Өнер • Кеше

Сахна саңлақтары

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу облысында Бикен Римова атындағы драма театрда қазақ сахна өнеріндегі жұлдызды жұп – Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерде – 50, өмірде – 75» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке облыс әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұлова бастаған өнердегі әріптестері, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер жұртшылық қатысты.

Сахна саңлақтары

Кеш қонақтары сахна саңлақта­рының шығармашылығына арнал­ған көрмені аралады. Онда сахна­лық киімдері, спектакльдердегі рөлдерінен фотосуреттер, жалпы өнер­леріне қатысты басқа да бұйымдар қойылды.

Сахнада құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың еңбегін ерекше атап өтті.

«Сіздердің өмір жолдарыңызды Бикен Римова атындағы театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Ең алғаш осы театрдың іргетасын қаласып, сахна шымылдығын ашқан, табан аудармай жарты ғасыр бойы өнерге қызмет етіп келе жатқан сіздерге жетісулықтардың атынан ерекше ризашылығымды біл­діремін», деді Бейбіт Исабаев.

Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары, «Иль-Канто» квартеті, «Қоңыр» тобы әннен шашу шашты. Жетісулық өнер ұжымдары әртістерінің орындауында Алмахан Нұрпейісқызының өлеңдері оқылып, «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма» секіл­ді бірқатар әні орындалды. Қос актер түскен «Көшпенділер», «Бір уыс бидай», басқа да фильмдерден, телехабарлардан үзінділер берілді.

Еске салсақ, қос актер Шолпан Жандарбекованың сыныбын бітіріп, алғашқы еңбек жолын жаңа құрыл­ған Талдықорған театрында бастап, елу жыл сахнаға адал қызмет етіп келеді. Театр ұжы­мы өткізген бұл мерейтойлық іс-шара ұлттық сахна өнерінің дамуына зор үлес қосқан майталман тұлғаларды дәріп­теу, олардың бай шығармашылық мұ­ра­сын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жас актерлерге өнеге етуді мақсат етті.