Келер жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, көлік пен мүлік салығына бірқатар жеңілдік қарастырылған.
«Ең алдымен қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын көлік иелеріне салынатын салық мөлшері азаяды. Бұған дейін 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін төлеп келген жүргізушілер енді шамамен 460 мың теңге көлемінде салық төлейді. Сонымен қатар ескірген көліктерге жеңілдік қарастырылған», - деп хабарлады жауапты ведомство.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап бизнеске салынатын салықтар саны 20%-ға қысқарады. Жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылып, бірыңғай жер салығы жойылмақ. Төлемдердің жекелеген түрлері бойынша мөлшерлеме саны қысқартылады. Өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап, инвестицияны ынталандыруға және салық жүктемесін қайта бөлуге дейінгі барлық негізгі бағытты қамтиды.
Салық режимі оңтайландырылады, яғни үшеуі қалады:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін,
- жеңілдетілген декларация негізінде,
- фермерлік шаруашылықтар үшін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мобильдік қосымша арқылы салықты есептеп, төлей алады.
Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.