Күрес • Бүгін, 08:40

Жаңартылған рейтинг көңіл көншітпейді

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жер-жаһанның әр қиырынан жиналған белді балуандардың басын қосқан Хорватия астанасы Загребтегі әлем чемпионаты аяқталған соң Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингі жаңартылды.

Жаңартылған рейтинг көңіл көншітпейді

Грек-рим күресінен 60 кг салмақта бас жүлдені ол­жалаған Айдос Сұл­танғали осыған дейін 43-орынды қа­на­ғат тұтып келген еді. Загребте тари­хи алтынға қол жеткіз-ген­­­нен кейін бірден 5-орынға көтерілді. Сыр бойы саң­ла­ғының бұл жетістігіне барша жан­күйер қуанды. Бұған дейін қазақ «классиктері» арасынан төрт-ақ әлем чемпионы шықты. Шәміл Серіков 1978, 1979 жылдары Мехико (Мексика) мен Сан-Диегода (АҚШ) дара шықса, Жақсылық Үшкемпіров 1981 жылы Ослода (Норвегия) озды. 1989 жылы Мартиньиде (Швейцария) Дәулет Тұрлыханов теңдессіз деп танылды. 1998 жылы Евледе (Швеция) Бақтияр Байсейітовтің бақ жұлдызы жанды. Бұл жеңістердің барлығы да өткен жүзжылдықтың еншісінде. Енді міне, ХХІ ғасырда Айдос Сұлтанғали сол белесті бағындырды. Ол қазақ грек-рим күресі шеберлері тарихындағы осындай деңгейге жеткен бесінші балуан. Ал «Бес саусақ жұмылса, жұдырыққа айналатыны» белгілі. Олай болса, Жақсылық ағамыз айтқандай, «қазақ жігіттері арасынан енді чемпиондар көптеп шығады» деп үміттенеміз.

Рейтингтегі жағдайларын жақсарт­қандар арасында Мерей Мәулетқанов (72 кг) пен Ислам Евлоев та (87 кг) бар. Күні кешеге дейін алғашқысы 30, екіншісі 16-орында тұрды. Хорватияда екеуі де жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрінді. Қола медаль үшін тартыста жолдары болмады. Десек те, жас балуандарға бесінші орынның өзі жақсы нәтиже. Соның арқасында екеуі де 6-орынға көтерілді. Мерейдің 22, Исламның 21 жаста екенін ескерсек, олардың келешекте талай биіктен көрінетініне сенім мол.

Керісінше, бірнеше балуанымыз рейтингтегі жағдайларын күрт нашарлатып алды. Былтыр әлем чемпионатында күміспен күптелген Ержет Жарылқасын (63 кг) биылғы додада қатты сүрінді. Соның кесірінен 4-орыннан 18-сатыға сырғып түсті. Париж Олимпиадасының күміс жүл­дегері Демеу Жадыраев (77 кг) биылғы жылдың ең жауапты жарысында өз деңгейінде күресе алмады. Бұған дейін 6-сатыда нық тұрған сақа спортшы қазір 13-орынға төмендеді. Әлімхан Сыздықов (130 кг) – 10, Марлан Мұқашев (55 кг) – 13, Әлмир Төлебаев (82 кг) – 18, Дінмұхамет Қошқар (67 кг) – 34-орында. Загребтегі додада тұсаукесер кездесуінен кейін-ақ көрермендер қатарына қосылған Рахат Бержанов (97 кг) рейтингте мүлде жоқ.

Еркін күрес шеберлері әлем чем­пио­натын қос қола медальмен қоры­тын­ды­ла­ғаны белгілі. Бірақ UWW өз рей­тин­гін жаңарту барысында екеуі­нің өне­­рін екі түрлі бағалаған екен. Мәселен, 61 кг салмақта үздік үштікті түйін­деген Асылжан Есенкелді  34-тен бір­ден 4-орынға көте­рілді. 70 кг сал­мақ дәре­жесінде дәл сондай көрсет­­­кіш­ке қол жеткізген Нұрқожа Қайпанов кері­сін­ше, 3-тен 9-сатыға сыр­ғы­­­­ды.

Осыған дейін рейтингке мүлдем енбеген Кәміл Круглиев (92 кг) жарыста жүлде ала ал­мағанымен, өте сапалы әрі са­уатты күре­сіп, көрермендердің көзайымына айнал­­­ды. 20 жастағы жігітке жанкүйерлер дән риза болды. Қазіргі кезде Кәміл 8-орында тұр. Қалған жерлестеріміздің нәтижелері мынадай: Азамат Дәулетбеков (86 кг) – 16, Начын Куулар (65 кг) – 24, Ризабек Айтмұхан (97 кг) – 25, Болат Сақаев (79 кг) – 25, Әлібек Әбдіқасымов (65 кг) – 34, Әлішер Ерғали (125 кг) – 37-орын.

Әйелдер күресіндегі жағдайымыз көңіл көн­шіт­пейді. Қарт құрлыққа сапар шеккен тоғыз бұрымдының сегізі бірінші айналымнан аса алмады. Екінші кезеңге бір ғана спорт­шы шықты. Оның өзі сол межеде ойсырай ұтылды. Еліміздің ең үздік балуаны Жәмила Бақбергенова (72 кг) күні кешеге дейін әлемдік рейтингте көш бастап тұрды. Хор­ва­тияның астанасындағы сәтсіздіктен кейін 6-сатыға сырғып түсті. Тағы бір мақ­танышымыз, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Елмира Сыздықова да (76 кг) соңғы сайыс­та сүреңсіз өнер көрсетті. Бұл күндері ол ТОП-10-дықты түйіндеп тұр.