Сурет: oimaqnews.kz
Англияда өтетін әлем чемпионатына жүрер алдында Алматы командасының қыздары Түркияға ат басын бұрып, осы елдің қыздарымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Алуа Трабзонда туған талант Бусеназбен спарринг жасап, қарымын бағамдады. Түркия мемлекетіне Олимпиаданың күміс медалін тарту еткен Бусеназдың бұла күшін қалай қайрап, шыңдайтынын көрді. Елге келген соң Ресей боксшыларымен тізе қосып, жаттығуды күшейтті.
– Бұл өзі бір сәтін салған жаттығу жиыны болды, – дейді боксшы қыз. – 2021 жылғы Токио Олимпиадасында Жапония еліне медаль сыйлаған Цукими Намики да осы бірлескен оқу-жаттығу жиынына келді. Олимпия ойындарынан кейінгі ұзақ уақыт үзілістен соң қолғабын қайта киген жапон қызымен де спарринг өткіздім. Ол да осындай дүбірді іздеп келгенін аңдатты. Боксты сағынып-ақ қалыпты, жанарынан жалын ұшқындап, жанығып жүрді. Маған да керегі осындай үздіктермен тартысқа түсу еді. Рингте шартта-шұрт соққы сілтесіп, тартысқа түскеніміз шарболаттай шыңдалуыма септігін тигізді. Содан соң Ливерпульге аттандық.
Әлем чемпионатында Алуа төрт жекпе-жек өткізді. Алдымен Оңтүстік Корея елінің үміті Мун Каенмен жұдырықтасты. Ересектер додасына енді қосылған албырт боксшының тәжірибесі кемшін екенін сезді. Бұл жекпе-жек біріншілік аурасына бой үйретуге тамаша мүмкіндік болды. Күшін сарқа жұмсамай, қарсыласын өзінің стиліне қарай икемдеп алды да, үш раундтан да еркін өтті.
– Екінші жекпе-жегімде тайпейлік И Сюань Гуоның қарымын байқап көрдім. Бұл қыз менен жасы кіші, әлемдік додалардың дәмін енді-енді татып, әлі сөлін ала қоймаған боксшы. Десе де, екіленіп келіп, андағайлап ұмтылады. Жастық максимализмнің екпінімен өршеленеді. Ашық ұрысқа ден қойып, баса-көктей төпелей берудің жөні жоқ. Тактикалық жоспарға сай шабуылды шабуылмен тойтарып отырдым. Әсілінде Таиланд, Тайпей боксшыларының жұдырықтасу мәнері өзгеше. Бойы аласа, қолы қысқа болғандықтан да, бұғына жүріп қарсыласын жақыннан төпелеуге ұмтылады. Қолды-аяққа тұрмайды, шапшаң қимылдайды, – дейді А.Балқыбекова.
Бұл жекпе-жек те Алуаның жоспарына сай өрбіді. Шабуылға ұмтылған Сюаньның соққыларын дарытпай, тиісінше өзінің жұдырығы оған дөп тиіп, ұпай басымдығымен айқын жеңді.
Жартылай финалда қытайлық Ци Синьюді сүріндірді. Қытай қызының физикалық күш-қайраты әлем чемпионатын тамашалаушы көрерменді таңдай қақтырды. Ол іріктеу кезеңінде алдымен ағылшын боксшысын ығыстырды, ширек финалда әлем чемпионатының қола медаль иегері испандық Лаура Фернандесті жүлдеден қақты. Дегенмен де Алуаның алдында тізгін тартты.
Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жегі. Жеңсе жаһанның екі дүркін чемпионы атанады. Қарсыласы да оңай емес. Бусеназ Шәкіроғлы – Олимпиаданың финалдық додасына екі рет жеткен спортшы. 2021 жылы Токио Олимпиаданың финалында болгар қызы Стойка Крыстеваға есе жіберді. Былтыр Париждегі Олимпия ойындарының соңғы сайысында қытайлық У Юйден жеңілді. 2022 жылы әлем чемпионы атанды. Түркияда қыздар боксының даңқын асырып тұрған саңлақ. Бұған дейін Бусеназ бен Алуаның жолдары ресми сайыстарда түйіскен жоқ. Осы көктемде Сербияда әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Шәкіроғлы 52 кг салмақта жұдырықтасып, финалда солтүстіккореялық Пан Чхоль Миден аса алмады. Екі дарын Ливерпуль рингінде 51 кг салмақтың әлем чемпионы атағы үшін айқасқа шықты.
