 
                                        Қоғам мен мемлекет қауіпсіздігі маңызды
Палата отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралды. Талқылау кезінде аталып өткендей, келісімдерді ратификациялау Қазақстан немесе Марокко аумағында сот төрелігінен жасырынған адамдарды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуге, екі ел азаматтарының құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаны толықтыруға, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Марокко Корольдігінің құқық қорғау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуды көздейді. Бұл келісімдер қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімнің ережелері ұстап және сотталған адамдарды берудің шарттары мен рәсімдерін реттейді. Сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайды. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар заң еліміз бен Марокко Корольдігінің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін екі елдің аумақтарында анықталған адамдарды экстрадициялау мәселелерін де қарастырады.
«Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның нормаларына сәйкес, сотталған адамда Үкім шығарушы мемлекеттің азаматтығы болса, сондай-ақ тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес үкімнің күші жойылса, онда сотталған адамды беруден бас тартылады. Бұған қоса келісімде рақымшылық немесе кешірім жасау актісін қолдануға қатысты нормалар мен үшінші тарап берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзит мәселелері қарастырылған. Алайда «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын ұстап беруі көзделмеген.
Ал «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда құзыретті органдар арасында дәлелдемелер мен мәліметтерді уақтылы алмасуын қамтамасыз ететін нормалар жазылған. Бұл құжат қылмыстық істерді тергеудің жеделдігін арттырмақ.
Аграрлық салада маман тапшы
Сенатор Ернұр Әйткенов аграрлық саладағы кадр тапшылығы мен маман даярлау сапасының төмен екенін Үкімет назарына салды. Депутаттың мәлімдеуінше, қазір ауыл шаруашылығына шамамен 6,5 мың маман қажет, оның жартысынан көбі жоғары білікті болуы керек. Мәселен, фермерлік шаруашылық қызметкерлерінің 28 пайызының ғана салалық білімі бар. Агроном, ветеринар, агроинженер секілді өнімді қайта өңдеу мамандары жетіспейді. Жастардың ауылдан кетуі, жалақының төмендігі және мансап бойынша өсу мүмкіндігінің жоқтығы жағдайды қиындата түскен.
– Тіпті даярлығы бар жас мамандардың өзі инфрақұрылымы дамымаған, тұрғын үйі тапшы, қызметінде өсу мүмкіндігі шектеулі ауылдарда қалудан бас тартып жатыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы тиімді, бірақ оны одан әрі жетілдіру қажет. 2024 жылы әрбір үшінші маман ғана жеңілдікті тұрғын үй несиесін пайдалана алды, ал бағдарламаны қаржыландыру көлемі шамамен үштен біріне қысқарды. Мамандарды ауылда ұстап қаламыз десек, тұрғын үй мен әлеуметтік қолдауды арттыру керек, – деді Е.Әйткенов.
Сенатор жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламалары цифрландыру мен инновацияның заманауи талабына сәйкес келмейтінін, ғылым, білім, өндіріс арасындағы байланыс әлсіз болып отырғанын жеткізді.
– Аграрлық нарықта кадр қажеттілігіне кешенді мониторинг жүргізіп, осы негізде білім беру бағдарламаларын жаңартуды ұсынамыз. Цифрлық технологияны енгізіп, автоматтандыру мен инновацияға ерекше назар аудару қажет. Дуалды оқытуды дамытып, мамандарды көптеп тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибеден өткізу қажет, – деді сенатор.
Ауаны ластап отырған өнеркәсіптер
Ольга Булавкина өнеркәсіп орындарының қызметіндегі бұзушылықтарды жедел анықтай алмай отырғанымызды айтты. Ал олар болса ауаны ластап, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
– Ауаның ластануы ауру мен өлім қаупін арттырып отырғаны жасырын емес. Қалаларда шоғырланған өнеркәсіптік кәсіпорындар қолайсыз метеожағдайға ұшыратып отыр, тіпті көк аспанымыздан түтін кетпейтін жағдайға жеттік. Бұл тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың өсуіне тікелей әсер етеді. Мұны ДДҰ мен Денсаулық сақтау министрлігінің деректері растап отыр, – деді О.Булавкина.
