суырып кетеді», дейді екен. Сахна шебері Қалибек Қуанышбаев: «Ой, шіркін-ай! Еліре шабатын ешкі бас екен ғой!», деп тамсаныпты. Ақын Жақан Сыздықов: «Иә, Исаның өзі де ерке, домбырасы да ерке еді!», дегені бар. Иса – өткен ғасыр басындағы қазақ айтыс өнерінде ұлы құбылыс болып танылды. Оның буырқанып-бұрсанып, қауға түскен өрттей ла­пыл­дап жанып, найзағайдай жарқылдаған ұшқыр ойлары соншалықты шапшаң болғанын өлеңдерінен-ақ аңғарылады», деп тебіренді.

Ал Алтынбек Нұхұлы Шорма­нов­тар әулетінің қазақ даласына, соның ішінде Баянауыл еліне тигізген шарапаттары туралы баян­дады. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, Сәдуақастың әкесі Мұса Шорманов атақты жиһан­гез ғалым Шоқан Уәлиханов­тың туған нағашысы. Шоқан талай мәрте нағашы жұртында болып, Шормановтар әулетінің ел басқарудағы әділ билігіне, жер­гілікті жастарды білімге ұмтыл­ды­рудағы қасиеттеріне тәнті болған.

«Сәдуақас Шорманов Ертіс-Баян өңірінде алғаш мектеп ашып, қаншама қазақ баласының арманын орындады. Сол мектепте ғұлама Қаныш Сәтбаев та оқыған. Сәдуақастың есімі ағартушылар қатарында аталуы заңдылық. Оның ұлты үшін жасап кеткен еңбектері, шығармашылығы әлі де болсын зерттеуді қажет етеді», деп атап өтті ғалым.

Павлодарлық музей мен ЕҰУ фи­лология факультеті алдағы уа­қытта ғылыми зерттеу жұмыста­рын бірлесіп  жүргізуге уағдаласты.

 

Астана