– Түрік қызы көбіне шабуылды өзі бастамай қарсыласының соққысын соққымен тойтарып отырады үнемі. Бұрын бұл боксшы 51 кг салмақта жұдырықтасу үшін сайыс алдында әрдайым кемінде 4-5 кг салмағын төмендететін. Спортшыға ол оңай шаруа емес. Қалжырап, қажыр-қайраты кемиді, белсенділігі де төмендейді. Мұның барлығын Түркия елінде өткен жаттығу кезінде қаперіме мықтап тоқыдым. Финалдық сайыста жеке бапкерім Долкунжан Камеков пен ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалиннің тактикалық жоспарына сай қимылдап, жүктемені тыңғылықты орындадым, – дейді Алуа.
Нәтижесінде, айқын жеңіс, бес төреші де бірауыздан қазақ қызының басымдығына ұпай жазды. Екі дүркін әлем чемпионы атанған Алуа елге оралған соң әкесі Серікке жеңіл көлік тарту етті. Асқар тау тірегі, отбасының қамқорына деген құрметін осылайша білдірді. Бірер жыл бұрын анасы Сара Исақованың сырқатын емдету мақсатында Алуаның отбасы Алматыға қоныс аударған-ды.
– 2021 жылы Тараз қаласынан көштік те, әкем тұрақты жұмысынан қол үзді. Алматыға келген соң ипотекаға баспана рәсімдеген едік. Өзге де несиенің төлемдері алқымнан алып, «бөрі арығын білдірмес» деп жүріп жаттық. 2022 жылы әлем чемпионатын Түркияның Ыстанбұл қаласы қабылдады. Түркияға әлем чемпионатына жүрерде әкем өзінің көлігін сатып, қарыздың біраз сомасын төледі, «шетелге барғанда қысылып қалма» деп маған да қомақты ақша ұстатып, шығарып салды. Ұлттық құраманың мүшесі болған соң, барлық қажетімізді бокс федерациясы қамтамасыз етеді. Десе де, сыртта жүргенде көңілі түспесін деген әкемнің қамқорлығына елжіреп, өзіме іштей серт бердім. Жаңа көлік тарту етемін деп мықтап бекіндім. Сол жылы финалдық айқаста сүрініп, күміс жүлдегер атандым. Оған да қомақты сыйақы берілді. Бірақ әкем өзіне көлік алудан бұрын пәтеріміздің ипотекасын, өзге қаржылық мәселені шешуді жөн деп тапты. 2023 жыл да жеміссіз болған жоқ. Үндістанда өткен жаһан додасынан қола медаль бұйырды. Федерация тарапынан тарту етілген сыйақымызды да кем-кетігімізді түгендеуге жұмсап, «әкеме көлік сыйлаймын» деген мақсатымды кейінге ысырдым. Сол енді жүзеге асты, – дейді әлем чемпионы.
Алуаның жекпе-жек спортына қызығушылығы бала күнінен оянды. Дегенмен анасы қызын әуелі би үйірмесіне жаздырып, өнерге баулығысы келді. Бірақ өнер бұл қыздың саласы емес екен. Жеткіншек шағынан спортқа ынтызар қызын әкесі алдымен айкидоға алып барады. Алуаны бұл орта да қызықтыра алмады. Ақыры әкесіне өзінің жекпе-жек спортынан сайыстарға қатысып, шеберлігін сынағысы келетінін ашып айтты. Әкесі алдымен кикбоксинг үйірмесіне жаздырды. Алайда Алуа көп өтпей олимпиада бағдарламасындағы спорт түрі боксқа ойысты. Әке арманы ақталды. Сәкеннің боксшы қызы алғашқы жылдардан-ақ жүлде олжалап, жұрт назарына түсті. Жеке бапкері Мейірбек Кеңгілбаевтың сенімін ақтап, әуелі жасөпірімдер арасында, кейін жастар қатарына өткенде де мерейі үстем болды.
Әулиеата топырағынан Алатау бөктеріне қоныс аударғанда М.Кеңгілбаев Алуаны білікті бапкер Долкунжан Камековке аманаттады. Үш дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай сынды саңлақтарды баптап, үздіктерді түлетіп жүрген жаттықтырушы тараздық талантты да қанатының астына алды. Білгір бапкердің көрігінде шыңдалған Алуа Сәкенқызы биыл алты айдың ішінде әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. 2022 жылы күміс, 2023 жылы қола жүлде олжалады. Азияның үздігі атанды. Оның ендігі межесі – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының асқарына ат байлау. Бұл сапарда арқалар аманат та ауыр екенін сезінеді. Өзінің салмағында бәсекелестік әлемде ғана емес, ел ішінде де қайнап тұр. Жастар қылаң беріп ұлттық құрамадан орын сұрайды. Қатарластарының да қарқыны от бүркеді. Жаттығу залына бағыт алған қыздың бар ойлайтыны – Олимпиада алтыны.