Сенатор ауаны парниктік газдармен улап отырған өндіріс орындарымен күресуге заңнамадағы олқылықтар кедергі келтіретінін айтты. Мұның бәрі экологиялық заң бұзушылықтарды анықтап, бақылауға алып, жазалауға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан осы мәселеге қатысты заңды қайта қарау қажет.
– Мәселен, Кәсіпкерлік кодексінің 146-бабының 3-тармағы іс жүзінде жұмыс істемейді. Заң талабы бұзылған сәтте олардың жолын кесу қажеттілігіне байланысты жеке әрі заңды тұлғалардың өтініштері негізінде өнеркәсіп және өзге де кәсіпорындарда жоспардан тыс тексерулерді негіздеу іс жүзінде мүмкін емес, – деді сенатор.
«Диктант жазу, көркем жазу жоқ»
Сенатор Руслан Рүстемов қазақ тілін оқыту жүйесіндегі олқылықтарға наразылық білдірді.
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп пайымдайды. Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ, – деді Р.Рүстемов.
Сенатор сондай-ақ қазақ тілі оқулықтарында нақты ғылыми жүйенің жоқтығын сынады. Оның айтуынша, мектептегі тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» сияқты бөлімдері оқушылардың жасын ескере отырып және жүйені бұзбай, қарапайымнан күрделіге қарай оқытылуға тиіс.
– Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. «Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз қалауынша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек, – деді сенатор.
Р.Рүстемов Үкіметке «Қазақ тілі» пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жоюды ұсынды.
Қажетті жобаларды қаржыландырмай отыр
Депутат Ләззат Рысбекова қолдау көрсетілген жобалардың салалық және өңірлік құрылымындағы диспропорциясы үшін Қазақстан Даму банкінің акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның қызметін сынға алды. Депутат ҚДБ серпінді жобаларды қаржыландырып отырғанын атап өтті. Алайда бүгінгі таңда көзделген міндеттер мен қолдаудың нақты бағыттары арасында айырмашылық байқалады. Мәселен, 2024 жылы банк 58 жобаны 1,4 трлн теңгеге, ал осы жылдың 8 айында тағы 48 жобаны 1,2 трлн теңгеге қаржыландырды. Бұл ретте 17 серпінді ірі жобадан тек біреуі – автомобиль шығаратын «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытына ғана қаржы құйылған.
– ҚДБ жобаларды іріктеу кезінде стандартты банк рәсімі бойынша қарыз алушыларды несие қаржысын қайтару тұрғысынан ғана қарайды, олардың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамуға әсерін, оның ішінде жалпыұлттық пайданы да, өңдеу өнеркәсібін де есепке алмайды, бағаламайды. Банктің акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ түпкілікті нәтижені назардан тыс қалдырып отыр. Қолдау тапқан жобаларда салалық және өңірлік құрылымды қаржыландырудағы алшақтық көп, – деді Л.Рысбекова.
Сенатор қонақүйлер салу және т.б. сияқты кішігірім жобаларды қоя тұрып, ресурстарды стратегиялық бағыттарды қаржыландыруға бағыттау қажеттігін айтты.
Кеден қызметі дербес болуы керек
Амангелді Нұғманов бұрын мемлекеттік бюджет кірісінің үштен бірін қамтамасыз еткен Кеден қызметін жеке құрылым ретінде қалпына келтіру қажеттігін айтты.
Еске салсақ, 2014 жылға дейін еліміздің кеден қызметі дербес кәсіби орган ретінде жұмыс істеді. Алайда сенатордың айтуынша, Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамына енгізілгеннен кейін институционалдық тәуелсіздігі жоғалып, сыртқы экономикалық қызметті бақылау әлсіреді.
Депутат Парламенттің екі палатасының бірнеше рет жасаған үндеуіне қарамастан, кеден органының дербестігін қалпына келтіру мәселесі әлі сол күйінде қалып отырғанын айтып, Үкімет назарын аударды.
Сенатор Премьер-министрге осы мәселені жеке бақылауға алып, оған мемлекеттік маңызы бар мәртебе беру керектігін жеткізді.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                