Сурет: newsroom.kz
Электрондық еңбек биржасындағы бос орындар саны 128,9%-ға артып, түйіндемелер керісінше 6,3%-ға азайған. Оқу жылының басында сұраныстың басым бөлігі мұғалімдерге тиесілі болды. Нақтырақ айтсақ, білім саласында 120,7 мың жұмыс ұсынылған, оның дені Астана, Алматы қалаларында. Сонымен қатар ақпарат және байланыс (17,4 мың), қызмет көрсетудің басқа да салаларына (17,1 мың), өңдеу өнеркәсібіне (15 мың) сұраныс жоғары. Осы төрт сала кейінгі кездегі жалпы сұраныстың 70%-дан астамын құраған.
Жұмыс берушілердің дені жоғары білікті мамандар іздейді. Мұндай мамандардың үштен екісі (81,6 мың) – білім беру, тәрбие саласындағы мамандар. Орта білікті мамандарға сұраныс – 31% (75,2 мың), біліктілігі жоқ жұмысшыларға сұраныс – 17% (40,4 мың). Бос жұмыс орындарының өсімі жөнінен Алматы облысы көш басында. Одан кейінгі орындарда – Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу облыстары. Жалпы, түйіндеме санының аздап төмендегеніне қарамастан, көптеген өңірде жұмыс іздеушілердің белсенділігі артқан. Бұл ретте Алматы облысы мен қаласы көш басында, үштікті Түркістан облысы түйіндейді.
Нақты кәсіптерге қатысты айтар болсақ, ең көп сұранысқа ие мамандықтар – PR-менеджерлер (16,3 мың бос орын), математика пәнінің мұғалімдері (7,6 мың), тәрбиешілер (6,1 мың). Орта білікті мамандар арасында тәрбиеші көмекшілері (4,4 мың), күзетшілер (2,7 мың), автокөлік жүргізушілері (2,6 мың) сұранысқа ие. Жұмысына ең жоғары жалақы сұрағандар – техникалық директорлар (орташа 1,2 млн теңге), ұшқыштар (1,2 млн теңге), коммерциялық директорлар (1,1 млн теңге). Жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы – кен өндіру саласындағы цех басшысы (шамамен 843,8 мың теңге), энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары (733 мың теңге), IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы (718 мың теңге) лауазымдары.
Жалпы, кейінгі кездері жоғары білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың өскені байқалады. Бұл өсім білім саласындағы маусымдық факторлармен, атап айтқанда, мұғалім, тәрбиеші, олардың көмекшілеріне сұраныс көбейгенімен байланысты болып отыр.